Экономика

Ауданда суармалы алқаптар қалпына келтірілуде

Ауданда суармалы алқаптар қалпына келтірілуде

Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Мойынқұм ауданында барлығы 1262 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Міне, солардың есебінен 295,6 миллион теңге салық түсімі қазына қоржынын молайтыпты. Есепті кезеңде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы сомасы 3,8 миллиард теңге көлемінде қалыптасып, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,7 пайызға артқан. Сондай-ақ негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 16 миллиард теңгені құрапты. Яғни былтырға қарағанда 2 есеге көбейіп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев ауданның 2019 жылдың 9 айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты осылай деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол биыл жалпы ұзындығы 69,3 километр 9 тоғанды механикалық тазалауға аудандық бюджеттен 70 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, жоспарлы жұмыстар дер мезгілінде аяқталғанын, 5074 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, егістік көлемі былтырғыға қарағанда 1290 гектарға ұлғайғанын атап өтті. – Жалпы ауданымыз облыс аумағының 40 пайызын алып жатыр. Жері байдың елі де бай болуға тиіс. Осы ретте мұнда ауыл шаруашылығы саласының дамуы күн тәртібінен түскен емес. Рас, дәл жанымыздан Шу өзені ағып өтетініне қарамастан, ағын су тапшылығы орын алып келді. Басшылыққа келгенімде барлық жұмысты осы салаға басымдық беруден бастадым. Бұрын ауданда 10-12 мың гектар суармалы жер болған. Олар бертінде жайылымдық жерге айналып кетті. Шеңгел басып, игерусіз қалған осындай аумақтардың денін кері қайтарып алып, тегістеу, өңдеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде, игерілген жерлерге шаруалар жүгері егіп, бүгінде собық қайырып, қамбасын дәнге толтырып отыр. Олардың масақты және шашақты дақылдар өнімдерін кептіріп, суырып, тазалап алуы үшін шұрық-тесік асфальт жабындылары ғана қалған механикалық қырмандарды да қайта қалпына келтірдік. Жермен жұмыс істеуге мүмкіндік көзі молайды. Біз ешқандай да жаңалық ашып отырған жоқпыз, тек бұрын ел игілігін көрген суару жүйелері мен егістік алқаптарын қайта қалпына келтіру арқылы көптен бері қордаланып қалған мәселелердің оң шешімін табуына септестік. Бар-жоғы осы. Қазір жұмыс іздеп Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына кеткен жастар біртіндеп туған ауылдарына оралуда. Жалпы, сала ісін жүйелеп, жолға қойдық десек де болады. Мал басы да көбейтілуде. Ауданда 176 473 бас қой-ешкі бар. Олардың саны биылғы жылдың өзінде 3 мың басқа (6 отарға) артты. Ал «Мойынқұм Агро» және «Агрофирма Түрікпен» ЖШС-ларының қоралары 2069 мүйізді ірі қара малымен толықты. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында өңірімізде жүзеге асырыла бастаған облыс әкімінің ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобасы ел игілігі еселенуіне септесуде. Бұл тұрғыда кез келген тұрғынның 2,5 пайыздық жылдық өсіммен несие алуына мүмкіндігі бар. Өңірімізде бұрын-соңды мұндай ауқымды жобаның жүзеге асырылғанын көрген де, естіген де емеспін. Пилоттық округ ретінде белгіленген Айдарлы ауылындағы жеке қосалқы шаруашылық иелерінің 318-і – 90 пайызға жуығы жобаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Осы округ аумағында айран, сүт, сүзбе өнімдерін шығаратын қайта өңдеу цехын ашу көзделуде. Мұндай өнімдер бұрын сырттан әкелінетін. Енді өзімізде дайындау есебінен олардың өзіндік құны да едәуір арзандай түспек, – деді Мәден Тоқтарбайұлы. Алдағы уақытта егін шаруашылығы бойынша 26 километр 4 тоғанды механикалық тазалаудан өткізіп, 11 гидроқондырғының құрылысын жүргізіп, осы жұмыстардың негізінде аудан бойынша суармалы егістік алқабын 920 гектарға арттыру жоспарлануда. Аудандағы 16 ауылдық округ құрамында 24 елді мекен бар. Барлық ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық төлқұжаттары мен экономикалық базасы толығымен дайындалған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тірек елді мекен санатына Мойынқұм, Жамбыл, Шығанақ, Айдарлы, Бірлік, ал спутниктік елді мекен санатына Биназар ауылдары енгізіліпті. Аталған елді мекендерде тұратындар 20511 адамды немесе аудан халқының 63,1 пайызын құрайды екен. Олардың өңірлік стандартқа сәйкестігін зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бұл елді мекендерде тиісінше тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны, учаскелік полиция пункті, спорт залы, өртке қарсы қауіпсіздік тірегі, автобекет стансасы, Мәдениет үйі секілді қажетті нысандар салу қажеттігі анықталған. Міне, бұл – таяу жылдарда облыс пен аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылдардың келбет-айшығы артып, жағдайы жақсара түседі деген сөз. М.Мұсаев әлеуметтік, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, тағы да басқа салаларда, сондай-ақ түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталып өтті. Бұдан әрі сұрақ-жауап түрінде пікір алмасылды.

 

Баймаханбет АХМЕТ