Табиғат тағы да жүлдемен оралды
Табиғат тағы да жүлдемен оралды
Атырау қаласында қазақ әдебиетінің алыбы, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай, «Алаштың айбоз Әбіші» атты республикалық ақындар мүшәйрасы өткен болатын. Алты Алаштың адуынды ақындары бақ сынаған осы мүшәйраға әріптесіміз, «Aq jol» газетінің бөлім редакторы Табиғат Абаилдаев Ә.Кекілбайұлының рухына арналған «Альциона» және еркін тақырыптағы «Миллениум» атты өлеңдерімен қатысқан еді. Бұл мүшәйраға еліміздің әр қиырынан 18-45 жас аралығындағы 180 ақын қатысып, олардың 8-і ғана жүлдеге ілікті. «Сен тұр, мен атайын» ақындардың ішінен сегіздікке ілігу кім-кімге де оңай соқпағаны анық. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, қазақтың адуынды ақындары Серік Ақсұңқарұлы, Светқали Нұржанов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Гүлнар Салықбайдың болуы мүшәйраның салмағын жоғарылата түсті. Мүшәйра қорытындысы бойынша әріптесіміз Табиғат Абаилдаев жүлделі екінші орынға (400 мың теңге ақшалай сыйлық) ие болды. Тағы бір жерлесіміз Ерлан Жүніс те жүлделі екінші орыннан көрінді. Табиғат бұған дейін Қарағанды қаласында өткен «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты Қасым Аманжоловқа арналған жыр аламанында да екінші орын алған еді. Әріптесімізді Атыраудан олжалап қайтқан жүлдесімен құттықтап, деніне саулық тілейміз. Алдағы әдеби бәйгелерде де жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектеспіз.
Есет ДОСАЛЫ