- Advertisement -

«Мен үшін ең қымбаты – уақыт»

118

- Advertisement -

Көргенін қаз-қалпында қағаз бетіне түсіріп, жан беру – Жаратқанның пендесіне берген үлкен таланты. Бірақ оны да үнемі шыңдап, жетілдірмесе, іште тұншығып қала берері анық. Біздің кейіпкеріміз де бала күнінде өзі құралпы балғындар секілді қағаз шимайлап, сурет салуға құмар болды. Мектепте де бейнелеу сабағын жақсы көретін. Соған қарап сыныптастары оны «художник» дейтін. Ол соған жігерлене
түсетін. Қатар-құрбыларының сол сенімін ақтауға тырысатын.

Қызының осы талабын байқаған анасы да оны 4-класқа көшкенде көркемсурет мектебіне оқуға беріпті. 4 жылда шеберлігін шыңдаған ол түрлі байқауларға қатысып, мектепте қабырға газеттерін де шығаратын деңгейге жетеді. Талантты оқушыға мұғалімдері де қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береді. Оған бұл дарынын әрі қарай ұштау керектігін айтып, жалғастыруға ақыл қосады. Сөйтіп, жас түлек Алматы қаласындағы көркемсурет училищесіне түсіп, оны 1988 жылы тәмамдап шығады. Сол кезде Алматыда байқау ұйымдастырылып, одан Санкт-Петербургке жолдама ұтып алады. Бірақ дәм-тұз бұйырмағаннан шығар, суретші қайтадан өзінің туған өлкесіне оралып, еңбек жолын облыстық орыс драма театрынан бастайды.
Талантты суретшіге тапсырыс та, сұраныс та көбейеді. Сөйтіп жас маман мектепте, телевидениеде, облыстық қазақ драма театрында қатар жұмыс істейді. Бұдан бөлек қолөнер туындыларын жасауға ықыласпен кіріседі. Оның кескінделген қай туындысын я киізден жасалған дүниесін алып қарасаңыз да, жан бітіп сөйлей жөнелетіндей. Бұл алтын қолды шебер кім дейсіздер ме, ол – облыстық қазақ және орыс драма театрларының суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, декоратор, живописші, сценограф, пескограф Рахат Сапаралиева.
Суретші – қызметінде абыройлы, ортасына сыйлы, айрандай ұйыған отбасының берекесі. Оның суретті жанына серік еткені соншалық, қажетті құрал-саймандарды сатып аларда ақшасына да мән бермей, үйіне керек нәрселері қалып қояды екен. Өз жұмысынан рахат алатын Рахат – дарынымен көпті мойындатып үлгерген қылқалам шебері. Мәселен, Астана қаласындағы V Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, 2006 жылы Жамбыл облысы әкімінің шығармашыл жастар стипендиаты болған. 2013 жылы мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізілген «Тараз Тарланы – 2013» байқауында суретшілер сыйлығын иеленген. 2016 жылы Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін алған, «Еңлікгүл – 2016» конкурсында «Жылдың театр суретшісі» де атанған.
Өзіндік стилімен, ерекшелігімен, көркемдігімен және жан-жақтылығымен дараланған тынымсыз еңбек иесі үшін ең қымбат нәрсе – уақыт. Сондықтан ол әрбір сәтті тиімді пайдалануға тырысады.
Бүгінде елуді еңсерсе де, жаңашылдыққа жаны құмар қылқаламшы құммен де сурет салып жүр. Майлы бояуға «жан бітірген» шебер енді жаңадан пайда болған жасанды бумен ауада иллюстрация жасау өнеріне қызығушылық танытып жүргенін жасырмайды. Тың технологияға түрен салып, тәжірибе жасаудан жалықпайтын Рахат Хайруллақызының жеке көрмесінің адамды жалықтырмайтыны да содан болса керек. Ол жерден бәрін табуға болады. Кенепке майлы бояумен салынған эпикалық көркемдік, акрил, гуашь және акварельді кескіндемелер, батик, портреттер мен абстракция, натюрморттар мен авангард, қала жайлы пейзаждар, сондай-ақ киізден жасалған бұйымдар, қуыршақтар мен естелік кәдесыйлар да кездестіресіз. Әріптестері оның осы ізденгіштігін, жан-жақтылығын жоғары бағалайды.
Ол 2007 жылдан бері облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі, 50-ден астам спектакльдің қоюшы-суретшісі болды. Солардың ішінде республикалық театр фестивальдерінде жүлделі орындардан көрінген қойылымдар да бар. Өнер иесінің сахналық декорациялар мен костюмдер үлгілерін дайындаудағы шығармашылық тәсілдері де оны көпшілікке кеңінен танымал етті. Атап айтсақ, Рахат Хайруллақызы – Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қилы заман» атты тарихи драмалардың сценографиялары мен сахналық костюмдерінің авторы. Сонымен қатар «Отелло», «Тыныштық күзетшісі», «Еңлік-Кебек», «Қазақтар», «Қос жебе» сықылды танымал театр қойылымдарында да өз қолтаңбасы қалған. Үнемі ізденісте жүретін шебер Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көрмеде үздік композициялық шешім үшін марапатталған. Қайырымдылық жасауға да бүйрегі бұрып тұратын ол өңірдегі іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға да қатысудан жалыққан емес.

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support