- Advertisement -

Корей халқының үйлену тойы қалай өтеді?

811

- Advertisement -

Үйлену тойын ерекше етіп атап өтетін халықтардың бірі – корейлер. Оны өңірімізді мекен еткен корей ұлты өкілдерінің тойларына бара қалсаңыз, байқайсыз. Олар салт-дәстүрін берік сақтап, той бергенде өз әдет-ғұрыптары мен жоралғыларын жасап жатады.
Біз бұл дәстүрлерді Жамбыл жеріндегі корей этносы өкілдерінен сұрап, жазып алдық. Оларда неке қию рәсімі ерекше салтанатпен өтеді. Тойдағы қалыңдықтың көйлегі, шаш және бет әрлеулері және күйеу жігіттің ұлттық костюмдері де, салт-жоралғылары да өзгеше. Корей халқында баласы үйленгеннен кейін ғана ата-ана алдындағы перзенттік борышын толық өтеген болып есептеледі. Сөйтіп жас жұбайларды шаңырақ көтерген соң бөлек шығарады. Кейбірі үлкен үйде бірге тұра береді.
Корейлердің бұл дәстүрі қазақтікіне ұқсас. Бізде мәселен, жігіт ер жетіп үйленген соң «Үй ішінен үй тігілді» дейді. Ал бөлек шыққанда «Еншісін бөліп бердік» деп жатады. Жалпы, олардың ата-ана сыйлау, үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсету сынды қасиеттері бізге өте ұқсас.
Чосон әулеті дәуірінде Корей түбегінде неке қию рәсімі ерекше өткізілген екен. Солардың көпшілігі бүгінде ұмытылған. Ал сақталып қалғаны бірен-сараны ғана. Корейлерде ертеде жігітке қалыңдықты оның ата-анасы таңдайтын болған. Ал қызға құда түсіп келгенде қыздың қарсы немесе қарсы еместігін оның ата-анасы айтады екен. Таңдау мен шешім қабылдауға әлеуметтік жағдай мен қыздың тегі мен руының беделі ықпал еткен. Мұндай келісімді «чуньмэ» деп атапты.
Корей жастары шаңырақ көтермес бұрын бір-бірінің ата-тегін тексереді. Олар ата-тектерін «пхой» деп атайды, ол шыққан руды білдіреді. Егер де жас жұбайлардың «пхойы» бірдей болып, ал еш туыстық қарым-қатынастары болмаса, олар бір рудан тараған бір атаның баласы болып есептеледі. Қазіргі таңда бір-бірін сүйген жандар той жасамас бұрын ата-анасының алдынан өтеді. Ата-анасы қарсылық білдірмей, рұқсат берсе, той жасауға кіріседі. Олар тойға екі адамның қосылуы ғана емес, екі жанұяның, екі жақтың бірігуі деп қарайды. Құдалықтың алғашқы сатысы «хонсимари», яғни келісім. Кейбір деректерінде бұл рәсім атауы «хэрок» немесе «хонсе мар» деп аталған.
Хонсимариде күйеу жігіттің әкесі мен үлкен ағалары қыздың ата-анасына келіп, рұқсат сұрайды. Келісімге өздерімен бірге әртүрлі тағамдар мен ішімдіктер әкеледі. Сондай-ақ қалыңдыққа алтын бұйымдар сыйлайды. Егер қыздың ата-анасы келісімді мақұлдаса, келесі саты «ченчи» күні белгіленеді.
«Ченчи» – бұл құдалық салтының ресми күні. Құдалыққа екі жақтың ең жақын туыстары жиналады. Олар бұл күнді үлкен дастархан басында ерекше атап өтеді. Дастархандағы барлық тағамдарды күйеу жігіт жағы әкеледі. Сондай-ақ қалыңдықтың ата-анасы мен жақын туыстарына сый-кәделер тартылады. Бұл салт үлкен шығынды талап ететіндіктен, уақыт өте келе ченчи мен хонсимари салттарын біріктіріп жіберген. Хонсимари салтынан кейін жігіт пен қыз күйеу жігіт пен қалыңдық болып саналса, ченчиден кейін олар жас жұбайлар болып есептелген.
Ченчи – кішігірім той. Бұл күні үлкен тойдың уақыты белгіленіп, тойға шақырылатын қонақтардың тізімі мақұлданады. Шаңырақ көтергелі жатқан жас жұбайлар тойдың болатын күніне аса мән береді. 366 күнге толатын кібісе жылдары той сирек жасалады. Әдетте, тойды сенбі мен жексенбі күндері, түстен кейін өткізеді. Бұрын той күні мен неке қию уақытын белгілеу үшін олар балгерлерге де жүгінетін. Қазіргі таңда бұл дәстүр бірте-бірте ұмытылып келеді.
Той күні жігіттің үйінде үлкен дастархан жайылады. Ол жақын туысқандары мен достарының ортасында болып, тәлім-тәрбие беріп, тойды ұйымдастыруға көмектескені үшін тізерлеп отырып, қолын қойып, иіліп, ата-анасына алғыс білдіруі керек. Содан кейін күйеу жігіт айттырушылармен бірге қалыңдықтың үйіне барады. Айттырушыларды «уси» деп атайды. Айттырушылардың қатарында күйеу жігіттің достары және рулас туыстары болуы тиіс және олардың саны міндетті түрде тақ сан шығуы қажет.
Айттыруда күйеу жігіттен қалыңдық үшін қалыңмал беруі талап етіледі. Қыздың ата-анасы жас жұбайларға батасын берген соң, оның жасауы көлікке тиеледі. Бірақ күйеу жігіт жасауға қол тигізбеу керек. Әдетте, жасаудың ішіне тұрмысқа қажетті бұйымдар мен ыдыс-аяқтар, жігіт жаққа тартылатын сый-кәделер, отбасылық өмірдің алғашқы кезеңдеріне қажетті дүниелер болады. Жасауға міндетті түрде қыздың айнасы салынады. Айна сынық не қисық болмауы тиіс. Қыз өз үйінен кетпес бұрын, ата-анасына иіліп, алғысын білдіреді. Онымен бірге туыстары мен құрбылары еріп шығады. Олардың саны күйеу жігіттің айттырушыларының санынан екі кісіге көп болуы қажет.
Осы рәсімдерде қалыңдық пен күйеу жігіт жібек матадан тоқылған, ұлттық ою-өрнектерімен көмекерілген киім киетін болған. Бұл көрініс корей елінің патшалық жылдарындағы қандай да бір бекзаттықтың белгісін білдіретін. Бұл дәстүр қазіргі кезде заманауи күйге еніп келеді. Бүгінде корей жастары да қара костюм шалбар мен ақ көйлек киеді.

Назерке ОҢҒАР,
облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесі баспасөз орталығының маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support