Ең маңызды құжат
Ең маңызды құжат
Конституция еліміздегі тәуелсіз, экономикасы дамыған, әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасқан мемлекет құру сияқты үлкен мақсатқа деген бағыт-бағдарды регламенттейтін негізгі құжат болып саналады. Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов Ата Заңымыздың жасалуына бастапқыда Мемлекет басшысы ұйытқы болғандығын атап көрсетті. «Нұрсұлтан Назарбаев сол бір қиын-қыстау кезеңде миллиондаған қазақстандықты жұмылдырды. Конституцияның негізгі баптарына, идеяларына бастамашы болды», – деп ой бөлісті Игорь Рогов. Оның айтуынша, қолданыстағы Ата Заңымыз әлемдік қоғамдастық мойындаған жалпы адамзаттық және айрықша маңызды қазақстандық идеалдардың бірлігіне негізделген. «Конституция Қазақстан Республикасының толық легитимділігін, адам мен оның өмірін, құқығы мен еркіндігін ең жоғары құндылық деп танитын демократиялық зайырлы әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде бекітілуін қамтамасыз етудің негізі, ұстыны болып табылады», – деп түйіндеді сөзін Конституциялық Кеңестің төрағасы.
Шынар Әлібекқызы.