Экономика

Шалғай мекендер де шағын индустрияландырудан шет қалмайды

Шалғай мекендер де шағын индустрияландырудан шет қалмайды

Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауынан туындайтын басты міндеттердің бірі – мемлекеттік қызметті автоматтандыру екені баршаға мәлім. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің үстіміздегі жылдың 25 сәуіріндегі тапсырмасына сәйкес өңірімізде цифрландырудың жол картасы аясында басқармалардың үнемделген қаражаттары есебінен 45 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарланған. Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін жыл соңына дейін 16 мемлекеттік қызмет автоматтандырылуы тиіс. Олардың 4-еуі білім беру, 2-еуі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, 6-ауы спорт, 3-еуі дін, 1-еуі экономика басқармаларына тиесілі. Биыл мұндай шарамен барлығы 33 мемлекеттік қызмет қамтылып, жоспар 81,5 пайызға орындалады деп күтілуде. Оның ар жағында 100 пайыздық межеге жетудің де ауылы алыс емес. Жалпы, өңірімізде тұрғындардың 80 пайызының цифрландыруға байланысты сауаттылығын арттыру міндеті алға қойылып отыр. Бұл тұрғыда 2020 жылдың соңына дейін 119 ауылдық елді мекен талшықты-оптикалық байланыс технологиялары бойынша кең жолақты ғаламтор желісімен қамтылуға тиіс. Айта кету керек, 2018-2019 жылдары мұндай байланыс түрі облысымыздағы 47 елді мекен үшін қолжетімді бола түсті. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 94 бірлікке жеткізіліп, жоспардың нақтылы орындалуы 79 пайызды құрайтын болады. Биыл сондай-ақ бірқатар цифрландыру жобалары жүзеге асырылады. Солардың қатарында Тараз қаласындағы коммуналдық төлемдерді бірыңғай есептеу орталығы да бар. Бұл нысан жақын күндері ел игілігіне де берілгелі отыр. Соның нәтижесінде авариялық жедел жәрдем, су, газ, домофон, басқа да қызмет түрлері «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру» орталығы бастамасымен бірыңғай қызмет түрлеріне айналатын болады. Тараз қаласындағы көп қабатты 315 үйді «Е-Шаңырақ» жүйесіне қосу, коммуналдық төлемдердің бірыңғай жүйесін, қоғамдық жолаушылар көліктеріне электронды билеттендіруді енгізу, облыстық ішкі істер департаментінде бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметті үйлестіру, өңірлік геоинфо жүйесін қалыптастыру секілді биыл жүзеге асырылатын жобалардың мәні мен маңызы тұрғындар арасында егжей-тегжейлі түсіндірілуде. Аталмыш іс-шаралармен жоспарға сәйкес 19315 адам қамтылды. Мекемеміз тарапынан ағымдағы жылдың 9 айы ішінде атқарылған жұмыстардың қорытынды нәтижелері де көңіл қуантарлықтай. Оның ішінде есепті кезеңде 18, 9 миллиард теңгенің 10 инвестициялық жобасы (2-еуіне шетелдік инвесторлар тартылған) жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін тағы да 71,5 миллиард теңгенің 4 жобасы (1-еуі шетелдік инвестордың қатысуымен) пайдалануға берілетін болады. Өткен жылы 40,3 миллиард теңгенің 15 жобасы жүзеге асырылған-ды. Ал алдағы бес жыл ішінде өңірімізге тартылатын инвестиция көлемінің орташа жылдық өсу қарқыны 22,7 пайызды құрайды деп болжамдалуда. Мақсат 2025 жылға дейін 1,8 триллион теңге көлемінде инвестициялық қаржыға қол жеткізу. Міне, осыған байланысты инвестициялық стратегиялық мақсаттарын әзірлеу үшін аудандарды паспорттау да басты мәселенің бірі. Қазірдің өзінде Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарында қайта өңдеу, егін және мал шаруашылығы салалары бойынша инвестициялық жобалар әзірленді. Қалған аудандар басшылары да бұл тұрғыдағы жұмыстарын жандандыруы тиіс. Бүгінде облыста «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өңір басшысының бастамасымен тұрғындардың табысы мен тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі қанатқақты жоба жүзеге асырылып жатқаны баршаға мәлім. Осыған байланысты өңірде тағы бір жоба қолға алынбақ. Ол бойынша өңіріміздің әр аймағынан, әсіресе ауылды жерлерден шағын цехтар салу көзделуде. Бұл орайда аудан, ауылдардан шағын қайта өңдеу кәсіпорындары мен цехтар салып, пайдаланылуы күмәнді, сапасыз өнімдердің сырттан әкелінуінің алдын алу арқылы халықтың денсаулық және тұрмыстық жағдайларын жақсарту, жергілікті жерде азық-түлік өнімдерін өндіруді жүйелендіру, экономикалық әлеуетімізді арттыру мақсаты көзделіп отыр. Таяу жылдарда ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықтарында өндірілетін егін мен мал шаруашылығы өнімдері едәуір арта түспек. Оны ауылдан ұзатпай ұтымды ұқсатып, өңдей білу тиімділікті еселей түсетіні айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты облыста 248 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аудан әкімдеріне олардың 41-ін осы жылдың соңына, ал 207-сін 2020 жылға дейін толықтай қаржыландыру міндеті жүктелген. Жоба аясында облыс көлемінде ашылатын кіші кәсіпорындардың 32-сі көкөніс қалбырлау, 13-і ет-шұжық ыстау, 49-ы кептірілген аскөк, сарымсақ, пияз қоспаларын шығару, 2-еуі ірімшік қайнату, 51-і қой етін қайта өңдеу, 39-ы мақсары майын өндіру, 23-і жүн жуу, 7-еуі жем өндіру, 28-і асқабақ өнімдерін кептіру, 4-еуі көкөністерді сақтау бағыттарында жұмыс істейтін болады. Шағын бизнеске арналған бірқатар типтік жобалар мен дайын бизнес-жоспарлар да бар, олардың жеткізушілері де анықталған. Бұл мақсатқа 4828,1 миллион теңге көлемінде инвестициялық қаржы тартылады, нәтижесінде 1452 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжамдалуда. Жобаны жүзеге асырудың тиімділігі сол, 2021 жылға дейін өңірімізде өнім өндіру көлемі 9,2 миллиард теңгеге, яғни 16,9 пайызға өсетін болады. Алдағы уақытта аталған жоба аясында өңіріміздегі барлық қажеттіліктер мен мүмкіншіліктер зерделеніп, аудандардың ерекшеліктері ескеріле отырып, жинақталған ұсыныстарға талдау-саралау жұмыстары атқарылмақ.

Дамир ЕГІЗБАЕВ, «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» МКК-нің басшысы.