Білім

Шерхантану пәні оқытылуда

Шерхантану пәні оқытылуда

Облыс әкімдігінің қолдауымен осы жаңа оқу жылынан бастап өңір мектептеріндегі сабақ кестесіне шерхантану пәні енгізілді. Ол жоғары сынып оқушыларына сабақ немесе үйірме ретінде оқытылады. Жақында осы пәннен сабақ беретін алпысқа жуық мұғалім Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде бас қосты. Оқу орнының онжылдық тарихы бар «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығында бір апталық «Шерхантану» семинары ұйымдастырылған болатын. Ғылыми-әдістемелік іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, жазушы, драматург, публицистер мен шерхантанушы ғалымдар дәріс оқыды. Семинарда педагогтерге аталған курсты жаңашылдықпен игеріп, оқытуына, кәсіби біліктілігін көтеруіне бағыт-бағдар берілді. Сондай-ақ осы арнайы курс бағдарламасының авторы, филология ғылымдарының кандидаты, «Шерхантану» орталығының директоры Қарагөз Тамабаева пәнді өз бетінше дамыту мәселелері бойынша кеңестер берді. Іс-шара қорытындысында мұғалімдерге семинарға қатысып, аталған бағдарламаны толық меңгергені үшін сертификаттар тапсырылды. Орталық дайындаған оқу құралдары да бар екен. – Бұл семинардың мұғалімдерге берген пайдасы мол. Егер біз келер ұрпақтың бойына ұлттық қасиетті сіңіргіміз келсе, Шерханның шығармаларын оқытуымыз керек. Өйткені заңғар жазушы – сондай ұлтжанды азаматтың қалыптасуына үлкен ықпал жасайтын тұлға, – дейді «Шерхантану» семинарында дәріс оқыған, «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ.

Альмира ОМАРОВА