Пилот тық округтер саны он бір болды
Пилот тық округтер саны он бір болды
Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы – тек бір ғана өңірдің емес, жалпы ел көлеміндегі халықтың еңсесін тіктетіп, ахуалын арттыруға негізделген бірден-бір тетік деуге болады. Ол үшін оның пилоттық режімін жемісті жүзеге асырып, дәлелдеу – облысқа артылған мерейлі міндет әрі үлкен сын болғалы тұр. Облыстық әкімдікте өткен жиында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов осылай деп, тиісті тұлғаларға қанатқақты жобаның жауапкершілігін тағы бір сезіндіре түсті. Басқосуда облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев баяндама жасап, жобаның орындалу барысына жан-жақты тоқталды. Айта кетейік, бүгінде пилоттық округтер саны біреуге артып, он бірді құрады. Бұл орайда жобаның қаражаты мен ұсыныстарына сәйкес, Байзақ ауданындағы Түймекент ауылы таңдалып алынған. Басқарма басшысы қазіргі таңға дейін жоспардағы 1865 аула түгел «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына құжат өткізгенін жеткізді. Оның 1841-і бойынша құжаттары қабылданып, көрсеткіш 78 пайызды құрап отыр. Құжат қабылдау шаралары 23 қарашаға дейін толығымен аяқталмақ. Ал кейіннен қосылған Түймекент ауылдық округі бойынша бұл мерзім 15 желтоқсанға дейін қарастырылады. Асқар Исабекұлы жоба аясында тиімді несиеге қол жеткізіп, тұрмысымды тіктеймін деген барлық ниетті аулалардың назардан тыс қалмай, өтінішін барынша қанағаттандыру керектігіне көңіл бөлді. Бұл орайда кейбір отбасылар үшін туындап отырған кепілдік мәселесі де кедергі болмауын қадап айтып, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуге айрықша назар аудартты. Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасының облыста орындалу барысы қаралды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, жоба аясында облыстың 3 аудан орталығында 108 жоба жүзеге асырылуда. Оған республикалық бюджеттен бөлінген 2,77 миллиард теңге қарастырылыпты. Басқарма басшысы келер жылға жоспарланған шаралармен де бөлісіп, бірқатар өзгерістерге тоқталды. Асқар Исабекұлы бұл орайда жобаға өңірдегі әлеуетті елді мекендерді барынша енгізу тетіктерін қарастыруды тапсырып, ол бойынша құзырлы органдарға ұсыныс әзірлеуді міндеттеді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.