Жамбыл жеріндегі жарқын істер
Жамбыл жеріндегі жарқын істер
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Облыс тәжірибесін басқа өңірлерге тарату керек» деді
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформалар табысты болуы үшін билік өкілдері осы қағидаттан айнымауы тиіс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақсатқа әлі жете қоймағанымызды, жүйені дұрыс қалыптастыруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек екенін ескертті. Мұның барлығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жолындағы маңызды қадамдар. Қазір арқаны кеңге салатын кезең емес. Сондықтан ел Үкіметі Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туған міндеттерді жүзеге асыруға жедел кірісті. Әсіресе әлеуметтік саясатты жаңғырту бағытында ауқымды іс-шаралар жасалуда. Осы бағыттағы жұмыстарды жұртшылыққа жеткізу үшін Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы өңірлерді аралап, жергілікті тұрғындармен жүздесуде.
Тараз тарихы таныла түседі
Жергілікті билікке қойылатын талаптардың негізгісі – азаматтарға өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру екені белгілі. Бұл бағытта Жамбыл жерінде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар бар. Соның бірі – Тараз қаласын тарихи келбетіне сай, қайта жаңғырту. Сол арқылы ішкі туризмді дамытып, экономиканы еселеу. Осы мақсатта әрі облыстың 80 жылдығына орай өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен шаһарда «Шахристан» этномәдени кешенінің құрылыс жұмыстары басталған болатын. Жамбыл жеріндегі жұмыс сапары барысында Вице-Премьер Бердібек Сапарбаевқа құрылысы жүріп жатқан «Шахристан» этномәдени кешенімен танысты. Үкімет басшысының орынбасарына кешендегі жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев баяндады. Бүгінде кешендегі 8 нысанда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 85-90 пайызы, әрлеу-безендіру жұмыстарының 30-35 пайызы аяқталған. Барлығы 500-дей құрылысшы, 30-дан аса техника жұмылдырылған. Әрлеу жұмыстарына Самарқан стиліндегі кірпіштер қолданылып жатқандықтан, Өзбекстаннан арнайы мамандар тартылуда. Құрылыс алаңына инфрақұрылым жүйесі толықтай жүргізілген. Жалпы төрт гектар аумақты құрайтын орталықтағы құрылыс жұмыстары қараша айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Вице-Премьер жасалып жатқан жұмыстарды құптап, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз тарихын таныту жұмыстары Түркістанды дамытумен қатар жүргізілуі керектігін, көне Таразды халықаралық туристік орталыққа айналдырудың маңызын баса айтты.
«Талас құрылтайы: тарих пен тағылым»
Халықаралық Түркі академиясы және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің басшылығы бірлесе ұйымдастырған «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференциясына Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты. Айтулы шараны академияның президенті Дархан Қыдырəлі жүргізіп, Талас құрылтайының тарихи маңызына тоқталды. – Биыл 24 тамызда «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумы кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығын құруды тапсырған еді. Аталған жоспарды жүзеге асыру мақсатында 2020 жылы Алтын Орданың 750 жылдығы атап өтілмекші. Жалпы саны 50-ден астам мерекелік іс-шара ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Соның ішінде отандық және шетелдік ғалымдарды шақырып, халықаралық ғылыми конференция өткізу, Алтын Орданың тарихына арналған монографиялар мен кітаптар шығару, Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін ілгерілету, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, деректі фильм шығару қарастырылуда. Сондай-ақ Жошы хан, Алаша хан кесенесіне ғылыми реставрациялау жұмыстарын жүргізу, Алтын шоқы тауының төбесіндегі Әмір Темір жазуы бар мемориалдық тақтаның аумағын абаттандыру көзделіп отыр. Осы іс-шаралар нәтижесінде еліміздің мәдени мұрасын жаңғырту үшін платформа құрылып, Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын насихаттауды UNESCO мен UNWTO-ның халықаралық бағдарламасына енгізуге алғышарт жасалмақ. Тарихсыз болашақ болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бастаманы көтеріп, талай ғасырлық тарихы бар ел екенімізді әлемге көрсету үшін Үкіметке тапсырма берді. Қазақ ұлтының тарихы тереңде жатыр. Тараз қаласының 2000 жылдық, Түркістан қаласының 1500 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық тарихи тойын атап өттік. Енді тарихи Таразды дамыту керек, – деді Бердібек Сапарбаев. Жиында өңір басшысы Асқар Мырзахметов тарихы терең Тараздың тарихын талайға таныту – маңызды екенін айтты. Қазіргі кезде облыс орталығында қолға алынған ауқымды жұмыстар осындай мақсаттан туындағанын тілге тиек етіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Елді мекендердегі сұраныс екі жылда өтелді
Облысқа келген жұмыс сапарында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына да барды. Онда Бердібек Мәшбекұлы 1900-ге жуық тұрғыны бар Қостөбе ауылдық округінде болып, бір ауысымда 15 келушіге қызмет көрсететін Қостөбе-2 дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысты. Алдыңғы жылы ашылған ғимаратта дәрігерге дейінгі қабылдау, акушер-гинеколог, фильтр және жалпы тәжірибелі дәрігерлердің кабинеттері бар. Мейірбике Айнұр Абдурасулова келер жылы енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша кез келген азаматтың мәртебесін анықтап беріп отыр. «Бүгінде барлық тұрғынның статусы белгілі» дейді ол. Ал ана мен бала денсаулығына байланысты Вице-Премьер қойған сауалға акушер Эльвида Ахмедова қазіргі кезде осы елді мекенде есепте тұрған 25 жүкті келіншектің 11-і қатерлі топқа жататынын айтып, жауап берді. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары жай-күйін таныстырды. Жүйесін тапқан жұмысқа Бердібек Сапарбаев оң бағасын берді.
Пилоттық жобаның тұрғындар үшін пайдасы мол
Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әл-Фараби атындағы Мәдениет үйіне қарасты Қостөбе ауылдық клубында ауыл тұрғындарымен кездесті. Бердібек Машбекұлы республика көлемінде алғаш рет облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған жаңа жобаның қалай іске асырылып жатқанын сұрады. Бүгінде аталмыш жобаның бірінші бағыты – қосалқы шаруашылықты тиімді табыс көзіне айналдыру үшін округтегі 862 аула жерді тиімді пайдаланып, екі айналымда өнім алуға дайын. Ал екінші бағыт бойынша 224 аула жобаға қатысуға ниет білдіріп, жалпы 7 697 төрт түлік мал алу үшін құжаттарын өткізген. Ауылдық округте құрылған «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі барлық саланы қамтып, шаруалардың ісін дөңгелетіп әкетуіне септеспек. Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары жеке қосалқы шаруашылықты дамыту арқылы тиімді табыс көзін қалыптастыруға бағытталған баянды бастаманың маңыздылығын айтып өтті. Бұл жобаның Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан да зор қолдауға ие болып отырғандығын жеткізіп, қостөбеліктерді жұмыла жұмыс жасауға шақырды. – Жобаны жүзеге асыруда ауылдың әр тұрғынының бұл істен шет қалмағаны маңызды. Барлық ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қарастырылған. Әсіресе үй іргесіндегі, ауыл маңындағы жерлерді тиімді пайдалану, техника, мал сатып алу, кооператив құру шаралары жоба аясында шешімін табуда. Бұл орайда әрбір отбасының әлеуметтік картасы болуы керек. Халықтың игілігіне негізделген бұл жоба мемлекет басшысы, Үкімет тарапынан да қолдауға ие болып отыр. Енді тек жұмыс істеу керек, – деді Бердібек Сапарбаев. Кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, ұсыныстар айтты. Талас стансасының тұрғыны, кооператив мүшесі Панзихан Медетбеков, Темірбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхаметжан Садырқұлов және зейнеткер ұстаз, Қостөбе ауылының еңбек ардагері Мария Түлеуғалиева тұрғындарға жасалып жатқан жағдай үшін алғыстарын білдірді.
Облыстағы ең биік ескерткіш
Вице-Премьер Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары барысында «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніндегі жұмыстың жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда жалпы аумағы 20 гектардан асатын кешенде биіктігі 22 метрге жететін Әулиета ескерткішінің тұғыртасы қалануда. Бұл өңірдегі ең биік ескерткіш болмақ. Бүгінде құрылыс басында 100-ге жуық жұмысшы, 10-нан астам техника жұмыс істеп жатыр. Жалпы ескерткіш орналасатын тұғыртастың өзі 8 метр болса, мүсіннің биіктігі – 14 метр. Ескерткіш биік қырдың басында орналасқан. Қырдың етегінде кіре-беріс қақпа, арнайы тамашалау алаңы, ескерткішке көтерілетін баспалдақ болады. Жанында Талас өзені ағып жатыр. Өзеннің үстіндегі көпірдің екі жағында биіктігі 4 метр болатын екі арыстанның мүсіні, баспалдақ бойымен Қарлұқ қағанаты кезінен араб экспансиясына дейінгі қалалар бейнеленетін инсталяция орнатылмақ. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, ескерткіш «Тектұрмас» жобасының бірінші кезеңі бойынша бой көтеруде. Жобаның екінші кезеңінде ескерткіштің сол жақ бөлігіндегі алаңда Атлах шайқасы мен Аңырақай шайқасын бейнелейтін қабырға орнатылмақ. Сондай-ақ өңір басшысы ескерткіштің айналасына Тараздың терең тарихынан сыр шертетін басқа да жобалар жоспарланғанын жеткізді. Бұл жобаларды әрі қарай жетілдірсе, туристер үшін тартымды аймақ болары сөзсіз. Осыны ескерген Б.Сапарбаев оның құрылыс жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне нақты тапсырмалар берді.
Жаңғырған «Жеңіс» саябағы
Бұдан соң Вице-Премьер өткен жылы қайта жаңғыртылған «Жеңіс» саябағына барды. Бүгінде саябақты көркейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, көз тартарлық күйге енген. Жеңіс саябағындағы «Данқ залына» Бердібек Сапарбаев жоғары баға берді. Залдың бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Ондағы 1941, 1942, 1943, 1944-45 жылдарға арналған қабырғаларға қойылған суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдымызға алып келеді. Мәселен 1941 жылға арналған қабырғада «Барборосса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генерал-майор И.Панфиловтың, Б.Момышұлының, Н.Белошевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосуреттер мен 200-ден аса құжаттар қойылған. Ал 1942 жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелерді көруге болады. 1943 жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Онда барлығы 1 миллион 300 сурет қамтылған. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Европаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Жамбылдық майдангерлердің 500-ге жуық медалін іздеген адам осы залдан табады. Ал нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Жамбылдық педагогтармен кездесті
Бұл күні Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жамбылдық педагогтармен де жүздесіп, салаға қатысты бірқатар мәселелерді талқыға салды. Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясында өткен кездесуге облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова қатысты. Вице-министр саладағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. – Қазір еліміздегі барлық мектептің 10-сыныпқа дейінгі оқу бағдарламасы жаңартылған білім беру жүйесіне көшкені белгілі. Мұғалімдердің алдын ала біліктілігін арттыру курстарынан да өткені өздеріңізге мәлім. Білім-білігін арттырған ұстаздардың айлық жалақысы өсетіні де қазір жаңалық емес. Бүгінде білім саласындағы ең өзекті мәселе «Педагогтар мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы болып отыр. Қазір бұл заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр. Тағы бір өзгеріс – биыл педагогтардың біліктілік санатын анықтау тесті ұстаздар қауымының ұсынысына сай электронды форматта өте бастағаны, –деді Шолпан Қанатқызы. Вице-Министр өз сөзінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін бағалаудың жаңа жүйесі, дуалды білім беруді жетілдірудің жай-жапсары туралы да айтып өтті. Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ұстаздарға отандық білім берудегі өзекті мәселелерді шешуге Үкімет тарапынан тиісті жұмыстардың қолға алынғанын айтып, бұл істе бірлесе әрекет етуге шақырды. Ал кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов оқушылардың рухани таным-түсінігін дамытуды арнайы пәнді оқыту арқылы жолға қою ұсынысын жеткізді.
Әлеуметтік саясаттағы басымдық – әлеуметтік қолдау шаралары
Вице-Премьер Бердібек Сапарбаев бастаған топ жұмыс сапары барысында облыстық қазақ драма театрында жамбылдағы түрлі саланың мамандары, қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Бердібек Мәшбекұлы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатында баса мән беріліп отырған басымдықтарға тоқталды. Өз сөзінде бүгінде Тараз қаласының шын мәнісінде күн санап тарихи келбеті айшықталып, жаңғырып келе жатқанын айтып өткен Премьер-Министрдің орынбасары ел Үкіметі алдындағы ауқымды міндеттерді тілге тиек етті. Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартудың бір жолы – медициналық қызметтің қолжетімділігі екені белгілі. Халық денсаулығын сақтауда алғашқы дәрігерлік көмекті тиімді ұйымдастырудың маңызы зор. Бұл ретте Жамбыл өңірі жұмысты жүйелі жүргізіп, республика бойынша алға шығып отыр. Жиында осыны баса айтқан Бердібек Сапарбаев Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа елді мекендерді амбулаториялар және медпункттермен қамтуда өзгеше үлгі көрсетіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін тиімді пайдаланып отырған Жамбыл облысының тәжірибесін өзге өңірлерге таратуды тапсырды. Кездесуде Вице-Премьер келер жылдан бастап енгізуге ұсынылып отырған атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі туралы да айтып өтті. «Шын мұқтаж азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қорғау үшін әрі масылдық пиғылды өршітіп алмау мақсатында Үкімет атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің механизмін өзгертуді ұсынып отыр. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл – аты айтып тұрғандай, атаулы көмек. Жыл бойы төленетін жалақы емес. Ол қолдауға зәру отбасыларға әлеуметтік жағдайын түзеп алсын деп белгілі бір мерзімге тағайындалады. Экономиканы тұрақтандырудың жолы – еңбек», – деген Бердібек Машбекұлы мемлекеттің әлеуметтік саясаттағы басым бағыты – әлеуметтік қолдау шаралары болып қала беретінін тілге тиек етті. Алайда бұл қолдау әділ жүруі керек екенін ескертті. Премьер-Министрдің орынбасары сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мақсатында берілетін арнайы құрылғылармен қамту жүйесін жақсарту үшін арнайы әлеуметтік қызметтер порталы ашылғанын да тілге тиек етті. Жалпы, қосымша құрылғылармен қамтуда, тиісті құрал-жабдықтарға тапсырыс беруде тендер ең тиімді жол емес екенін уақыт әлдеқашан көрсеткен. Соның салдарынан бұған дейін қолдауды қажет ететін азаматтарды керек құрылғымен қамтуда кедергі туындап келгені де жасырын емес. Арнайы портал енді осы түйткілдерден құтылуға мүмкіндік бермек. Осыны баса айтқан Бердібек Сапарбаев жұмыспен қамту, бірыңғай әлеуметтік қор және бірыңғай әлеуметтік төлем туралы да айтып өтті. Вице-Премьердің Жамбыл жұртшылығымен жүздесуі еркін форматта өткенін айта кеткен жөн. Тұрғындар Бердібек Сапарбаевқа көкейде жүрген сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді алға тартты.
Жаңа жүйе медициналық көмектің сапасын жақсартады
Жұмыс сапарының соңында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев өңірдің медицина қызметкерлерімен кездесті. Облыстық балалар ауруханасында өткен жиында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшуге дайындық барысы талқыланды. Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашқан соң, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтарын атап көрсетті. – Бұл, біріншіден, медициналық шығынды азайтады. Екіншіден, қымбат оталар мен диагностика және емдеуге кететін шығынды өтейді. Үшіншіден, медициналық көмектің сапасы жақсарып, қолжетімділігі артады. Енді алдағы уақытта дәрігердің жолдамасымен науқасты аталған қормен келісімшарты бар кез келген клиника қабылдай беретін болады. Ең бастысы, көрсетілетін медициналық көмектің түрі сақтандырылған азаматтың жарна мөлшеріне тәуелді болмайды, – деді министр. Баяндамадан кейін Елжан Біртанов қойылған сұрақтарға жауап берді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге көшуге дайындық бойынша біздің өңірде бірқатар өзекті мәселелер бар екен. Атап айтсақ, жамбылдықтардың 19 пайызына аударымдар жасалмаған. Емханаларға 51 мың адам тіркелмеген. 36,2 мың тұрғынның әлеуметтік мәртебесі анықталмапты. Сол себепті 23,3 мыңға жуық жұмыскер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, медицина мамандарының өзін әлеуметтік сақтандыру туралы білімін арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бердібек Машбекұлы тиісті сала өкілдеріне осындай кемшіліктерді жоюды тапсырды. Жиын соңында өңір басшысы айтылған мәселелер бойынша тиісті іс-шаралар қабылданатынын жеткізді. Вице-Премьер Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы Жамбыл жеріне келген сапары барысында жамбылдық ардагерлермен, өңір жастарымен де кездесу өткізді.
«Аq jol»-дың тілшілер тобы: Ардақ Үсейінова, Есет Досалы, Альмира Омарова.