Ел газеті – ел ішінде
Ел газеті – ел ішінде
«Egemen»-ге еңбегі сіңгендер еленді
Биыл ел газеті «Еgemen Qazaqstan»-ның жарық көргеніне – 100 жыл. Осыған орай республика көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ел газетінің тойына біздің өңір жұртшылығы да белсенді атсалысып отыр. басылымның тойы – баршамыз үшін маңызды. Тарихи той қарсаңында «Еgemen Qazaqstan» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі облыс баспасөзінің қара шаңырағы – редакциямызға арнайы атбасын бұрып, ұжым қызметкерлерімен кездесті.
Жиынды облыстық «Аq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп ашып, қадірлі қонақтың қадамы құтты болсын дей келе, «Аq jol»-ды әр кезеңде Ғайса Сармурзин, Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет секілді қайраткер азаматтар басқарғанын айтып, ұжымның бүгінгі қызметкерлерін де таныстырып өтті. Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі киелі Әулиеата жерінің қасиетіне, Тараздың тағылымына терең тоқталып, жүз жылға жуық тарихы бар, облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Аq jol» газетінің ұжымымен кездесіп отырғанына қуанышты екенін білдірді. «Еgemen Qazaqstan» газетінде еңбек еткен, жақында өмірден өткен қаламгер Мақұлбек Рысдәулетті еске алып, жамбылдық әріптестерге көңіл айтты. – Өздеріңіз білетіндей, биыл «Еgemen Qazaqstan» газетінің жарық көре бастағанына – 100 жыл. Бұл мерейтойға дайындықты үш жыл бұрын бастап кеттік. Тойды биыл Жидебайдан – Абай Құнанбаевтың туған топырағынан бастағанды жөн көрдік. Сәкен Сейфуллиннің, Т.Рысқұловтың мерейтойлық іс-шараларының өтуіне де «Еgemen Qazaqstan» газеті бастамашы болды. Жерлестеріңіз, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыздың «Еgemen Qazaqstan» газеті үшін орны бөлек. Ол кісіні «Редакторлардың редакторы» деп атап жүрміз. Шерхан ағаның асын өткізуге атсалысып, басына белгі тұрғызуға да ұйытқы болдық. Ш.Мұртаза ағаның «Еgemen Qazaqstan»-ның босағасында отыру да – бақыт» дегенін естен шығармай айтып жүреміз. Үш жылдан бері біздің бастамамызбен бильярдтан Шерхан Мұртаза атындағы республикалық турнир өткізіліп келеді. Газетіміз әуелі заманына сай басқа атаулармен жарық көрген. Соның ішінде «Ұшқын» болған кездегі нөмірін Оралдан, «Еңбек туы» кездегі санын Мәскеуден таптық. Газеттің 100 жылдық тарихын тауып, зерделеп, оны цифрлық жүйеге ауыстырдық. Бұл орайда «Egemen» тарихын кейбір деректер бойынша жүз жылдан да әріден таратады. Басылымды 1937 жылдарға дейін 18 редактор басқарса, соның 15-і зобалаң жылдары атылып кеткен екен. «Еgemen» тарихы – ел тарихы. Біз «Еgemen Qazaqstan»-ның тойын тойлап ғана жүрген жоқпыз, осы газеттің жоғын түгендеп жүрміз. Басылымда еңбек еткен аға, әпкелерді ардақтап жүрміз. Жақында Алматы қаласында кездесу өткізіп, бұрынғы газет редакциясы тұрған ғимаратқа ескерткіш-стела орнаттық. Аталған іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Мұны ел газетіне деген құрмет деп түсінемін. «Еgemen Qazaqstan» газеті 75 жылдық мерейтойын Алматыда тойлап, сосын Нұр-Сұлтан қаласына көшкен екен. Газет қазіргі таңда жасарды. Журналистердің орта жасы – 30 жас мөлшерін құрайды. Біздің мектептен өткен Асхат Райқұл қазір осы «Аq jol»-да абыройлы еңбек етуде. Жерлестеріңіз Абай Отар да «Еgemen» мектебінен өтті. Жақында Ерлан Жүністі өзім шақырып, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындадым. Біз Түркі елдері бойынша ең таралымы көп газетпіз. Қазір «Еgemen» халықаралық деңгейде көп оқылып жатыр. Түркия, Қытай еліндегі қандастарымызға тарайды. Оқырмандарымыздың көпшілігі Жамбыл облысында. Сондықтан осы өңірдің тыныс-тіршілігін көбірек бергіміз келіп тұрады. Осында біздің газетке еңбегі сіңген қадірлі ағалар бар. Ол кісілерді бүгін осы «Аq jol» газетінің редакциясына арнайы шақырып, құрмет көрсеткенді жөн көріп отырмыз. Үкіметтің қаулысымен «Еgemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына арналған медаль шығарған болатынбыз. Соны бүгін ардақты ағалардың омырауына тағып, марапаттауға рұқсат етіңіздер, – деді Дархан Қыдырәлі. Мұнан соң «Еgemen Qazaqstan» газетінің басшысы аталған басылымның 100 жылдығына байланысты шығарылған арнайы медальдармен қаламгерлер Елен Әлімжан, Мейрамбек Төлепберген, Көсемәлі Сәттібайұлы, Оралхан Дәуітті марапаттады. Өз кезегінде Елен Әлімжан, Мейрамбек Төлепберген, Оралхан Дәуіт сөз сөйлеп, өздеріне көрсеткен құрметі үшін «Еgemen Qazaqstan» газетінің басшылығына алғысын білдірді. Мұнан соң сұрақ-жауапқа кезек берілді. Газетіміздің индустрия және инновация бөлімінің редакторы Амангелді Әбіл әлеуметтік желінің зор маңызға ие болғанын, дегенмен сауатсыз жазбалар көбейіп кеткендігін, әсіресе, «Фейсбуктағы» былапыт сөздер жүйкені жұқартатынын, осыған тыйым болуы қажеттігін алға тартты. Бұл орайда Дархан Қыдырәлі: «Батыста әлеуметтік желі БАҚ құралдарына балама ретінде қарастырылады. Бізде де желідегі жала жабу фактісін БАҚ құралдарымен бірдей негізде қарастыру көзделуде. Негізі, қоғам түзелмей, желідегі жазбалар түзелмейді. Жақсы адамдар әлеуметтік желіде көп отыруы тиіс. Әлеуметтік желіні ауыл деп қарастырсақ, сол ауылдың ақсақалдары белсенді болуы тиіс. Біз бәріміз бір болып, қоғамның келеңсіздігімен күресуіміз керек. Сіздің айтқан мәселені де тиісті жерде көтеріп, жоғарыдағы жауаптыларға жеткізетін боламыз, – деді. Жиынды Көсемәлі Сәттібайұлы қорытындылап, ұжымның атынан Дархан Қыдырәліге үлкен алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ