Жаңашыл жастардың тың жобалары таңдай қақтырды
Жаңашыл жастардың тың жобалары таңдай қақтырды
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Инновациялық даму және заманауи Қазақстанның ғылымға деген сұранысы» тақырыбында XIII халықаралық ғылыми конференция өтті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының аталған оқу орнымен бірлескен іс-шарасына еліміздің, Өзбекстанның және Қырғыз елінің ғалымдары қатысты. Ғалымдардың дәстүрлі іс-шарасы биыл бірінші рет жаңарған Жамбыл жерінде ұйымдастырылып отыр. Конференцияға қатысушылардың назарын аударған жас ғалымдардың инновациялық жобалар көрмесі болғанын айта кеткен жөн. Онда 3D технология арқылы ортопедиялық аяқ киім әзірлеу, ақпараттық технологиялар, энергияның баламалы көздері, өндіріс қалдықтарынан жасалатын жаңа материалдар, агроөнеркәсіп саласындағы озық технологиялар сынды соңғы ғылыми жетістіктер көпшілік назарына ұсынылды. Конференцияны университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков ашып, осыдан 11 жыл бұрын қаланған жас ғалымдар кеңесінің жетістіктерін сөз етті. Олардың идеялары қоғамға пайда әкелеріне сенім білдірді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Сухраб Жапаров аталмыш іс-шаранының мән-маңызына тоқталды. Ол ғылымдағы жаңалықтар ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосатынына сенімді. Ал Еуразия технологиялық университетінің ректоры Жанар Темірбекова аталмыш конференция биыл 16-рет өтіп жатқанын атап өтіп, «Инновациялық экономика: білімді тасымалдауда университеттің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Оқу ордасы ағартушылықпен қатар ғылымның қарыштауына үлес қосатынын айта келе, көрмеде тамашалаған Enactus Dulaty тобының көң мен көмірді пайдалану жобасына қызығушылық танытты. Одан кейін цифрландыру, ауыл шаруашылығындағы ГИС технологиялар, төтенше жағдайларға болжам жасау, қазақтың генетикалық қорын қалыптастыратын генетикалық тарих пен 3D технология жайлы сөз қозғады. Екі күндік конференция соңында Тұңғыш Президент-Елбасы қорының өкілдері «Үздік жас ғалымдар кеңесі», «Жастардың инновациялық потенциалы – 2019» және «Үздік ғылыми мақала» байқауларының жеңімпаздарын марапаттады.
Альмира ОМАРОВА