МЕНІҢ ТУЫМ, МЕНІҢ ОТАНЫМ!
МЕНІҢ ТУЫМ, МЕНІҢ ОТАНЫМ!
«Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясына орай Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде Мемлекеттік ту көтеріліп, мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев рәміздерді құрметтеу баршаға ортақ парыз екенін айтып өтіп, партия бастамашы болған іс-шараның мән-маңызына тоқталды. – Әрбір мемлекеттің ұлы құндылықтары болады. Мемлекеттік рәміздер – соның бірі. Жуырда «Nur Otan»-ның бастамасымен «Менің Туым, менің Отаным!» акциясы басталған еді. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматыдағы «Медеу» спорт базасы аумағында алып Туды орнату іс-шарасына қатысып, жұртшылықты рәміздерді құрметтеуге шақырды. Қазіргі таңда бұл акция республиканың түкпір-түкпірінде жалғасып жатыр. Бүгін де осы мақсатта жиылып отырмыз. Көк байрақты көтеріп, арнайы мереке ретінде атап өтудің маңызы – отансүйгіштікті насихаттау, қазақстандықтардың Мемлекеттік туға деген терең құрметін қалыптастыру, – деді Б.Нарбаев. «Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясының негізгі идеясы Мемлекеттік туды үнемі қоғамдық орындарда, туристік нысандарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында орналастыруға негізделген. Өйткені шетелдерде ұлттық рәміздерге әртүрлі көзқарастар бар. Мысалы, АҚШ-та немесе Түркияда көшелері жалауларға толы: олар шамдар арасында безендірілген, жеке аулаларға, тұрғын үйлерге ілінген. Ал біздің азаматтарда Мемлекеттік туды қолдануға және орналастыруға тыйым салу туралы түсінік қалыптасқан. Аталған акцияның сол стереотипті жоюға әсері зор болмақ. Акция жыл соңына дейін жалғасып, қаладағы «Март», «Смол», «Давмир» және тағы басқа ірі сауда орталықтарында, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, туристік нысандарда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында Мемлекеттік ту ілінеді. Салтанатты жиында патриоттық рухты көтеретін әндер шырқалып, келелі ойлар айтылды. «Jas Otan» жастар қанатының жалынды жастары да игі бастамаға үн қосуға дайын екендіктерін көрсетті.
Нұржан ТУҒАНБАЙ, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.