«Жайық» жеткен жетістік мол
«Жайық» жеткен жетістік мол
Жуалылық Сейітқали Жайықбаев кеңестік кезеңде жүргізуші болып жұмыс істеген екен. Ал нарыққа өтпелі кезең тұсында кәсіпкерлікпен айналыса бастапты. Былайша айтқанда, жаңа экономикалық жағдайда өмір сүрудің қыры мен сырын меңгеруге тырысып-ақ баққан. Ақыры 2001 жылы өзінің «Жайық» шаруа қожалығын ашуға тәуекел етіпті. Сол тұстағы күнкөріс көзінің бірден-бір жолы да осы болатын. Соның өзінде оның бұл шаруаны тақыр жерден бастауына тура келген. Экономикалық білімі бар азаматқа бұл аса қиынға да түспеді. Рас, сол тұста «Сыбаға» бағдарламасы аясында мүйізді ірі қара малын сатып алуға бағытталған несиенің қайтарылуы үшін қолайлы жағдай болды. Пайда 300 пайыздан да асып түсті. Осының арқасында қожалық аяғына да нық тұрды деуге негіз жоқ емес. Қазір мұнда жұмыс жүргізу үшін қажетті техника мен жабдықтардың барлық түрі, сақтау қоймалары да бар. «Жалпы мен кез келген істі бастамас бұрын, бәрін де алдын ала есептеп, барлық тәуекелдерді бағамдап алуға тырысамын. Мұның өзі жұмысымның алға басуына да септесуде», – дейді ол. Алғашында өзінің пайлық үлесіне тиген егістік алқапты толықтай игеріп, бертінде ауылдастары есебінен біраз жер сатып алып, айналымға қосқан екен. Бүгінде қожалық иелігінде 500 гектар жер бар. Бұл – ең оңтайлы көлем. Сейітқали шаруашылық үшін бұдан да үлкен аумақты игеру тиімсіз деп санайды. Агроқұрылым еңбеккерлері өздеріне тиесілі алқаптарда бүгінде бидай, арпа, картоп және мақсары өсірумен, мүйізді ірі қара малын бордақылаумен де айналысуда. Бес бірдей астық комбайны өздерінің қажеттіліктері үшін пайдалануға да, басқа шаруашылықтарға жалға беруге де әбден жарап тұр. Техниканың бір бөлігі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке, ал бір бөлігі өз қаражаттары есебінен сатып алынған екен. Жалпы, саланы техника күшінсіз елестету тіпті де мүмкін емес. Сондықтан да кәсіпкер азамат өзінің техникалық паркін ұдайы жаңартып отыруға күш салады. Осы тұрғыда ол елімізде ауыл шаруашылығы техникаларының 30 пайызын өзімізде құрастырып, шығару ісін бастауымыз керек деп санайды. «Бізде бұған мүмкіндік бар. Техниканың денін әлі күнге дейін Қытай, Ресей, Белоруссия елдерінен сатып алудамыз. Оларды өзіміз құрастырып шығарсақ, қосалқы бөлшектерін де жасауды қолға алсақ, бұл іс ел экономикасының нығаюына да септесер еді», – дейді С.Жайықбаев. Биыл шаруашылық күздік бидайдан жақсы өнім алды – гектар қайтарымы орташа есеппен 24 центнерден айналған. Шаруашылықтың ақ егістен жиналып алынған өнімі көп мөлшерде сатылымға да шығарылады. Биыл да облыс шаруашылықтарына бір килограмм бидай 55-60, арпа 45-50 теңге аралығындағы бағамен өткерілуде. Ең бастысы, ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қолдау да, көмек те бар. «Жайық» шаруа қожалығы биыл да селитра мен аммофос тыңайтқыштарын сатып алумен байланысты субсидияны толық көлемінде алыпты. Егістік алқаптарында гербицидтер де қолданылған. Кәсіпкер азамат бүгінде 8 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Айта кету керек, маусымдық жұмыстар кезінде бір механизатор 800 мың теңгеге дейін айлық жалақы алу мүмкіндігіне де ие. Бұл кезде аталмыш іске қосымша жұмысшы күшін көптеп тартуға да тура келеді. Алайда жастардың ауыл шаруашылығы саласында тұрақты жұмыс істеуге құлықсыздық танытатындары да бар. Бұл – барлық шаруашылықтар басында бар жағдай. Дейтұрғанмен, «жайықтықтардың» күнбе-күнгі жұмысында еш іркіліс жоқ. Қазіргі уақытта мұнда дәнді және майлы дақылдардың, картоптың жиын-теріні аяқталды. Енді келер жылдың өнімі үшін сүдігер көтеру ісі қолға алынуда. Қожалық еңбеккерлері мал қыстату науқанын да сақадай сай әзірлікпен бастағалы отыр. Тұрғындарды жергілікті жерде өндірілген өнімдермен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету арқылы облыс экономикасының дамуына үлес қосу – агроқұрылым алдына қойылған басты міндеттің бірі.
Баймаханбет АХМЕТ
Жуалы ауданы.