Экономика

БЫЛТЫР ОБЛЫСТА ОТЫЗ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ

БЫЛТЫР ОБЛЫСТА ОТЫЗ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ

ал биыл дайындық сатысында тұрған 83 жобаның 78-і білім саласына қатысты

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы алғаш рет 2005 жылдары айтыла бастады. Осы жылы ел Үкіметі концессия жүйесі, яғни мемлекеттің өзінің өндіріс орнын, пайдалы кендерін, жерін адамдарға, бірлестіктерге пайдалану үшін белгілі мерзімге жалға беру шарты арқылы 3 жобаны жүзеге асыру туралы қаулыға қол қойған болатын. Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуы үшін мықты іргетас қажет екенін таразыға салып, 2006 жылы «Концессия туралы» Заң қабылданды. Бұл қадам мемлекеттік маңызы бар жобаларға шетелден инвестор тарту үшін жасалған еді. Дегенмен мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің заңдық негізі 2011 жылдары қалыптаса бастады. Айталық, Үкімет 2011 жылы «2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту жөніндегі бағдарламаны» қабылдаса, 2015 жылы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңға қол қойылды. «Концессия туралы» Заңға қарағанда, ол нақты және бағдары анық болды. Кейіннен Қазақстанның арнайы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы құрылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Мәселен, дүниежүзі бойынша ақылы жолдардың көпшілігін концессия негізінде инвесторлар салған. Салынған нысан мемлекеттің қарамағында болғанымен, оны пайдаланудан түскен табысты инвестор алады. Осы жолдардан түскен ақы мен мемлекеттің ұзақ мерзімді төлемдерінің арқасында құйған инвестициясын қайтарып алады. Бұл бір жағы инвестор үшін инвестициялаудың тиімді жолы болса, екінші жағынан дайын нысан ел игілігіне жұмыс істейді. Жеке секторды мемлекеттік активтерді басқаруға тарту, бюджетке салынатын салмақты азайту, мемлекет пен бизнестің әріптестігін кеңейту мен инвестиция тарту мақсатында Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жеке әріптестердің бастамасымен 2017 жылы бір жоба спорт саласында, былтыр 29 жоба денсаулық сақтау саласында іске асырылды. Жобаларды іске асыруда 1,675 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1,2 миллиард теңгеге міндеттемелер қабылданды. Қазіргі таңда облыста 83 жоба әртүрлі дайындық сатысында тұрса, оның 78-і білім саласына тиесілі. 39-ы мемлекеттік міндеттемелерді талап етпейтін жобалар. 39 мектептің жанындағы асханаларды жабдықтау және сенімгерлік басқаруға беру бойынша конкурстық құжаттама әзірленіп, экономикалық сараптаманың оң қорытындысы алынып, конкурстық рәсімдері өткізілуде. Нәтижесінде асханаларды жабдықтау және жөндеуге 279,5 миллион теңге инвестиция тартылып, 26 621 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. Шу қаласындағы жеке азаматтың ғимаратында орналасқан 50 орындық «Балапан» және 150 орындық «Астана» балабақшасына жеке әріптестің бастамасымен бизнес-жоспарлар жасалып, салалық басқармаға ұсынылды. Бүгінде тиісті жұмыстар атқарылып, сараптамаға жолдау үшін құжаттар пысықталуда. Сонымен қатар Тараз қаласындағы 64 және 75 орындық №25, 37-ші екі балабақшаны мемлекеттік міндеттемелерсіз сенімгерлік басқаруға беру жобалары бойынша инвестициялық ұсыныс енгізілді. Қазір оның экономикалық қорытындысы алынып, консультациялық сүйемелдеуге заңды тұлғаны айқындау сатысында. 35 жоба мемлекеттік міндеттемелерді талап етпейтін, жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы жүзеге асыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құру туралы хабарламасы берілді. Денсаулық сақтау саласында мемлекеттің бастамасымен арнайы құрал-жабдықтар орнату және сервистік қызмет көрсету бойынша құны 1 269,7 миллион теңгені құрайтын екі жобаға (Шу қалалық ауруханасына томограф, №1 Тараз қалалық ауруханасына ангиограф) экономикалық сараптаманың оң қорытындысы алынып, конкурстық рәсімдері өткізілуде. Бір жоба энергетика саласында жеке әріптестердің бастамасымен Тараз қаласындағы 217 көше жарықтарын жаңғырту бойынша жеке әріптестің бастамасымен бизнес-жоспар жасалып, салалық басқармаға ұсынылды. Бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Тағы екі жоба туризм саласына қатысты болса, оның бірі – «Шахристан» тарихи-мәдени орталығы аумағында шеберлер қалашығын, екіншісі – «Жас турист» балалар-жасөспірімдер орталығын ұйымдастыру. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы туралы толық мәлімет «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ның ресми сайтында орналастырылған. Инвестор тарту бойынша жұмыс одан әрі жүргізілуде. Бұл мәселе басқарма тарапынан тұрақты бақылауда.

Гүлдана ЖАУЫНБЕКОВА, облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.