Әлеумет тік қызмет тер порталының мүмкіндігі мол
Әлеумет тік қызмет тер порталының мүмкіндігі мол
Барша қазақстандықтар үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру – жергілікті атқарушы органдарға қойылатын негізгі талап. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасалу керек екенін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы бұл туралы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында да айтқан болатын. Үкіметке осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді де тапсырды.
Президент тапсырмасына сай, қазіргі кезде осы бағытта нақты іс-шаралар қабылданып, жаңа жүйе жасалуда. Соның бірі – «Әлеуметтік қызметтер порталы». Мүмкіндігі шектеулі жандар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап осы портал арқылы техникалық оңалту құралдарына және арнайы әлеуметтік қызметтерге дербес тапсырыс бере алады. Жалпы оңалту құралдарының қатарына протездік-ортопедиялық, дыбыстық техникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ мүгедектер арбалары, тағы басқа құрылғылар жататыны белгілі. Ал жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандары арқылы және санаторийлердегі көрсетілетін оңалту іс-шаралары арнайы әлеуметтік қызметтер саналады. Бүгінгі талап бойынша техникалық оңалту құралдары және жоғарыдағы қызметтер мемлекеттік сатып алу арқылы ұсынылатын болды. Енді, міне, әлеуметтік қызмет көрсетуді жаңғырту, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында келесі жылы бұл жүйе арнайы порталдың көмегімен жүргізілмекші. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде мүгедектік алған кезінен бастап техникалық құралдар мен қалпына келтіру қызметтерін алуға 8 ай уақыт кетеді. Бұл мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақтығына байланысты. Ал мұндай тендер жүйесі мүгедектерге мүлдем жарамсыз екені анық. Сондықтан жыл сайын олар қызмет көрсету сапасы мен медициналық құрылғылардың нашарлығын айтып, шағымданып келген. Бұл түйткіл арнайы порталды іске қосу арқылы шешімін тапқалы отыр. Ендігі жерде оңалту қызметтеріне деген қажеттілік ашық, жариялы түрде жүреді. Теріс факторлар жойылады. Мәселен, бұрын қалпына келтіру қондырғыларына тапсырыс берушілердің өтініштері мен тендер арқылы сатылып алынған құрылғылардың сұранысқа сай келмей қалатын жағдайлар өте көп кездесетін. Келер жылдан бастап, біз мұндай келеңсіздіктерден құтыламыз. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандар тауар мен қызметтің қажетті түрін өз бетінше таңдай алады. Портал іске қосылғанда, оңалту құрылғыларына тапсырыс беру проактивті формат арқылы және арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынудың бизнес-процестерінің мерзімі 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқарады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтініштеріне сәйкес техникалық құрал-жабдықтар мен қалпына келтіру қызметтерінің белгіленген құнын өтеу механизмі қарастырылады. Бұл – әлеуметтік порталда қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде қосымша төлемдер жасау мүмкіндігі болады деген сөз. Сонымен қатар арнайы сертификаты бар мамандар ұсынатын қызмет аясы да кеңейіп, қолжетімді бола түседі. Ал барлық жергілікті басқару органдарының жабдықтары мен жұмыс жүктемесі медициналық және әлеуметтік мекемелердің бірыңғай тізілімінде ескеріледі. Әлеуметтік портал жұмыс істей бастағанда оңалту құралдары мен қызметтеріне сұраныс беру мүмкіндігі кеңейеді. Үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақтылы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жеке қажеттіліктері ескеріледі. Қоғамның қолдауын қажет ететін азаматтар жеткізушілер, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы ақпараттармен де таныса алады. Бұл адал бәсекелестікті арттырады және әлеуетті жеткізушілердің қалпына келтіру объектілері мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұрын хабарланғандай, портал алдымен пилоттық режимде іске қосылды. Қазірдің өзінде ол Ақтөбе облысында сәтті жүзеге асырылуда. Оған бірнеше медициналық және әлеуметтік мекемелер қосылған. Жалпы «Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Ұлттық жоспар аясында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында іске қосылмақшы. Алдағы уақытта бұл ресурс Қазақстанның барлық қалаларының тұрғындары үшін қолжетімді болмақ. Оған 400 мыңнан астам пайдаланушы мен 200 мың жеткізуші кіріп, өтініш қалдырып, тиісті ақпараттармен таныса алады. Қазір осы мақсатта «Мобильді азаматтар базасы», «Әлеуметтік тіркелім», «Бірыңғай деректер қоймасы», «Қазпошта» АҚ, «Еңбек келісім-шарттарының бірыңғай жүйесі», «Жылжымалы мүлік тіркелімі» ақпараттық жүйелерін біріктіру жұмыстары жүргізілуде.
Тимуржан Нұрымбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.