Тұрғындар қауіпсіздігі – ортақ мақсат
Тұрғындар қауіпсіздігі – ортақ мақсат
Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов облыстық Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Ашкеевпен кездесті. Кездесу барысында құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Өз кезегінде облыс әкімі саладағы жұмысты жүйелендіруге, әкімшілік істер бойынша айыппұлдарды қатаңдатуға назар аударуға шақырды. Мәселен, кәмелеттік жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарының лицензиясын тартып алуды ұсынды. Жол ережесін бұзушыларды лауазымы мен қызметіне қарамастан қатаң жазалауды тапсырды. Сондай-ақ шешімін табар келелі мәселер мен атқарылар шаруалардың аз еместігін, қоғамдағы тәртіпті сақтау және тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету ортақ мақсатымыз екендігін тілге тиек етті. Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 4 қарашасында Рахымберді Ашкеев жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы болып тағайындалған болатын. Ол 1967 жылдың 18 қазанында Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында дүниеге келген. 1992 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «электронды есептеу машинасы» мамандығы, 2000 жылы И.Арабаева атындағы Қырғыз мемлекеттік ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы, 2005 жылы Алматы үздіксіз білім беру университетін «жол қозғалысын және тасымалдауды» ұйымдастыру мамандығы бойынша тәмамдаған. Құқық қорғау органдарындағы қызметін 1997 жылдың 25 қыркүйегінде Алматы облысы ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасының патрульдеу қызметінің инспекторы болып бастаған. Әртүрлі жылдары ішкі істер органдарында басшылық қызметтер атқарған. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.