Спорт және туризм

Бүкіләлемдік бокс кеңесі Альваресті қорғап отыр ма?

Бүкіләлемдік бокс кеңесі Альваресті қорғап отыр ма?

Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) боксшылардың анализінде рұқсат етілмеген преператтардың бірі кленбутеролдың белгілі бір мөлшерде болуына қарсы еместігі туралы пікір білдірді. Ұйым өкілдерінің айтуынша Мексиканы қоса алғанда көптеген мемлекеттерде аталмыш дәрі-дәрмек малдың қоңды болуы үшін пайдаланылады екен. Ал сол малдың етін жеген спортшының бойынан кленбутерол ізінің табылуы заңдылық дейді бүкіләлемдік бокс кеңесінің мамандары. Сондай-ақ ұйым мүшелері бұл мәселені жан-жақты қарастыруды да жөн санап отыр. Олар ең бастысы кәсіпқой боксшыны малдың етінен келген кленбутеролға бола қатаң жазалауды құп көрмейтіндерін аңғартты. Бір қызығы дәл осы рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек осыдан біраз уақыт бұрын мексикалық боксшы Сауль Альварестің анализінен табылған болатын. Нәтижесінде Альварес 6 айға спорттан шеттетілген еді. Соның салдарынан мексикалық оғлан мен қазақстандық боксшы Геннадий Головкин арасындағы шайқас кейінге шегерілгенін жұртшылық жақсы біледі. Бүкіләлемдік бокс ұйымын мексикалықтар басқаратыны белгілі. Мұның өзі жанкүйерлердің ойын сан-саққа жүгіртеді. Біріншіден, Сауль Альварес кәсіпқой бокстың және Мексиканың спорттағы басты жұлдыздарының бірі саналады. Екіншіден, дәл осы преперат соңғы кездерде Саульдің бойынан табылғаны жасырын емес. Ұйым мүшелері осыны да назарға алып отырғаны ақиқат. Үшіншіден, қалай болғанда да кленбутерол спортшының төзімділігін арттырады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес. Төртіншіден кәсіпқой спортшы дұрыс тамақтанса, ешқандай да рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектің ізі бойынан табыла қоймайтыны белгілі. Қорыта айтқанда, бүкіләлемдік бокс ұйымының мұндай ұстанымы сауатты адамдардың күлкісін келтіретіні түсінікті. Бұндай қисынға келмейтін ой-тұжырым ұйымның белгілі бір спортшыға басымдық беріп отырғанын айқын аңғартады. Ол – Сауль Альварес. Бұған ешкімнің күмәні жоқ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.