Барлық салада ілгерілеу бар
Барлық салада ілгерілеу бар
Жамбыл ауданының биылғы 9 айдың қорытындысындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері көңіл қуантарлық. Барлық салада да ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе жалпы өндірілген өнім көлемінің 127,7 пайызды құрауы қуантады. Яғни өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім бар.
Осы мерзімде өнеркәсіп саласында – 14 миллиард 864,8 миллион, ал ауыл шаруашылығында 27 миллиард 535,1 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Биыл дәндік жүгері – 1 672, майлы дақылдар – 2 975, картоп – 525, көкөніс – 6 020, бақша өнімдері – 741,5 гектар алқапқа егіліп өсірілді. Күзгі жиын-терін кезінде 2 401 тонна дәндік жүгері, 4 725 тонна майлы дақыл, 12 029 тонна картоп, 177 205 тонна көкөніс, 20 399 тонна бақша өнімі жиналып алынды. Сондай-ақ 167 847 тонна мал азығы дайындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі бөлігін құрайтын мал шаруашылығын дамытуға да баса назар аударылуда. Әсіресе мал ауруларының алдын алу мен тіркелген аурулармен күресу үшін эпизоотияға қарсы атқарылатын іс-шаралар жоспарына сәйкес 105 миллион теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және деректер қорына енгізу бойынша 2019 жылға аудандық бюджеттен 4 миллион 819 мың теңге бөлінген болатын. Осы қаржыға бүгінгі күнге дейін 29 083 мүйізді ірі қара, 152 594 ұсақ мал, 2 926 жылқы, 50 түйе бірдейлендірілді. Сондай-ақ биыл Айша бибі, Көлқайнар, Бесағаш, Қызылқайнар және Полатқосшы ауылдық округтерінде ветеринариялық пункттер салынды. Ауданда мүйізді ірі қара – 41 743, қой-ешкі – 244 279, жылқы – 17 281, түйе – 118, үй құстары 336 057 басқа жетті. «Жамбыл облысы бойынша халықтың тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында ауданда Бесағаш ауылдық округі таңдалып алынды. Округ бойынша іске асыруға барлығы 93 адамнан 454 миллион теңгеге өтінім түскен болатын. Онда үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бойынша 3 жоба, ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бойынша 82 жоба, тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру бойынша 6 жоба ұсынылып отыр. Биыл ауданда жалпы көлемі 5 миллиард 013,5 миллион теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жалпы алаңы 51 597 шаршы метрді құрайтын 366 жекеменшік тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 129,9 пайызға артық. Үстіміздегі жылдың есепті кезеңінде негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 19 миллиард 915,3 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ бөлшек сауда тауар айналымы 5 миллиард 380,9 миллион теңгені, көтерме сауда айналымының көлемі 10 миллиард 052,4 миллион теңгені құрады. Ал салықтық түсімдердің орындалуы 107,2 пайызды құрады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 445,9 миллион теңгеге 7 жоба іске асырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп барлық ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудан тарапынан 1 миллиард 817,3 миллион теңгеге 10 жоба ұсынылған. Оның ішінде 3 жоба қолдау тауып, 2 жоба банкте қаралуда, қалған 5 жобаның құжаттары рәсімделуде. Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 716,7 шақырымды құрайды. Биыл аудан бойынша автомобиль жолдарын күтіп-баптап ұстауға 85,2 миллион теңге және аудандық мәндегі автомобиль жолдарын жөндеуге 128,9 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа аудандық маңызы бар ұзындығы 50,25 шақырым «Аса-Мырзатай», «Айша бибі-Қаратау», «Пионер-Сеңгірбай», «Құмтиын-Өрнек-Ерназар» жолдары орташа жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар ауылішілік жолдарды жөндеуге 284,9 миллион теңге бөлініп, бұл қаражатқа 11 ауылдың жалпы ұзындығы 26,794 шақырым 35 көше жолдары жөндеумен қамтылды. Биыл аудан бойынша автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп-баптап ұстауға 499 миллион теңге бөлінді. Ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 73 миллион 216 мың теңге бөлініп, 9 айда 70 миллион 122,7 мың теңге игерілді. Бұл қаражатқа 17 ауылдық округке 8 ауылішілік жол, 2 көшенің тротуарларын жөндеу, 1 спорт алаңын және 3 шағын футбол алаңын орнату, 2 шағын футбол алаңын ағымды жөндеу, 1 балалар ойын алаңын орнату, 1 ҰОС ескерткішін жөндеу және 3 ауылды жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ауданға жұмыс істеу және тұру үшін келген 226 маманға жалпы сомасы 30,9 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Оның ішінде 101-і денсаулық сақтау, 82-сі білім беру, 9-ы мәдениет, 8-і спорт, 26-сы агроөнеркәсіптік кешен салаларында жұмыс істейді. Оларды ауданға тұрақтандыру мақсатында 117 маманға жалпы сомасы 342,6 миллион теңгені құрайтын тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. Аудан бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 35 жобаны іске асыруға жалпы құны 726 миллион 870 мың теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде, электрмен жабдықтауға 8 жобаға 86 миллион 005 мың, сумен жабдықтауға 1 жобаға 14 миллион 757 мың, білім нысандарын жөндеуге 3 жобаға 149 миллион 533 мың, спорт нысандарын жөндеуге 2 жобаға 175 миллион 809 мың, жол жөндеу жұмыстарына 21 жобаға 300 миллион 766 мың теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 32 жобаның құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Бұдан бөлек, 2 нысанның құрылыс жұмыстары жалғасуда, 1 нысан 2020 жылға өтпелі. Ағымдағы жылдың 9 айында кешенді жоспар бойынша 2 146 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, 258 адам қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға, техникалық және кәсіптік біліммен 41 адам және 123 адам кәсіпкерлік негіздерін оқытуға жолданды, 90 адамға шағын несие және 43 адамға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант берілді, 852 адам тұрақты жұмысқа, 109 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 311 адам «Жастар тәжірибесі» бойынша, 319 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Уәкілетті органдар арқылы жұмыспен 1 591 адам қамтылды. Жыл басынан бергі 9 айда 2 890 отбасының 14 494 мүшесіне 1 миллиард 364,9 миллион теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. 468 отбасының 2 625 мүшесіне 11 389,0 мың теңге тұрғын үй жәрдемақысы, 116 отбасыдағы 121 үйде оқытылып жатқан мүгедек балаларға 4 500 мың теңге жәрдемақы төленді. Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына бір реттік әлеуметтік көмек 612 адамға 32 миллион 951 мың теңге берілді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 2019 жылы 732 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, есепті кезеңде 805 адам жұмысты болып, жоспар 109,9 пайызға орындалды. Денсаулық сақтау саласында 36 мекеме мен ұйымдар халыққа қызмет көрсетеді, онда барлығы 107 дәрігер мен 502 орта буындағы медицина қызметкерлері бар. Жалпы, аудан бойынша 10 мың тұрғынға дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 12,8 промильді құрады. Осы мерзімде 1000 адамға шаққанда туу көрсеткіші 18,67 промильді, 1000 адамға шаққанда өлім көрсеткіші 5,46 промильді құрады. Биылғы 9 айда ана өлімі тіркелген жоқ. Ал 1 жасқа дейінгі сәбилер өлімі көрсеткіші 8,1 промиль болды. Аудандағы жалпы 37 білім беру ұйымдарының 899 сынып жиынтығында 16 260 балаға 1 932 ұстаз білім беруде. Сонымен қатар мектепалды дайындық бойынша 81 сынып жиынтығында 1 270 бала білім алуда. Компьютерлік техникамен қамтамасыз ету деңгейі 1 компьютерге орташа есеппен 8 оқушыны құрайды. Ауданның барлық мектептері интернет желісіне қосылған. Оның ішінде 25 мектепте 60 химия, физика, биология кабинеттері, 22 мектепте 30 кабинет лингофон және мультимедиялық құралдармен жабдықталған, 32 мектепте 110 интерактивтік тақталар бар. Барлық мектептерге бейнебақылау орнатылған. Аудандағы мектепке дейінгі білім беретін 22 балабақшада және 20 мектеп базасындағы шағын орталықтарда барлығы 3810 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ауданда 1 мен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 86,7 пайызды құрады. 3 пен 6 жас аралығындағы тәрбиемен қамту көрсеткіші – 99,1 пайыз. Аудан халқына 1 аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі, 15 ауылдық клуб, 29 кітапхана, 1 жылжымалы «Зерде» бейнемобиль мәдениет ошақтары қызмет көрсетуде. Мүгедектердің жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында 2019 жылға 3 Мәдениет үйіне және 5 ауылдық клубына бейімдеуге 5 миллион 415 мың теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілді. Қазіргі уақытта ауданда 163 спорт нысаны бар. Аудан бойынша 24 907 адам немесе аудан халқының 29,8 пайызы спортпен тұрақты айналысады. Спорт саласына 11,1 миллион теңге бөлінді. Жыл басынан бері ауданда 233 қылмыстық іс тіркеліп, ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,2 пайызға төмендеген. Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметіне сәйкес, биылғы 9 айда аудан көлемінде 44 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам қаза тауып, 75 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 39,7 пайызға азайған.
Бақыт ҚАЗАНБАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі.