Спорт және туризм

Сауль Альварестің сойқан соққысы

Сауль Альварестің сойқан соққысы

Кәсіпқой бокстың жұлдызы, мексикалық оғлан Сауль Альварес өз есімін тарих парақтарына алтын әріппен жазды. Ол төрт салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Жартылай ауыр салмақ дәрежесіне көтерілген Сауль Альварес пен ресейлік Сергей Ковалев арасындағы шайқасты бокс жанкүйерлері асыға күткені жасырын емес. Бұл кездесуде букмекерлер де жеңісті Сауль Альварестің еншісіне жазған болатын. Өз кезегінде Мексика боксшысы сол сенім үдесінен шыға білді. WBO тұжырымы бойынша Ковалевке тиесілі әлем чемпионы атағы сарапқа салынған шайқас тартысқа толы болды. Кездесуді Ковалев жап-жақсы бастады. Бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланған ол жекпе-жек бел ортасына таяғанша қарсыласынан кем түскен жоқ. Шайқастың екінші жартысында мексикалықтың үстемдігі көзге айқын көріне бастады. Өзіне қажетті арақашықтыққа бұзып кірген Саульдің жойқын соққылары Ресей боксшысын жайсыз сезінуге мәжбүр етті. Сергейдің физикалық тұрғыдан әлсірей бастағаны аңғарылды. Альварес жастық жалынмен раунд өткен сайын басымдылығын арттыра түсті. Кездесу он бірінші раундта мәресіне жетті. Сауль Альварестің сериялық жойқын соққыларын өткізіп алған Сергей Ковалев терең нокаутқа түсіп, ес жия алмай қалды. Оң қапталдан және сол қапталдан жұмсалған соққылар шынында да жойқын шықты. Осылайша Сауль Альварес жартылай ауыр салмақ дәрежесінде WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Дәл осы Сауль Альвареспен екі мәрте қолғап түйістірген отандасымыз Геннадий Головкин ер екен. Головкин де Лас-Вегаста шайқасқа түсті ғой. Бірінші кездесуде төрешілер Генаның айқын жеңісін «тартып» алғанын, тең нәтиже тіркегенін жанкүйерлер өте жақсы біледі. Тіпті, Аделайда Берд деген төрешінің есеп қағазы езуге еріксіз күлкі үйіргені бар. Сол Головкин Альварестен екінші шайқаста да кем түспей, кемі тең түскен еді ғой. Тағы да төрешілер іске кірісіп, сол жолы мексикалықтың қолын көтерген-ді. Әрине, өкінішті. Жас туралы айтамыз. Головкин де жасы біразға келгенде Альвареспен қолғап түйістірді. Бірақ өзінің осал еместігін рингте көрсете білді. Сергей де қартайып қалған жоқ. Тек Альвареске оның физикалық әлеуеті жетпей қалған секілді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.