- Advertisement -

Ветеринариялық пункт тер ғимарат тармен қамтылуда

48

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауда еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Президентіміз «Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес» дей келіп, ет өндірісін ұлғайтудағы, жем-шөп дайындаудағы бірқатар мәселелерді көтергені белгілі.
«Малым – жанымның садағасы» деген қазақтың тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен тікелей байланысты болғаны, дархан даланың төсінде қоралы қой, өріс тола түйе, үйір-үйір жылқы өргізіп, өнімдерін ішіп-жейтін азық, киетін киім, мініске пайдаланғаны белгілі. Сондықтан төрт түлік малдың қарасын көбейтуге барынша күш салды. Күтіп-баптауға, аман сақтауға асқан ұқыптылықпен, жоғары жауапкершілікпен қарады. Бұл үрдіс қазір де өзінің сан ғасырлық байланысын үзбей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Оған бүгінгі таңда ветеринария саласының қосып отырған үлесі ерен.
Жалпы, кеңестік дәуірде гельминтологияның негізін салған академик К.Скрябиннің «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деуі тегін емес. Ветеринария қызметіне берілген ең жоғары баға осы болса керек!
Бүгінде ветеринарларға қойылған талап – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, ауруларды диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған орай өңірімізде ветеринариялық іс-шаралармен 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын айналысуда. Олардың қарамағында 160 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Онда жоғары және арнайы орта білімі бар 887 ветеринар маман еңбек етуде.
Биыл өңірімізде эпизоотиялық іс-шараларды жүргізуге республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге (субвенция) қаралып, ол қаражат барлық аудандарға бөлініп берілді. Бұл салаға бөлінген қаржы биыл өткен жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға артқанын көрсетіп отыр. Осыдан-ақ мемлекеттің салаға қаншалықты көңіл бөліп отырғанын аңғару қиын емес.
Облыста жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы вакцинация және аллергиялық зерттеулердің – 13, диагностикалық зерттеулердің 23 ауру түрі бойынша жоспарлы эпизоотияға қарсы іс-шара жүргізді. Оған қажетті барлық ветеринариялық препараттар алынып, аудандардағы уақытша сақтау орындарына жеткізілді. Ал диагностикалық зерттеу жүргізілген талдау қорытындысы төрт түлік мал арасында созылмалы сарып ауруының жылдан-жылға төмендеп келе жатқанын көрсетіп отыр. 2010 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қараның сарып ауруына шалдығуы – 86, уақ мал 17 пайызға төмендеген. Малдан жұғатын сарып ауруымен адамдардың сырқаттануы 2010 жылмен салыстырғанда 255 адамға кеміген – (2010 жылы – 402 адам, 2019 жылдың 9 айында – 147 адам).
Сарыпқа шалдыққан ауыл шаруашылығы жануарлары дер кезінде оқшауланып, ветеринариялық талаптарға сәйкес мамандардың қадағалауымен сою орындарына жіберілуде. Бұдан бөлек, облыс аумағында энзоотиялық ауруларға қарсы күресті жүргізуге 388 миллион теңге бөлініп, мүйізді ірі қара малының тейлериоз ауруына, жылқының сақауына, сальмонеллез (қылау) ауруына қарсы егілетін вакциналары алынып, алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылды.
Облыста азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау және қадағалау жұмыстары талапқа сай жүргізілуде. Өңірде 14 стационарлық, 4 жылжымалы ветеринариялық-санитариялық лаборатория жұмыс істейді. Жалпы, аймақта 11 мал сою пункті, 52 мал сою алаңы, 3 ет өңдеу комбинаты, 1 құс өңдеу кәсіпорны, сондай-ақ мал өлекселерін залалсыздандыратын 41 биотермиялық шұңқыр және өлексені өртейтін 16 стационарлы, 5 жылжымалы инсениратор бар.
Жалпы, мал иелері тарапынан ветеринариялық заңнама талаптары бұзылған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 406-бабымен оларға айыппұл салынады. Биыл 9 айда заң талабын сақтамаған заңды және жеке тұлғаларға 8 миллион 509 мың 748 теңге айыппұл салынған. Бүгінде оның 7 миллион 713 мың 873 теңгесі өндірілген. Ал ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындау үшін 1186 нұсқама берілген.
Сібір жарасы көмінділерінің кадастрі бойынша өңірімізде 189 сібір жарасы ошағы белгіленген. Бұл ошақтар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға (топографиялық картаға енгізілген, бетондалған, қоршалған және ескертпе тақтайшалары орнатылған) сәйкестендіріліп, тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актісі алынып, бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйеге енгізілген.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын жүргізуге Ауыл шаруашылығы министрлігінен 188 388 мүйізді ірі қараға, 1629954 бас қой-ешкінің құлақ жапсырмалары аудандарға таратылды. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары облыс әкімінің орынбасарымен бекітілген 2019 жылға арналған іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіліп, бірдейлендірудің деректер қорына енгізілуде.
Ауылдық округтерде құрылған 160 ветеринариялық пункттің 75-і өткен жылы қызметтік үй-жаймен қамтамасыз етілген. Биыл олардың саны 48-ге жетіп отыр. Қалған 37 ветеринариялық пунктті қызметтік үй-жаймен қамтамасыз ету 2020 жылға жоспарланған. Сонымен қатар елді мекендердегі төрт түлікке дәрі егу, қан сынамаларын алу үшін арнайы алаңдар мен эктопаразиттерге қарсы дәрілеуге (шомылдыруға) арналған душтармен қамту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 374 елді мекеннің 126-сы душпен қамылған. Жыл соңына дейін 67-сін ашу жоспарда бар. Бұдан бөлек, 9 кенеге қарсы уақ мал шомылдыратын мал тоғытпаларымен қамту кезделген.
Сондай-ақ жылдар бойы жүргізілген сапалы жұмыстың нәтижесінде, Конго- Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан елді мекендерде 3 жыл көлемінде ауру және залалданған кене тіркелмегендіктен, елді мекен саны 83-тен 48-ге кеміп отыр. Облысымызда эндемиялық аймақта орналасқан Мойынқұм, Сарысу, Талас, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының аумағында кенеге қарсы жұмыстар көктемде 2 кезең, күзде 1 кезеңмен жүргізіліп, толық аяқталды. Нәтижесінде, 50 елді мекендегі жалпы көлемі 4788547 шаршы метрді құрайтын 18 127 қора-жай залалсыздандырылып, 465 468 бас ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы дәріленді. Бүгінгі күнге табиғи ошақта 22 мал тоғытпасы және 38 душ қолданысқа алынған. Қора-жайларды дезинфекциялау жұмыстары 17 ДУК автокөлігімен (Тараз қаласы – 2, Сарысу – 3, Талас – 3, Мойынқұм – 5, Жамбыл – 2, Байзақ – 2) жүргізілді.

Оспан БЕРДИЯРОВ,
облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support