- Advertisement -

Атқарылған шаруаға жұрт риза

33

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Елбасының «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруды жалғастыратындығын мәлімдеді. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырғаны белгілі. Жалпы, биыл біздің өңірімізде жоба аясында 3 ауданның орталығында 108 жоба қаржыландырылып, жүйелі жұмыстар атқарылған болатын. Соның бірі – Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылы.

Аса ауылын жаңғырту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 726 миллион теңге бөлініп, 35 жоба қаржыландырылды. Аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиевтің айтуынша, оның 86 миллион теңгесі (8 жоба) көшелерді жарықтандыруға бөлініпті. Ал 14 миллион 757 мың теңгесі (1 жоба) сумен жабдықтауға, 149 миллион 533 мың теңге (3 жоба) білім, 175 миллион 809 мың теңге (2 жоба) спорт нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге, 300 миллион 766 мың теңге (21 жоба) жолдарды жөндеуге қаралыпты. Бүгінде ауданда жүзеге асырылуы тиіс 35 жобаның 32-сінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген.
Атап айтсақ, пайдалануға берілген нысандардың ішінде Б.Момышұлы атындағы орта мектептің бастауыш сынып ғимараты, (Құрылысын «Дезинфекционный Центр-Гарант» ЖШС жүргізген) «Сәуле» бөбекжайы («Айна-Сити» ЖШС) мен орталық стадион (Арқат-Өркендеу ЖШС) ағымды жөндеуден өткізілген.
Бұдан бөлек, Абай, Қойгелді, Ш. Қалдаяқов, М.Әуезов, Махашев, Жамбыл, М.Мәметова, Қилыбаев көшелері жарықтандырылған. Бұл жұмыстарды «Кен-Байтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Сумен жабдықтау жүйесін «Еди-Мар Құрылыс» ЖШС аяқтап отыр. Сондай-ақ Ы.Алтынсарин, Абай, Шманов, Төле би, Желтоқсан, Ғ.Мұратбаев, Д.Қонаев, Қойгелді, Гагарин, Жеті төбе, Қилыбаев, Ш. Уалиханов көшелері мен олардың бұрылыстары, аталған көшелерде орналасқан мемлекеттік мекемелердің кіре берістеріне (Құрылысын жүргізген «Тараз-көлік жолы» ЖШС) асфальт жабындары төселді.
Қазіргі таңда Аса ауылының орталық Абай көшесі бойымен ұзына бойы қос қапталын қатар алып жатқан арыққа жаңа бетон суағарлар лотоктары салынып, орнатылуда. Бұл жұмысты сеніп тапсырылған мердігер «Тараз-көлік жолы» ЖШС жауапкершілікпен атқаруда. Бұдан бөлек, осы көше бойында әмбебап залы бар үлкен спорт-сауықтыру кешені салынуда. Жобаның құны 507 миллион теңгені құрайды. Нысан келесі жылға өтпелі болғандықтан, биылға 150 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда ғимараттың бірінші қабаты тұрғызылып, қабырғааралық жабыны құйылуда. Құрылыс басында 60 адам еңбек етуде. Нысанның құрылыс жұмыстарын «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Жалпы, аудан орталығындағы жоба аясында атқарылған жұмыстар туралы айту үшін Аса ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ертай Бозымбековті сөзге тарттық.
– Елбасының «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көп жұмыс атқарылды. Бұл жобаға Президентіміз де аса мән беріп отыр. Осының арқасында Асадағы көптеген кейбір көше жолдарына асфальт жабыны төселді. Көшелер жарықтандырылды. Ауызсу жүйесі жаңғыртылды. Бүгінде істелген жұмыстың игілігін ауыл тұрғындары көруде. Әлі жұмысы бітпеген үш нысан бар. Біріншісі, Абай көшесінде жол жиегіне салынып жатқан суағар жүйесі. Оның құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталып қалды. Екіншісі, музыка мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстары. Онда қазіргі таңда әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғысы – келесі жылға өтпелі жаңа спорт мектебінің құрылысы. Бұл нысандарда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Алдыңғы екі нысан қараша айында пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз, – деді ол.
Осыдан кейін Ертай Бозымбеков бізді №34 саз мектебіне бастап келді. Кеңестік дәуірден қалған Жамбыл атындағы кинотеатр талай жыл қаңырап бос тұрған еді. Жергілікті билік оны аудандық білім бөліміне өткізіп, музыка мектебін ашпақ. Сүйегі мықты ғимаратта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын көрдік. Оның құрылысын «Райша – 3» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Серіктестіктің атқарушы директоры Нұрбол Сұлтанмұратұлының айтуынша, нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін құрылыс жұмыстарына 128 миллион теңге бөлініпті. Ғимараттағы құрылыс жұмыстары кесте бойынша 20 тамызда басталған. Мердігер оны 20 желтоқсанда тапсырғалы отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 70 пайызға біткен. Қалып отырғаны әрлеу және ауласын абаттандыру.
Құрылыс алаңында 40 адам еңбек етуде. Оның 20-сы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұрғандар. Мұнда еңбекақы құрылыс жұмыстарының көлеміне қарай төленеді екен. Біз келгенде мойын бұрып қарауға мұршалары келмеген құрылысшылардың асығыстығын енді түсінгендей болдық.
Осында әкелі-балалы Қойлыбай мен Ғалымжан Жүнісовтер еңбек етеді. Олар мұнда халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасыпты. Отағасы Қойлыбай: «Мұнда балам екеуміздің жұмыс істеп жатқанымызға үш ай болды. Жалақымызды уақтылы алып, отбасымызды асырап отырмыз. Өз басым ауылдағы осындай игі іске араласып, үлесімді қосып жүргеніме қуанамын. Әйтпесе көп жерде жасы келген деп біз сияқты алпысқа таяған адамдарды жұмысқа алмайды. Осында жұмысқа алып, сенім артқан халықты жұмыспен қамту орталығы мен аудан басшыларына рахмет! Зейнеткерлікке аз қалды ғой. Мүмкін жаңа ашылып жатқан ғимаратқа қарауыл болып орналасып алсам деп үміттеніп жүрмін, – деді ол. Ал баласы Ғалымжан: «Ауылдан, үйдің қасынан жұмыс шыққаны жақсы болды. Әйтпесе жұмыс іздеп, алыс қалаларға кетуші едік. Әке-шешем, отбасымның қасында жұмыс істегенге не жетсін. Ауылымыз өсіп-өркендей берсін. Жұмыс болса, біз одан қашпаймыз, – деп жастық жігер танытты.
Бұдан кейін тапсырылған нысандарды аралап шықтық. Ы.Алтынсарин көшесіне тоқтап, тұрғындарды сөзге тарттық. Өзін Алма Әлиева деп таныстырған көше тұрғыны «Бұрын бұл көше жауын жауса батпақ болып, жазда шаңы бұрқырап жатушы еді. Биыл ауызсу жүйесі, кәріз жүйесі тартылып, жол үстіне асфальт жабыны төселді. Бұл жұмыстарды «Тараз көлік жолы» ЖШС-ның тыңғылықты атқарғаны көрініп тұр. Сондай-ақ көшемізге жарық тартылып, мектептен кеш қайтқан балаларымызға жақсы болып қалды», – деді ол.
Аса ауылында көп жұмыс атқарылған. Сапасы да жақсы көрінді. Ең бастысы, жасалған жұмысқа халықтың көңілі толып отыр.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support