- Advertisement -

«Қасапшыға – пышақ, журналистке – сөз керек»

129

- Advertisement -

белгілі журналист Қайнар Олжайдың ұстанымы осы

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың мәжіліс залында Қазақстан ұлттық телеарнасының бас редакторы, белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай журналистика мамандығының және филология факультетінің студенттерімен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Басқосуды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.
– Әрине, дәл қазір біраз дәріс оқуға болады. Алайда мен уақытты созбай, үзік-үзік ойларымды өздеріңізбен бөліссем деп отырмын. Ал дәрістерімді іздеген жан болса, интернетте толып тұр. Журналист ең алдымен қазақ тілін жетік меңгеруі керек. Қазір көп журналистер тіл білмейді, сауатсыз жазады. Журналист сауатсыз болса, бүкіл халық сауатсыз болады. Өйткені журналист қалай сөйлесе, ауылдағы адам да солай сөйлейді. Осыдан-ақ байқалатыны, ұлттың сауатты болуы – ең алдымен журналистің сауатты болуына байланысты. Осыны қаперден шығармаған жөн. Сөйлемнің қалай құрылатынын, сөздің қалай жазылатынын қазірден бастап көкейлеріңізге тоқығандарыңыз дұрыс. Сонымен қатар көркем әдебиетті көп оқыңыздар. Қазақтың көркем әдебиеті бейнелі сөздерге, астарлы ойларға толы. Ал сол сөздерді қисынмен қолдана білсе, ол журналистің бірінші қаруына айналады. Қасапшыға – пышақ, журналистке – сөз керек. Сондықтан сөзді терең меңгерген журналист мықты маман ретінде қалыптасады, – деді қазақ журналистикасының мэтрі Қ.Олжай.

* * *
Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған келелі кездесу Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада жалғасты. Белгілі журналист, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген модераторлық еткен семинарға жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Қайнар Олжай қазіргі журналистикадағы жаңашыл-дықтарға тоқталып, дәстүрлі журналистика мен блогерлер бәсекесі қызып тұрғанын, журналист білімді болса блогерлерді шаң қаптырып кететіндігін де айтты. «Кейбір сайттардағы мақалалардың деңгейі басылымдармен салыстырғанда мектептердегі қабырға газетімен тең», – деп баға берді.
Семинар барысында облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, «Arai» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді, облыстық «Aq jol» газетінің қызметкері Ерман Әбдиев, «Тараз 24. kz» ақпарат агенттігінің директоры Зарина Қуат, ақын Баймаханбет Ахмет, «77» телеарнасының редакторы Ақсәуле Әбдірай және басқалар сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
– Мен бұрнағы жылдары жұмыста жас журналистерге 10-15 минут дәріс оқитынмын. Кезекті бір басшылық келгенде, оны доғаруымды өтінді. Бір жақсы қасиет болу керек – басшыны тыңдау деген. Біздің елде бір кемшілік, басшыға бағына білмейді. Адам мәдениетті қызметкер болам десе, бірінші бағынуды үйренуі керек. Сондықтан ол айтты, мен бағындым. Сосын жас журналистер өздері бастамашы болып, дәрістерді арнайы топ ашып, фейсбукте жүргізуімді өтінді. Осылай фейсбук парақшасында «Қайнар Олжайдың сабақтары» деген топ ашылды. Ол топқа кіруді ешкімнен өтінген жоқпыз, барлығы өз еріктерімен кірген. Қазір топқа кіргендердің саны үш мың екі жүзден асты. Мен Қалтай Мұхамеджановтан, Шерхан Мұртазадан, Сейдахмет Бердіқұловтан сабақ алдым. Білгенімді жас журналистерге үйрету – парызым. Ақы алатын және алмайтын нәрсең болады. Ақы алмайтын ол – парызың, ақы алатын ол – еңбегің. Еңбегім үшін үкіметтен айлық аламын. Ал сол топтағы сабақтарым үшін ақы алмаймын. Ол – менің парызым. Өзім туған аудан «Ауданның Құрметті азаматы» атағын береміз деп шақырды. Бармай қойдым. Себебі, атақ маңызды емес. Әр журналистке өзінің жеткен жетістігінен, елдің алдында жинаған абыройынан артық бақыт та, атақ та жоқ, – деп ағынан жарылды Қ.Олжай.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support