Нақты міндеттер жүктеді
Нақты міндеттер жүктеді
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының атқарылу барысы қаралды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев жоба аясындағы пилоттық он ауылдық округ бойынша бекітілген жұмыс алгоритмінің орындалуы туралы баяндады. Басқарма басшысы жобаға қатысушылардың өтінімдерін қабылдаудың күнделікті жоспары белгіленгенін айтып, ол бағытта қызу жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бүгінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 1 421 құжат өткізіліп, оның 1 350-і қабылданған. 71 құжат қайта қаралуға жіберілген. Сондай-ақ сатып алынатын мал басының, тұқым мен тыңайтқыштың, жем-шөптің жоспарлы көрсеткіші мен құрылған кооперативтердің қажетті техникамен қамтылу жүйесіне тоқталды. Асқар Исабекұлы Үкіметте бекітілген тиісті қаражаттың бүгін-ертең түсетінін тілге тиек етіп, құжат қабылдау шараларын толығымен аяқтауды тапсырды. Ол бойынша жоспарды толық орындамаған аудандардың сылбыр жұмыстарын сынға алып, нақты міндеттер жүктеді. Облыс басшысы жоба аясында ауылдарда құрылған кооперативтердің техника базаларының орналасу аймағына көңіл бөліп, алдағы уақытта ауылдық округтер маңынан шағын қайта өңдеу зауыттарын салудың маңыздылығына назар аудартты. Ол бойынша жоспарлы жұмыстарды қазірден жүйелей беру керектігін ескертті.