Саясат

МҰҚИЯТ ТАЛДАУ МЕН КЕШЕНДІ ТӘСІЛ КЕРЕК

МҰҚИЯТ ТАЛДАУ МЕН КЕШЕНДІ ТӘСІЛ КЕРЕК

Ағымдағы жыл басынан бері өңірде тіркелген құқық бұзушылықтар саны 12 пайызға төмендеп, 7274-тен 6354-ке азайған. Атап айтқанда, пәтер ұрлығы – 37,4, кісі өлтіру – 28,9, қарақшылық – 27,8, тонау – 24,7 пайызға кемісе, аса ауыр қылмыстарды ашу – 01,8, ауыр қылмыстарды ашу 91,8 пайызға артқан. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің тоғыз айлық есепті жиынында айтылды. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовке аталмыш полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев ағымдағы жылдың алғашқы үш тоқсанындағы жұмыс қорытындысы туралы баяндады. Ол қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстарды азайту үшін, атап айтқанда, ұсақ бұзақылық, спирттік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, сондай-ақ оларды жасауға мүлдем төзбеушілік қағидасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтау секілді алдын алу бойынша нақты шаралар қабылданғанын айтып өтті. Сондай-ақ департамент басшысы жыл басында салынған айыппұлды бюджетке өндіру туралы әкімшілік тарапынан тоғыз айға қойылған жоспар 31 пайызға асыра орындалғанын жеткізді. Бұл орайда өндіріп алуға жоспарланған 407 миллион 381 мың теңге болса, бүгінгі күні өндіріліп, жергілікті бюджетке түскені 590 миллион 689 мың теңгені құрап отыр. Сол секілді есепте тұрған адамдармен жұмысты ұйымдастыру және отбасы-тұрмыстық салада жасалатын қылмыстардың алдын алу мәселесі де ерекше назарда екен. Нақтырақ айтсақ, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар саны 28,1 пайызға қысқарған. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов жұмыстың жүйелілігіне, әкімшілік істер бойынша айыппұлдардың қатаңдығына назар аударуға шақырды. Кәмелетке толмағандарға алкоголь сататын бизнес субъектілерінен лицензияларды қайтарып алу, барлық жол ережесін бұзушыларды атағы мен лауазымына қарамастан қатаң жазалау, вандализм фактілерімен ымырасыз күресу, экологиялық және табиғатты қорғау, мал ұрлығын азайту мәселелеріне айрықша көңіл бөлуді міндеттеді. Асқар Исабекұлы құқық қорғау органдарының жұмысын жандандыра түсуді, салада атқарылатын жұмыстардың аз еместігін ескертіп, түйінді түйткілдерді шешу үшін мұқият талдау және кешенді тәсіл қажеттігін баса айтты. Жиында азаматтардың қауіпсіздігін және көшелердегі тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығы, мектеп инспекторларының мәртебесін көтеру бастамалары сараланды.