Білім

«Аq jol» – сырласымыз, серігіміз

«Аq jol» – сырласымыз, серігіміз

Меркі – жер жәннаты аталған, экономикасы қарыштап дамып келе жатқан аудан. Мұнда жүзеге асырылып жатқан игі істер облыстық «Aq jol» газетінде жүйелі жазылып келеді.

Өңірде оқырмандарымыз да аз емес. Жылдағы дәстүр бойынша облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы аудандағы оқырмандармен кездесті. Басылым басшысы Меркі ауылындағы «Үміт» оқушылар сарайына жиналған жұртшылықпен емен-жарқын әңгіме-сұхбат құрды.

Газет басшысы әңгімесін Меркі өңірі табиғатының әсемдігі мен осынау қасиетті жерде туып-өскен, еңбек еткен тұлғалар туралы айтудан бастады. Тұрар Рысқұлов және батыр Ақкөз Қосанов туралы әңгімеледі. Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Мемлекеттің қос қанаты бар, оның бірі – экономика, екіншісі – руханият» деп айтқан сөзін тілге тиек етті. – Қазір Құдайға шүкір, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Халықтың қорасы малға толды. Бүгінде бірқатар аулаларда қос-қос жеңіл көлік бар. Демек, біздің руханиятымыз кенжелеп қалмауы керек. Кейде бір үйлерге барсақ бөлмелері қымбат та сәнді жиһаздарға толып тұрады. Ал газет-журнал және кітап көрінбейді. Кеңестік кезеңде газет-журнал және кітап оқу – басты құндылықтардың бірі болып табылатын. Жұрт көзі ашық, көкірегі ояу білімді азаматтарды сыйлап, құрмет тұтатын. Кез келген мемлекеттік басылым оқырмандарын адамгершілікке, ізгілікке шақырады, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Мерзімді басылымдарды үзбей оқитын адамдардың ой-өрісі кең, білім-білігі мол болады. Газет әсіресе жастарды дұрыс және жатық сөйлеуге үйретеді, жан-жақты болып өсуіне игі ықпалын тигізеді. Біз осы мақсатта оқырмандарымыздың таным көкжиегін кеңейту үшін арнайы бірнеше беттер беріп келеміз. Оқырмандар олардың арасынан өздеріне қажетті ақпараттармен қатар, құнды мәліметтер алады. Сіздер жақсы білесіздер, айналада қымбаттамай жатқан дүние жоқ. Жұртшылыққа қолайлы әрі қолжетімді болу үшін газеттің бағасы өзгерген жоқ. Оған жарты және бір жылға жазылуға болады. Жартыжылдық жазылым бағасы – үш мың, бір жылға алты мың теңге. Есесіне үйіңізге аптасына үш рет, 6-8 беттік, әлем, еліміз және облыс жаңалықтары жарияланған басылым келіп тұрады. Бүгінгі таңда ғаламтор, әлеуметтік желілер өркен жайып келеді. Алайда олар тереңнен тербеп, мәселенің мәнісін бүге-шігесіне жеткізіп, сүзгіден, ой елегінен өткізіп, мақала жариялайтын ақпарат құралдарымен теңесе алмайды, – деді ол. Оқырман Жанар Серікқызы газет бетінде мұғалімдердің іс-тәжірибесі туралы көбірек жазылса деген ұсыныс айтты. Зейнеткер Сүлеймен Әлпейісов пошташылардың газет-журналдарды 10 күнде бір рет жинап әкелетінін, «Қазпошта» қызметіне көңілі толмайтынын жеткізді. Бас редактор көпшілікке редакцияның өнім өндіруші екенін, ал «Қазпоштаның» жеткізіп беруші қызметін атқаратынын тілге тиек етті. Дегенмен, алдағы уақытта бұл мәселені көтеріп, тиісті мекеменің басшысына жеткізетінін айтты.

Нүсіпхан Зікірбаев, зейнеткер: – «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген бар. Әртүрлі саланың сөз зергерлерінің мінбері «Aq jol»-дың облыс өміріндегі алатын орны ерекше. Газетте жер, кооперативтер және шаруа қожалықтарын біріктіру туралы жазылса деймін. Ұлы математик ғалымдардың бірі – Пифагор «Жақсы дәстүр-салтың болсын» деген екен. Өз газетіміздің бетінде салт-дәстүрлеріміз туралы кеңінен жазылса... Газет қоғамның қозғаушысы, тәрбиешісі ғой. Біз өз салт-дәстүрімізді ардақтасақ, одан ұтылмасымыз анық. Шерхан ағамыз «Тілі жоқ халық – балық» деген. Облысымыздың айнасы «Aq jol» газеті тіл, салт-дәстүрді үнемі биікке көтеріп, туын желбіретіп келеді.

Бекқұлы Әлиев, зейнеткер: – Мен Т.Рысқұлов ауданының азаматымын. Іссапармен Меркіге келіп, мынадай кездесудің үстінен түскеніме өте қуаныштымын. Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды іздестіріп, тауып, аттарын ұлықтап, олардың ұрпақтарының алғысын алып жүрмін. Облыстық газет жазғанымды үзбей шығарып тұрады. Газет басшысына шынайы алғысымды білдіремін. «Aq jol» – серігіміз, сырласымыз. Оған міндетті түрде жазылуға шақырамын.

Қази Жұмалиев, зейнеткер: – Редактор Тұрар Рысқұлов, Ақкөз Қосанов туралы сөз етті. Мен сол Ақкөз батырдың шөбересімін. Мына кездесуге халықтың көп жиналғанына қуанып отырмын. Меркіде 90 мың халық тұрады. Екі мың газетке жазыламыз дейді. Ол – аз. Меркіміз күннен-күнге көркейіп келеді. Оны да естен шығармаңыздар. Мына Оңтүстік Кореяның Президенті халқымен кездесулерінде «Біз тауықтан жақсымыз ба?» деп сұрақ қойса керек. Халық «Жақсымыз, жақсымыз» депті. «Ендеше, біз тауықтан бұрын тұрып еңбек етейік» депті. Сөйткен Корея бүгіндері алдыңғы, өркениетті мемлекеттердің қатарында. Біз де еңбек етейік, білімімізді жетілдірейік. Сонда ғана өркениетті ел боламыз. Мемлекеттік тілді ұлықтайтын төл газетімізге жазылайық.

Серік Құралбай, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы: – Ғаламтор күнделікті өмірімізге дендеп енді. Солай десе де баспасөзге деген сұраныс төмендемейді деп ойлаймын. Жан-жақты дамыған Жапон елінде 4018 сайт болса, бүгінгі күні 1860 мерзімдік басылым тіркеліп, оқырмандарымен қауышып отыр. «Иомиури» газеті он миллион данамен таралады екен. Сондықтан «Aq jol»-дың таралымы таяу жылдары 30 мыңға жететініне сенімім мол. «Aq jol» әр үйдің төрінде тұруға лайық газет екеніне дау жоқ.

Меркі ауданы.