Саясат

Өңірді дамыту бағдарламасынан өзекті мәселелер тыс қалмайды

Өңірді дамыту бағдарламасынан өзекті мәселелер тыс қалмайды

Елбасы, «Nur Otan» Партиясы Төрағасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық фракцияның отырысында өңірлерді дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысына үлкен мән беріп, бұл бағытта партиялық тыңдаулар ұйымдастырылуы керек екенін ескерткен болатын. Сондай-ақ 2025 жылға дейін аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламасын жасауды міндеттегені белгілі.Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында партияның облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының отырысы өтіп, аталған мәселелер өткір талқыланды. Жиынға өңір басшысы, саяси ұйымның аймақтық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов қатысты. Жалпы бұл басқосудың кезекті жиналыстардан мәні мен мазмұны өзгеше болғанын айта кету керек. Фракция отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, партияның Тараз қалалық және аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыс әкімдігінің басқармалары мен мемлекеттік мекемелер басшыларының түгелдей дерлік келуі алдағы уақытта әзірленетін «Өңірді дамыту бағдарламасы» жобасының қаншалықты маңызды екенін көрсеткендей.

«Nur Otan» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі Масат Берік ашып, жүргізген жиында негізгі төрт мәселе қаралып, қызу талқыға түсті. Елдегі ішкі тұрақтылықты сақтау үшін қарапайым азаматтардың әл-қуатын жақсарту жайы да назардан тыс қалған жоқ. 2016-2020 жылдарға арналған қолданыстағы бағдарламаны іске асыру барысы мен осы кезеңде туындаған проблемалық мәселелерге кеңірек тоқталған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова жаңа 2025 жылға дейінгі өңірді дамытудың бағдарламасы жобасын дайындау кезінде ескерлетін көрсеткіштер мен кемшіліктерді өз баяндамасында ашып көрсетті. – Алға қойған ауқымды міндеттің бірі – өңірді дамытудың 2011-2025 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу. Қазіргі кезде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы №790 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

Бұл өзгерістер облыстардың даму бағдарламасының жаңа форматында макроиндикаторлар мен бюджет қаражатымен өзара байланысын арттыруға бағытталған 2 деңгейдегі индикаторларды қалыптастырумен қатар, бағдарламаны әзірлеу процесінің ашықтығын арттыруды және оған қатысушылардың шеңберін кеңейтуге мүмкіндік беру үшін интернет порталында көпшіліктің талқысына салуды талап етеді. Сонымен қатар өңірлік деңгейде Стратегиялық карта индикаторлары бойынша жиынтық құжаттың және аймақтардың оларды іске асыруға қосқан үлесін көрсететін мемлекеттік бағдарламалар индикаторлары картасын жасау көзделуде. Ал ол тиісті орталық мемлекеттік органдардың ұсынымдарына сәйкес дайындалады, – деді баяндамашы. Бағдарлама жобасын әзірлеуде жергілікті деңгейдегі депутаттық фракциялардың мүшелеріне артылатын жауапкершілік жоғары болары сөзсіз. Себебі олар өз сайлаушыларының аманатын арқалаған, жұрт сенім білдірген өкілдер. Ал өзекті жайттар өткір проблемаға айналмауы үшін жұрттың тілегін тыңдап, оның шешімін табуға тырысу керек. Міне осыған байланысты «Елді мекендердің кешенді «Тәуекелдер картасы» қалыптастырылыпты. Нақтырақ айтсақ, облыстың ең өзекті жергілікті проблемаларының кешенді «қауіп-қатер картасы» әзірленген екен. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұловтың сөзіне сүйенсек, оған негізінен ішкі саяси тұрақтылыққа әсер етуші салалар мен факторларды зерделей отырып, 25 мәселе енгізіліпті. Оның 7-еуі қоғамдық-саяси ахуалға кері әсер тигізуі мүмкін түйткіл болса, 18-і әлеуметтік-экономикалық проблема. Аудандардағы «Тәуекелдер картасына» енгізілген мәселелерге қатысты облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі Масат Берік, депутат Мұратқали Сәрсенов баяндамашыға сұрақ қойып, оның өзектілігін айқындай түсті. Иә, түйткілді жайттардың шешімін тауып, жұрт наразылығының алдын алу – өңірді дамытудың бірден-бір жолы. Қоғамдық келісім – экономиканы тұрақтандырудың кепілі. Сол себепті жиында жарыссөзге шыққан облыстық мәслихаттың депутаттары – Абай Нұржанов, Мейрамбек Төлепберген, Бақыт Сауранбаев елмен етене болу аса маңызды дейді. Ол үшін елді мекендерге жиі барып, жергілікті жерлерде туындаған мәселелердің шешімін дер кезінде табуға ұмтылу қажет екенін алға тартты. Әсіресе облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Мылтықбайұлы кейбір өндіріс орындарында қалыптасқан еңбекақы қарыздарына байланысты ойын ашық айтып, өтелген қарыз сомаларына да тоқталып өтті. «Біздің өңірде анау айтқандай, еңбек даулары туындамайды, ал әлеуметтік мәселелер – әлеуметтік көңіл-күйге әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Сондықтан шалғай ауылдарға барып, ондағы тұрғындардың жай-күйін көріп, айтарын тыңдап қайтуға, әсіресе, депутаттар мүдделі болуы тиіс. Себебі халық аманатын арқалау – үлкен жауапкершілік», – деді ол. Жарыссөзге «Nur Otan» партиясының Меркі және Қордай аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Мұратбек Көкірекбаев пен Дамира Сүгірбай да өз ұсыныстарын жеткізді. Ал депутат Халит Базаралиев облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өңірімізде жүзеге асырылып жатқан, республикада баламасы жоқ тұрғындардың табысын арттыру жобасы туралы айта келіп, жиында көтеріліп отырған мәселелердің бір шешімі осы екенін сөз етті. Жиында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар әртүрлі болғанымен, бәрінің көздегені бір. Ол – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту. Өңірді дамыту бағдарламасы да осы мақсатта әзірленбек. Бірақ оны қалыптастыруда нені ескерген жөн? Бағдарламаны жүзеге асыруда ұсынылатын тиімді жүйе қандай? Фракция отырысында қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімі Асқар Мырзахметов соны саралап айтып берді. – Өңірді дамыту бағдарламасын әзірлеу туралы сөз болғанда Меркі ауданының өнеркәсіп саласы туралы да айтылды. Облыстағы іргелі аудандардың бірі осы. Бірақ 9 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісін бір ғана қант зауытының көрсеткіші артқа тартып тұр. Бұл нені көрсетеді? Турасы сол – ауданның экономикасы әртараптандырылмаған. Міне, осындай кемшіліктер әр ауданда бар. Сондықтан бағдарлама жобасында осының бәрі ескеріліп, жамбылдықтардың әлеуметтік жағдайына әсер ететін барлық мәселе көрініс табуы тиіс, – деді Асқар Исабекұлы. Өңір басшысы өз сөзінде Жамбыл – аграрлы аймақтардың бірі болғандықтан, жерді, әсіресе, суармалы жерлерді толық игеру жолдарын қарастыру керектігін айтып өтті. Облыста осы мақсатта арнайы механикалық жасақ құрылып, нақты жұмыстар қолға алынғалы біраз болды. Бірақ аудандардағы жұмыс әлі тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отырған көрінеді. Бір ғана Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев мехотрядтың күшін пайдаланып, 9 каналды тазалап, суармалы жерлерді қайта айналымға қосып отыр. Соның арқасында ауылдағы ағайынның егін шаруашылығымен айналысуға, агросаланы әртараптандыруға деген құлшынысы артқан. Жалпы бұл жасақтың өңірде 10 мың гектарды қайта суландыруға мүмкіндігі жетеді екен. Алайда аудандардан түскен сұраныс 1300 гектар ғана. Асқар Мырзахметов осы көрсеткіштерді қынжыла жеткізді. Әр сала бойынша мәселені шешудің тиімді тетігін қарастырып, жұмысты жүргізудің жаңа жүйесі қалыптастырылуы тиіс екенін ескертті. «Былтыр медициналық қызмет көрсететін мүмкіндігі жоқ ауылдарға талдау жүргіздік. Ондай елді мекендердің саны 95 болды. Біз облыстық және республикалық бюджетке иек артып, мәселенің шешімін іздесек, әлі біраз жыл күтуімізге тура келер еді. Сол үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тетігін пайдаландық. Соның арқасында былтыр 29 амбулатория мен медпункт іске қосылса, биыл жыл соңына дейін біз бұл қажеттіліктің бәрін өтейтін боламыз», – дей келе, тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу, көше жолдарын жөндеу, елді мекендерді газдандыру, ауызсу проблемаларын шешуде де осындай тетіктерді қолдану керектігін баса айтты. Бұл жай сөз емес. Істің көзін тауып, жұмыс жүргізудің тиімді тетігін іздеудің арқасында неше жыл бойы шешімін таппай келген мәселелер бір жылда іске асқанына жамбылдықтар куә. Мәселен, Тараз қаласында Тайвань алқабындағы көшелерге асфальт төселді. Шаһардағы газ құбыры тартылмаған 35 саяжайдың 20-сының тұрғындары биыл бұл машақаттан құтылмақ. Тіпті ауызсумен қамтылған ауылдардағы ауласына су құбырын тарта алмай отырған 129 мың адамның 106 мыңы суды бөшкелеп тасымайтынын айтсақ та болады. Барлық саладағы қордаланған мәселелерді тарқата айтқан өңір басшысы қазіргі уақыт арқаны кеңге салатын кезең емес екенін ескертті. Бастысы, осының бәрі өңірді дамыту бағдарламасында көрініс табуы қажеттігін айтып, депутаттарды осыған атсалысуға шақырды. Жиын соңында қаралған төрт мәселе бойынша айтылған ұсыныстар ескеріле отырып, тиісті қаулылар қабылданды.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ардақ Үсейінова