Білім

Жаңарған Жамбылым

Жаңарған Жамбылым

Ауыл – сәулетті мектептерімен ажарлы

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="109684,109685,109687,109688,109689,109690,109691"]

Биыл өңірімізде үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешіліп отыр. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің осы салаға жіті көңіл бөліп, биылға облыс бойынша 16 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылғандықтан жаңа оқу жылында 5 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде апатты жағдайдағы – 1, үш ауысымды – 1 және орын тапшылығы бар 3 білім ошағы бар. Сөйтіп қаншама жамбылдық ұстаз заман талабына сай жабдықталған ғимаратта еңбек етуге мүмкіндік алды. Осының бәрі жас жеткіншектердің сапалы білім алуы үшін жасалып отырған жағдай. Бір айта кететіні, 1 қыркүйек – Білім күнінде ашылған 5 мектептің барлығы ауылдық жерлерде бой көтерді. Атап айтқанда, Т.Рысқұлов ауданы Жалпақсаз ауылындағы 48 орындық, Байзақ ауданы Ақшолақ стансасындағы – 120, Шу қаласы Тоғай алқабындағы – 300, Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылындағы – 140, Меркі ауданы Қазақ-Дихан ауылындағы 120 орындық орта және бастауыш мектептері жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастады. Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөліскен болатын. Сол жолы Асқар Исабекұлы өңірде жыл сайын пайдалануға берілетін жаңа мектеп пен балабақшалардың көбейіп жатқанын, бұл бүгінгі ұрпақтың білім нәрімен сусындап, өмірден өз орнын таба білетін білімді, сауатты маман болып шығуы үшін жасалған қадамдардың бірі екенін атап өткен еді. Елді мекендерге көрік берген еңселі ғимараттар елдің еңсесін де көтеріп тастады. Өйткені сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңіндегі қиындықтарды көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Сонда ғой барлық елді мекендерде Мәдениет үйлері мен балабақшалар, кітапхананың есігіне дейін қара құлып салынғанда, жабылмай қалған жалғыз сәулетті ғимарат мектеп еді. Ауылдағы ағайын үшін сол кезеңдегі білім мен мәдениеттің ошағы да сол болды. Шаруа баққан жұртты күнделікті күйкі тірліктің күйбеңінен арылтып, елдің еңсесін тіктеген де көшкен жұртта қалғандай қарайып тұрған осы білім мекемесі. Әйтсе де соңғы он жылдың көлемінде сонау елу-алпысыншы жылдары бой көтерген ғимараттар қанша жерден жөндеу жүргізіп, әрлегенмен тозығы жете бастаған. Саман кірпіштен қаланғандары апатты жағдайда деп танылып, сөйтіп елді мекендерде жаңа мектеп салу қажеттілігі өзекті мәселеге айналған еді. Елдің әлеуметтік жағдайы жақсарып, демографиялық ахуал тұрақтанған кезеңде бірқатар ауылдағы білім ошақтары үш ауысымды оқытуға көшіп, кейінгі кезеңде бұл да түйткілге айналған болатын. Міне, енді біздің өңірде бұл проблема толығымен шешімін тауып отыр. Пайдаланылуға берілген 5 мектептің құрылысы біреуі – республикалық, төртеуі – жергілікті бюджет қаржысы есебінен жүргізілді. Барлығы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін тағы 3 білім мекемесінің қосымша ғимаратының құрылысы аяқталып, балғындар үшін есігін айқара ашпақ. – Алдағы уақытта 4 нысан пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, 3 мектепке қосымша ғимарат және 1 мектеп-интернатына жедел саты орнатылады. Сонымен қатар қалған 3 нысан 2020 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олар – 1 мектеп, 1 мектеп-интернатқа және 1 колледжге қосымша ғимарат, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.

Жамбыл, Байзақ, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары.

 

Ардақ ҮСЕЙІНОВА