- Advertisement -

«Амангелдінің тарысын» алушылар көп

52

- Advertisement -

Мойынқұм ауданының Амангелді атындағы кеңшарында байырғы кездерде жүгерімен бірге тары да егіліп, амангелділіктер олардан мол өнімге қол жеткізгенін жақсы білеміз. Осы шаруашылыққа қараған бүгінгі Көкжелек, Күшаман ауылдарының диқандары өсірген тары Алматы, Тараз, Шу қаласы базарларында үлкен сұранысқа ие болатын. «Амангелдінің тарысы» деген атқа ие болған өнімді ауылға іздеп келіп, сатып алушылар да аз болмады. Алайда кейінгі жылдары каналдар жекеменшік қолына өтіп, тазаланбады. Су реттегіш құрылғылар істен шықты. Нәтижесінде егістікке су келмей, арпа, жүгерімен бірге тары да егілмей қалған. Аудан әкімі Мәден Мұсаев жеке иеліктегі каналдарды қайтарып алып, тазалатты. Диқандармен жеке-жеке сөйлесіп, олардың барлық жағдайларын жасады. Соның нәтижесінде биыл ауданда арпа, жүгері, тары егушілердің қатары көбейді. Нақтырақ айтқанда, аудандағы Көкжелек ауылында – 100, Күшаман ауылында 72 гектар жерге тары егілді. Жаз бойы жоғары күтім көріп, уақытында суарудың арқасында өсімдік бітік шықты.
Халық даналығында «Бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады» деп, тары дақылының маңыздылығын ерекше атап көрсеткен. Міне, мұны жақсы білетін күшамандық диқандар бітік өскен тарыны оруды аяқтап келеді.
Олар биыл қызыл тары еккен болатын. Алғашқы түсімге қарағанда әр гектардан 2 тоннадан аса өнім алынып отыр.
– Биылғы жылы егістігімізге су қайта келді. Бұл үшін аудан әкіміне айтар алғысымыз көп. Мен өзімнің 4 гектар жерімнің 2,5 гектарына жоңышқа, 1,5 гектарына тары ектім. Жоңышқаны 4 мәрте орып алсам, тары жинауды да аяқтап келемін. Қожалығымда 5 адамды жұмысқа тартып отырмын. Биылғыдай мол су болса келесі жылы тарының көлемін 4-5 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмын, – дейді «Көркем» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Бұзаубаев.
Ауылдағы Марал Томанов, Қайырғали Көбенғараев, Мейірбек Шынжарбеков өздерінің 10 гектардан астам жеріндегі өнімін жинауды аяқтап келеді. Олардың да алып отырған түсімдері көңіл қуантады.
– Биыл ауылымыздағы суармалы егістік толықтай пайдаланылып, көп адамға жұмыс табылды. Дихандар аудан әкімі тарапынан каналдардың тазаланып, ауыл шаруашылығы техникалары, тұқымнан көмектің болғанына ризашылық білдіруде. Олар келесі жылы дақылдың осы түрін көптеп егуді ойластыруда. Қазірдің өзінде 3-4 шаруа қожалығы өз егінін жинап, ұқсатып та үлгерді. Тіпті олардың өнімі бүгінде базарларда сатылып жатыр, – дейді округ әкімі Кеңесбай Сарбасов.
Тары егіп, оны өсіру, малдан қорғау ғана емес одан алынған өнімді ұқсатудың да өзіндік қиындықтары бар. Бұл туралы ауылдың байырғы диханы Қайырғали Көбенғараевтың қасында көмектесіп жүретін ұлы Қуаныштан сұраған едік.
– Тарыны қол орақпен орады. Содан соң оны қырманға жиып, бастырады да, желге суырады. Мәселен, биыл ауылда жел болмады. Диқандар қолдан техниканың күшімен жасанды жел тұрғызып, дәндерін суырып алды. Содан соң ғана қаптап, үйге таси бастады.
Тарыны қырманнан тазалап алып келгеннен кейін баяу отқа қойып, бүршігі жарылғанша қайнатады. Қайнату уақыты 45-60 минут уақытты алады. Езіліп кетпес үшін оны араластырып отырады. Жұмсарғаннан кейін қазаннан алып, ыстық күйінде қапшыққа салып, суығанша үстінен салқын су құяды. Сонда ғана бір-біріне жабыспайды. Осы қалпында таң атқанша тұрады. Содан кейін қытырлағанша қуырады да жаяды. Суығаннан кейін түюді бастайды. Түйіп болған соң қайта суырып, екінші рет тағы түйіп, тағы суырады. Сонда кебегі шығып, тары астында қалады. Диірменге салып, жент жасайды. Ірісі сөк болады. Содан соң ғана дастарханға қойып, артығын базарға шығарамыз, – дейді Қуаныш «жауынгер дақыл» туралы өз ойымен бөлісіп.
Иә, дақылды өсіру, оны дайындау – оңай емес. Ал бұл көп еңбекті қажет етеді. Алайда біз сөз етіп отырған күшамандық диқандар бұған әбден төселіп алған. Оларға тек егін суы болса болғаны. Тары тағамы жесең тойымды, денсаулыққа ерекше пайдасы мол. Сабанын жеген сауын сиыр сүтінің құнарлығы артады, дәнінен спирт жасалса, сабағынан қағаз шығарады. Ал медицинада емдік қасиеті бар екені де дәлелденген.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support