Қоғам

Асыл сөздің алдаспаны

Асыл сөздің алдаспаны

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Асыл сөздің – алдаспаны» атты апталық өтті. Бір жетіге созылған шараны аталған университеттің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Апталықтың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ержан Әмірбекұлы іс-шараның мән-маңызына тоқталды. Ол бұл бастама жастарға ақынның шығармашылығын насихаттауға атсалысуға, студенттерге рухани мол мұрамызды қастерлеуге шақыру үшін көтеріліп отырғанын айтып өтті. Абай – өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын екендігіне ешкім дау айта алмас. Хәкімнің әр өлеңін терең түсіне білген жан солай дері анық. Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Гүлнұр Болатбекқызы бастаған шығармашылық топ та өз бейнематериалдарына осы ойды арқау еткен. Олар Абай өлеңдерін оқып, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіндегі өзге де жоғары мектептерге эстафета жолдады. Сондай-ақ шара барысында Семей қаласындағы Абай музейінен арнайы таныстырылым жүргізіліп, еліміздегі бас абайтанушы – Мекемтас Мырзахметұлының сүбелі сұхбатынан арнайы үзінділер қалың көрермен назарына ұсынылды. Абайдың ғылыми өмірбаянын терең танып, оның еңбектерінде көрініс тапқан, заманы тудырған ерекшеліктерді біліп-зерделемейінше, ақын шығармаларының қоғамдық әлеуметтік басты сарынын ажырата алуымыздың өзі қиынға соғары анық. Сондықтан апталықты ұйымдастырушылар бір жетіге созылған іс-шаралар барысында жастардың ойына осыны ұялатуға тырысты. Абай шығармашылығына негізделген арнайы кураторлық сабақтар, Абай өлеңдерін оқудан арнайы инстабайқаулар мен эссе жазу сайыстарын, мектеп оқушылары арасында «Абай әлемі» атты зияткерлік сайыстардың және арнайы көрме, ашық микрофон айдарларының жүзеге асырылуы – соның дәлелі. Барлық іс-шараның өз алдына қойылған бөлек мақсат-міндеттері болғанымен, бастамашыл топ Абай шығармашылығына тереңінен бойлап, барша қоғамның оны қалтықсыз түсінуіне ықпал етуге ұмтылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс». Кемеңгер ақынның өлеңдері ұлттық сананы оятуға септігін тигізсе, соны көздеген шараның жастарға берер тағылымы мол болғаны. Лаура РЫСБЕК, ТарМПУ-дің баспасөз хатшысы.