Сайыпқыран Cұлтанбай
Сайыпқыран Cұлтанбай
Кеңес одағының батыры атағы марапатын көре алмай кеткендердің бірі
Заман мен адам қанша өзгерсе де, өзгермейтін бір ақиқат бар. Ол – көреалмаушылық, салғырттық пен аяқтан шалу қасиетінің адам бойынан ешқашан өшпейтіндігі. Осы қасиеттердің кесірінен зардап шегіп, тіпті өмірі күл-талқанға айналған азаматтар қаншама десеңізші... Біреудің шыққан биік шыңынан құлатып, енді біреудің аяғынан шалу – сұмпайы қасиеттердің дендеп кеткенінен болса керек. Бәлкім, қошемет пен қызметке адам соның кесірінен жете алмауы мүмкін. Бірақ халық алдындағы құрметін ештеңе де өшіре алмайтыны тағы ақиқат. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір ақиқаттың ақ туы желбірейтіні көңілге медеу болғандай.Ұлы Отан соғысы жылдарында жанқиярлық танытып, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, сол атағын ала алмай кетуі осындай адами факторлардың кесірі екені даусыз.
Дейтұрғанмен, арада ондаған жылдар өтіп, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көптеген дерек ізім-қайым жоқ болған тұста Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған жамбылдық 8 ардагердің дерегінің табылуы – ақиқаттың ақыр түбі су бетіне шығатынын тағы бір дәлелдеп бергендей. Сол 8 батырдың бірі – Сұлтанбай Ысқақов. Ол 1915 жылдың 5 мамырында Жамбыл облысы, Шу ауданының бұрынғы Көктөбе ауылында дүниеге келген. «Қызыл Ту» (09.06.1944), «Қызыл Жұлдыз» (07.05.1945), ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (06.04.1985) ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» (11.12.1943), «Өжеттігі үшін» (28.04.1944), «Германияны жеңгені үшін» және көптеген мерейтойлық медальдардың иегері. Батыр жайлы деректі Шу ауданы әкімдігінің атсалысуымен облыстық архив жинастырған. Архив берген мәліметке көз жүгіртсек, онда былай жазылған: «Соғысқа аттанып, Дон майданының құрамында Сталинград қаласын қорғайды, одан соң Оңтүстік-Батыс майданының құрамында 5-танк Армиясында жаудан Сталинград, Ростов облысын тазартады. Сонан кейін Бас қолбасшы резервіндегі, 179-танкіге қарсы артиллериялық полкінде атқыш, старшина, кейіннен кіші лейтенант (4-айлық курс) 1943 жылы қыркүйек – 1943 жылы желтоқсан айында партия ұйымдастыру курсын оқып бітіріп, батальонның партия ұйымдастырушысы болып қызмет атқарады. Лейтенант, 1372-атқыштар полкінде рота, батальон партия ұйымдастырушысы. Верхне-Ясеновский хуторы үшін шайқаста, ынта-жігер көрсетіп, майдан даласында зәресі ұшқан шопырды ауыстырып, рульге өзі отырып, жаудың миномет атқылауына қарамастан, қару-жарақты, бензинді дер кезінде жеткізгені үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ер мінезді Сұлтанбай ұрыста батыл, өте жауапты, табанды қасиеттерімен, өжеттігімен көзге түсіп, қанды ұрыста көптеген ерліктің үлгісін көрсетті. Сиваш көлінен Севастопольға дейін шабуыл бағытындағы ұрыста Ысқақов жолдасты жауынгерлерге рух, жігер бергені үшін, бұйрықты мүлтіксіз орындағаны және өз міндетін белсенді атқарғаны үшін полк және дивизия командирлері подполковник Баранов, генерал-майор Вожраков осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады. Бірақ корпус командирі генерал-майор Кошевой өз шешімін жөн санап «Өжеттігі үшін» медалін алуына қол қояды. 4-ші Украин майданының командирі, генерал-лейтенант Корженевич қазақ офицерінің ерлігін өз деңгейінде мойындамай, 1944 жылы 9 маусымда «Қызыл Ту» орденін ғана берумен шектеледі». Архив материалдары осылай сөйлейді. Соғыстан кейін елге аман-есен оралған Сұлтанбай Ысқақов ауыл шаруашылығы саласында адал еңбек етеді. Туған ауылында қойма бастығы, шопыр, бригадир болып жұмыс істеген ол кейінірек Шоқпар стансасына қоныс аударады. Жұбайы Сара екеуі 2 ұл, 5 қызды өмірге әкеліп, олардың саналы, адал ұрпақ болуы жолында аянбай еңбек етті, тәлім-тәрбие берді. Балалары Әлмырза – 1941 жылы, Алмакүл – 1947 жылы, Айнакүл – 1949 жылы, Елтай – 1950 жылы, Майра – 1953 жылы, Дариякүл – 1955 жылы, Айман 1961 жылы дүниеге келген. Олардан тараған ұрпақтары бүгінде егемен еліміздің түкпір-түкпірінде, түрлі салада еңбектенуде. «Бүгінде Сапун тауының баурайында сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен қаһармандар ерлігіне арналған ескерткіш, диарамма тұр. Онда елі үшін, жері үшін жанын қиған азаматтардың аты-жөні жазылған. Осы тізім қатарында Сұлтанбай Ысқақовтың да аты жазылған» делінген архив мәліметінде. Ескерткіш бетінде аты қашалып жазылған батырымыздың есімі ел тарихында да алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Шу ауданы әкімінің ономастикалық кеңесінің 11.07.2011 жылғы №16 ұйғарымымен Шоқпар ауылындағы бір көшеге Сұлтанбай Ысқақов есімі берілген.
Маржан РАҚАЙ
Шу ауданы.