- Advertisement -

Аспан асты елінін айшыктары

177

- Advertisement -

Бәріміз – өз еліміздің патриотымыз. Елімізді, жерімізді, Отанымызды сүйіп, қастерлеп, бағалаймыз. Алайда сырт елдерді де аралап көріп, олар жайлы жақсы жағынан ой түйгеннің, жақсы жағын үйренгеннің артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Қазақ атамыз «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген ғой. Осы орайда жуырда ғана Қытай Халық Республикасына жолым түсіп, бірнеше үлкен қалаларында болған едім. Осы жолы Қытайдың керемет дамыған, өркениетті ел екеніне көзім жетті. Сапардан алған әсерлерім де мол.

Сиань – сұлу да сыпайы қала

Ең әуелі Сиань қаласына табанымыз тиді. Қаланың 6 миллион халқы бар екен. Яғни біздің еліміздің 30 пайызындай ғой. Ол жақта тұрғын үйлер тығыз орналасқан. Адамдарының бойында мәдениет басым. Олар туристерге де айрықша ізетпен, құрметпен қарайды.
Сиань қаласының кереметтері көп-ақ. Соның бірі – су үстіне орналастырылған ашық аспан астындағы театр. Осында әлемдік деңгейде жоғары бағаланған опералық қойылымдар қойылады. Бұл өнер түріне деген халықтың қызығушылығы ересен, театрға ағылып келіп жатыр. Ең бастысы, олардың операны түсінетіндігі, айрықша бағалайтындығы. Актерлерге, әншілерге деген құрметтері де жоғары. Өнер адамдарын алақандарында аялап ұстайды десе де болады.
Сондай-ақ осы қалада теракоттық соғыс әскері болған екен. Солардың құрметіне ашылған музей бар. Оны да аралап көріп, аспан асты елінің музейге қойылған әрбір жәдігерге айрықша мән беріп, төл тарихтарын «тірілтуге» күш салғандарын байқадық. Олар әрбір көрнекті (экспонат) тарихтың бір бөлшегі, аса қастерлі құндылық деп бағалайды екен. Музей қызметкерлеріне, тарихшы ғалымдарға деген құрметтері де ерекше. Кім-кімнің де еңбегі жерде қалып жатқан жоқ. Адамға деген құрметтің еңбекті елеп, ескеруден туындайтынына бір мысал осы. Сианьдағы өзгеріс, өсулер біз ойлағаннан анағұрлым көп болып шықты. Тұрғындарының бойынан бір жылылық лебі еседі, шетінен еңбексүйгіш екені аңғарылады. Қонаққа деген құрметтері шексіз. Туристер тарту ісінің бір сыры осы болар, бәлкім. Бізге де барынша жағдай жасап бақты. Сианьдықтар тарапынан сыпайылықты сезіндік.

Шанхайдың шаңқай түсі

Бұдан кейін Шанхай қаласына жолымыз түсті. Бұл шаһардың 16 миллион халқы бар екен. Біздің республикамыздың барлық тұрғындарынан сәл ғана аз. Бір қалада осыншама тұрғынның болуы, әрине, оңай емес. Содан да халқы өте тығыз орналасқан. Бірақ олардың бойынан адамға деген құрмет, жылылық, мәдениет сезіледі.
Адамдары шетінен еңбеккеш, мәдениеттері де жоғары, көше, аулалары мұнтаздай таза мұндай сұлу қалаға қалай тәнті болмассың! Халқы тым тығыз орналасқандықтан болар, шанхайлықтар не нәрсенің болсын қадірін білетінге ұқсады. Кәсіптің де көзін тауып, жаңашылдықпен, жасампаздықпен жетілдіріп отыр. Сауданың мәні мен маңызын, жол, жобасын жақсы біледі. Жеңіл жолмен, ұрлықпен емес, өздерінің адал еңбектерінің арқасында жетістіктерге жетуде. Қарбалас тірлікке қарап таңдандық. Қытайлықтарға деген бұған дейінгі көзқарасымыз түбегейлі өзгеріп шыға келді сол сәтте. Әрине, мұны біреу құптар, біреу құптамас. Бірақ біздің көзіміз жеткен бір шындық – осы.
Сауда мен кәсіпкерлік ісі жақсы дамығанын жоғарыда айттық. Туризмге де кең жол ашылған. Зиялы қауым өкілдерінің бір емес, бірнеше тіл білетіндігі тәнті етті. Сырт елден келген саяхатшылармен мейлінше жылы, жайдары сөйлеседі. Іскер адам екендері байқалып тұрады.
Шанхайда шаңқай түс кезі еді…

Ұлы Қытай қорғаны

Ұлы Қорғанның шығысы Ляудұңның Жолбарыс тауынан басталып, батысы Гансудағы Жяйүйгуанға дейін созылып жатыр. Біздің дәуіріміздің VII-XVII ғасырлары аралығындағы 1000 жылда, жиыны 10 патшалық әулеті құрылыс жұмыстарын жүргізіп, осы қорғанды тұрғызған екен.
Бұл – (қытайша Ваньличанчэн – он мың шақырымдық қамал) Қытайдағы ежелгі қорғаныс құрылысы. Оның құрылысы Қытай тарихындағы Чуньцю («Көктем және күз» б.з.б. 770 – 476 жылдар) және Чжаньго («Жауласқан патшалықтар» б.з.б. 475-221 жылдар) заманында салына бастаған. Ол кезде Хуанхэ алқабында жеті шағын патшалық жеке-дара өмір сүріпті. Олар өздерінің солтүстігіндегі ғұн және дунху сияқты көшпелі тайпалардан қорғану үшін өз шекараларына қорғаныс қамалдарын тұрғыза бастаған. Б.з.б. 221 жылы тұңғыш император Цинь Шихуанди өзге алты патшалықтың басын біріктіріп, біртұтас Қытай империясын құрады. Ол әр патшалық тұрғызған үзік-үзік қорғаныс қамалдарын бір-біріне жалғастырып салдырады. Оның ұзындығы 5000 шақырымға жеткен. Хань империясы заманында қорған-қамалдар шығыста Ляодун түбегінен батыста Линьтаоға (қазіргі Ганьсу провинциясының жерінде) дейін жеткізіліпті. Қорғаныс қамалдарының бұзылып, бүлінген жерлерін Қытайды билеген әрбір патшалық жөндеп, қалпына келтіріп отырған. Әсіресе Мин әулеті солтүстігіндегі көршілері – шүршіттер (маньчжур) мен моңғолдардан қорғану үшін сол заманның ең озық техникасын пайдалана отырып, биік тау жоталары мен шатқалдарына және шөл далаға дейін қорғаныс қамалдары мен бекіністерін салдырып, қорғанды ұзарта түсті. Шығыста Бохай теңізінің жағасындағы Шанхай гуань бекінісінен батыста Ганьсу провинциясындағы Цзяюй гуань бекінісіне дейін созылып жатқан қорғанның жалпы ұзындығы 10000 километрге жетеді. Қытай қорғанының бүгінгі күнге дейін бүлінбей жеткен 5000 километрден астам бөлігі сол Мин дәуірінде жөнделіп, жаңадан тұрғызылған екен. Мұның негізгі бөліктерінің орташа биіктігі – 7-8 метр, табанының ені – 6,5 метр, үстіңгі жағының ені – 5,8 метр. Қорғанның үстінде әр 100 метр сайын 2-3 қабаттан тұратын қарауыл мұнарасы салынған.
Міне, өз басым тарихшы ретінде оқулықтардан оқып жүрген мәліметтерді көзбен көріп, қолмен ұстап керемет ғажайыпқа куә болдым. Цинь әулетіндегі императордың өмір сүрген, 6000 гектар ауқымды аумақты алып жатқан айрықша сән-салтанатқа ие зәулім үйлерін де көріп таңғажайып күйге ендім. Пекин қаласындағы алып қорғанды тамашалап жүріп менде бір мақтаныш пен патриоттық сезім пайда болды. Қанша жерден ұлы ел болса да Ғұн тайпасынан, оның басшысы Мөде Тәңірқұты (қытай деректері Маодун деп атайды) ханның қаһарынан сескеніп, бұрын үш бөлікте болған Қытай елінің бірігіп, осындай ғажайып қорған салғандығы тарихтан белгілі. Осыны ойлап, бағзы заманда қазақтың ұлы һәм ержүрек халық болғанын және бір шынайы сезінгендей болады екенсің…

Пекиннің де парасат, пейілі кең

Аспан асты елінің астанасы Бейжің (Пекин) қаласында да болдық. Пекиннің 24 миллион халқы бар. Біздің тұтастай мемлекетіміздің халқынан бірнеше миллионға артық. Бір қызығы, сырт елдің топырағын басып тұрып та, оны өз еліңмен еріксіз салыстырып отырады екенсің. Пекиндіктер де өте сыпайы. Шетінен еңбекқор, іскер. Өз істерінің кәнігі шебері. Себебі олар өздері қалаған мамандықты оқып, танып біліп, әбден зерттеп, қыр-сырын меңгеруге күш салады. Ол ізденістері кейін қызмет атқарған кезде жемісін береді.
Пекинде біз үшін екі рет арнайы қонақасы ұйымдастырылды. Оның өзі осындағы қамқоршылық ұйымдарының күшімен жүзеге асты. Біздің елден барғандардың бәріне де арнайы сыйлықтар үлестіріліп, құрмет көрсетілді. Арадағы әңгіме де ашық райлы жағдайда өрбіді. Бір-бірімізге тілектер айтып, емен-жарқын сырласып, сыйласып отырдық.
Ал ғажайып Пекин көз алдымызда тоты құстай таранып, құлпырумен тұр.
Пекиннің де пайдалы тұстарын көп көрдік. Тұрғындары тарихи сананың жаңғыруын қалайды екен, тарихқа деген құрметтері ерекше. Бізді де жақсы әсерлерге бөледі.
Туғаннан Талас ауданының кең даласында алаңсыз еркін өскен ұрпақ өкіліміз ғой. Қытай қалаларындағы үйлердің тығыздығын, тарлығын көріп, «Тәубе, тәубе» дестік. Алайда олардың мәдениеті, білімі, парасаты, іскерлік көзқарастары, кәсіпкерлікке бейімділіктері бізден әлдеқайда биікте жатыр.

Қытай елінен қайтқандағы ой

Жаздың жаймашуақ күндерінде осылай Қытай топырағын басып, біраз жайларға қанық болдық. Екі елдің өзара ынтымақтастықта дамуы жайын ойладық. Екі елдің достығын нығайтқан Елбасыға алғыс айттық. Дәл қасына барып көрмесең, білмесең, әрине, мұның бәрін түсінуің, ұғынуың қиын. Әрине, түсінбестікпен басқа бір бүлікшіл топтың жетегінде, ықпалында кетіп қалуың бек мүмкін.
Ал шындығы қайсы? Шындығы сол, Қытай Халық Республикасы – дамыған, өркендеген ел. Құшағын кеңге жайып, одан әрі даму жолдарын тынбай іздестіруден танбай отыр. Өрлеудің тетіктерін қарастырады. Белден басатын зорлықшыл, шектен шыққан бұзық ниетті ел емес. Осындайда Мұхаммед пайғамбардың «Қытайдан болса да білім ал» деген хадисі еске түседі. Біздің мемлекеттің жүздеген жас азаматы Қытайдың беделді университеттерінде білім алып, өздерінің білімі мен біліктілігін жан-жақты жетілдіру үстінде. Әрине, олардың бәрі қытай болып кетпейді. Ертеңгі күні мол біліммен өз елімізге оралады. Еліміздің көсегесін көгертетін, өркенін өсіретін де солар.
Осы ретте айта кетейін, Шанхай қаласында «Балалар ойын-сауық орталығында» (DisneyLand) жүрген кезімізде Қазақстанның қазақ тілінде сөйлесіп тұрған жастарын көріп, тілдестік. Сөйлесу барысында сұрап едім, олар өздерінің білім алып жүрген студенттер екендігін айтты. Өзге елде өз тілдерінде сөйлесу елге, тілге деген зор құрмет қой! Нағыз патриот жастар екен. Мұның бәрі екі ел арасындағы достық байланыстың нәтижесі, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Біз осыны ұғып, түсіндік.
Біз осындай жақсы оймен, өз мемлекетіміздің кемеңгер тұлғасына деген құрмет сезімімен елге оралдық. Осы сапарға барып-қайтуымыздың да өзіндік себептері бар. Біз мұны еліміздің болашақ ұрпақтарына жасаған сыйы деп білеміз. Өйткені біз өмірлік серіктерімізден Отан игілігін үстеуге ерен еңбектерін, күш-жігерлерін аямай жұмсаумен жүрген кездерінде ойда жоқта айырылып қалған аналармыз! Біздер, бір топ аналар бұл саяхатқа бүлдіршіндерімізбен бірге барып қайттық. Осындай өзге елді көру бақытын сыйлағаны, қажетті құжаттарымызды дайындауға көмектескені үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен облыстық ардагерлер кеңесіне айтар алғысымыз шексіз.

Раиса НЕСІПБАЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
орта мектебінің тарих
пәнінің мұғалімі.

Қаратау қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support