Саясат

Үздік жобаларға – жол ашық

Үздік жобаларға – жол ашық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ел халқына Жолдауында елімізді әлеуметтік-экономикалық жақсартуы үшін бірқатар тапсырмалар жүктелген болатын. Саяси құжатта елдің әлеуметтік, білім беру мен денсаулық сақтау және мәдениет салаларына айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазіргі уақытта Тараз қаласында Жолдау жүктеген міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылуда. Мәселен, Президент Жолдаудың үшінші бағытында қарқынды дамыған және инклюзивті экономика құру қажеттігін алға тартты. Экономиканың табысты саласы – өнеркәсіп саласы десек, 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында қала кәсіпорындары 183 миллиард 998,4 миллион теңгенің өнімдерін өндіріп, физикалық индекс көлемі 104,6 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 29 миллиард 929,9 миллион теңгеге артық өнім өндірілген. Халықтың жан басына шаққандағы (357,9 мың тұрғын) өнеркәсіп өндірісінің көлемі 514,1 мың теңге болып қалыптасты (2018 жылы – 432,4 мың теңге). Химия саласы қаладағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің негізін құраушы сала болып табылады. Бұл саладағы «Қазфосфат» ЖШС-ның Жаңа Жамбыл фосфор және минералды тыңайтқыштар зауытын қоса алғанда, жалпы 94 миллиард 931,8 миллион теңгенің өнімдерін өндірген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 24 миллиард 157,2 миллион теңгеге артық. Жалпы, өнеркәсіп шығарған өнімдегі олардың үлес салмағы 51,6 пайызды құрайды. Биыл Тараз қаласында «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық дамуы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 4 миллиард 47 миллион теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобаларда қосымша 447 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Ал келесі жылы жалпы құны 22 миллиард 251 миллион теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 264 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың ақпан айында облыстық аймақтық үйлестіру кеңесіне қосымша 2 жоба ұсынылса, Қазақстанның индустриалды картасынан тыс бір инвестициялық жоба іске асырылуда. Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 48 миллиард 131,5 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 112,7 пайызды құрады (2018 жылы – 41 миллиард 59,1 миллион теңге). Халықтың жан басына шаққандағы (358,2 мың тұрғын) негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 134,5 мың теңге болып қалыптасты (2018 жылы – 115,2 мың теңге). Инвестициялардың жалпы көлеміндегі бюджеттік салымдар 22 миллиард 873,5 миллион теңгені құрап, 30,5 пайызға (2018 жыл – 17 523,7 миллион теңге), шаруашылық субъектілерінің өзіндік қаражаттары 23 миллиард 568,3 миллион теңге немесе 2,7 пайызға (2018 жыл – 22 949,4 миллион теңге), банктерден несиелер және басқа да қарызға алынған қаражаттар 1 миллиард 689,7 миллион теңгені құрап, 2,9 есеге өскен (2018 жыл – 586,3 миллион теңге). Сондай-ақ Жолдаудағы «Квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру» тармағында Мемлекет басшысы: «Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақтай отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз ету. Осы ретте «қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл – біздің жұмысымыздың басым бағыты», – деп атап өтті. Бұл бағытта облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жанындағы Әлеуетті инвесторларға қызмет көрсету орталығымен бірлесе «Қарапайым заттар экономикасы» бағытын дамыту көзделіп отыр. Онда бизнес-жобаларды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіпорындарға 600 миллиард теңге көлеміндегі қолжетімді несиенің айрықша шарттары мен тетіктері айқындалған. Оның 400 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне, ал 200 миллиард теңгесі агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс пен қайта өңдеуге бағытталмақ. Жеңілдетілген несие бойынша екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге 7 жылға 15 пайызбен несие береді. Қайта өңдеу жобалары бойынша оның 7 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланады, ал агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 8 және 5 пайызбен өтейді. Бір айта кетерлігі, аталған бағдарлама бойынша несиенің ең жоғарғы сомасы шектелмеген. Бүгінгі таңда қаладағы 899 шағын орта бизнес субъектілеріне сауалнама жүргізіліп, 154,1 миллион теңгеге 40 жоба іріктеліп алынды. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай өз жалғасын табады.

Қайсар САРЫТАЙ, қала әкімінің орынбасары.

Тараз қаласы.