- Advertisement -

Шоқпар ауылынан Берлинге дейін барған шахан

94

- Advertisement -

Кеңес одағының батыры деген атағын

көзі тірісінде көре алмай кетті

Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар туралы жазу бүгінгі ұрпақ – біздер үшін тым қиын. Қиындығы сол, адамдардың басынан кешкен зұлмат оқиғаларын көз алдыңа келтіру, олардың жанкешті тіршілігін ойша болса да сезіну адам жанын күйзелтіп, жүректі тебірентіп жібереді. Санаң бір сәт соғыс даласын кезіп кетеді. Сөйтіп, батыр бабалар ерлігі біздің жадымыздан еш өшпеуі тиіс деген тұжырым жасайсың…
Біз тағзым етуіміз тиіс сондай батырдың бірі – Шахан Әлішев. Ол – Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылып, белгісіз себептермен оны ала алмай, дерегі кейіннен табылған жамбылдық 8 майдангердің бірі. 1913 жылы Шу өңіріндегі Шоқпар ауылында өмірге келген ол гвардия аға сержанты шенін алған. Кеңес Одағының Батыры атағы (05.1945) мен «Қызыл Жұлдыз» (12.06.1945) ордендеріне ұсынылған.
Жамбыл облысының мемлекеттік архиві берген мәліметте Шахан Әлішев жайлы былай жазылады: «Әлішев Шахан 16 жасында Алматыдағы бірнеше айлық мұғалімдік курсты бітіріп, 1929 жылдан Кеңес селолық советінде сауатсыздықты жою мектебінде мұғалім болып бастап, сонан соң 1933-37 жылдары «Ақтасты» төрт жылдық мектебінде, 1937-1939 жылдары Мерецкий орталық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болған. 1939 жылы Армия қатарына алынып, әскерден қайтар уақытында, яғни 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 21 екпінді армияның 52-інші дивизиясының құрамына алынады. Сол құраммен соғыстың басынан аяғына дейін неміс басқыншыларымен күреседі. Сталинград үшін шайқаста алдыңғы шепте болады. 1943 жылдың 5 маусымына дейін Курскі шеңберінде, маусымнан тамызға дейін Бельград түбінде болып, қазан айына дейін Калининград облысын, Украинаны жаудан босатады. Екпінді Армия 1944 жылдың сәуіріне дейін «Великая» аталатын өзеннің бойындағы немістердің ең бір қиын қоршауын бұзып, 1944 жылдың сәуірінен бастап «Зяйке-Эма» деген өзеннің бойындағы фашистердің қамалын талқандап, Эстония мен Латвияны жау тырнағынан босатады. Бірақ осы шайқаста қатты жараланса да, жазылар-жазылмастан өз дивизиясынан қалмай, Берлинге дейін барады. Қоршауда қалған немістердің жанталаса арпалысқан қарсылығын елемей, 52 дивизия бір жарым сағат ішінде шайқаста жеңіп шығады».
1939-1945 жылдары Кеңес Одағының Қарулы күштері сапында болып, Сталинградтан Берлинге дейінгі майдан жолынан өткен батыр жайлы архив материалдары осылай «сөйлейді».
Осынау жауынгерлік жолы ескерілген ол «Қызыл жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерімен, ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденімен, I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі рет ІІ-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Ал майдан даласынан оралған соң ол саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім беру саласында еңбек еткен. Жас жеткіншектердің бойына отансүйгіштік қасиетті дарытып, ел мен жерге адал қызмет етуге баулу жолында да жанқиярлықпен жұмыс істеген.
Бұл еңбегі де ел алдында елеусіз қалмаған. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «Тыңды игергені үшін» сынды көптеген медальдары мен Құрмет грамоталары осынау зор еңбегінің айғағы болса керек. 1953-1973 жылдар аралығында ауылдық, аудандық кеңестерінің депутаты болып сайланып, елдік мәселеге де араласқан азамат. Ол 1995 жылы 82 жасында дүниеден озды.
«Соғыстағы ерлігіне қоса, ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласындағы адал да қажырлы еңбегі, биік парасаты, шынайы адамгершілігінің арқасында әкеміздің есімі аудандық білім беру ісінің тарихына үлкен әріппен жазылып, жарқын бейнесі ел есінде қалды», – дейді батырдың ұрпақтары.
Бүгінде Шу ауданының Төле би ауылында бір көшеге Шахан Әлішевтің есімі берілген.

 

Маржан РАҚАЙ

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support