Күзгі өнімдер көпшілік көңілінен шығуда
Күзгі өнімдер көпшілік көңілінен шығуда
Әлеуметтік сауда орталығындағы жәрмеңке жалғасын тапты. Әдеттегідей онда Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының, аудандардан Жамбыл, Сарысу, Т.Рысқұлов және Шу аудандарының өнімдері жеткізілген. Олар кешегі күні тұтынушыларына жалпы құны 9,7 миллион теңгені құрайтын 49,8 тонна ауыл шаруашылығы тауарларын әкелген. Атап айтсақ, 4,5 тонна жылқы, сиыр, қой және тауық еті, 1,5 тонна сүт, 0,3 тонна бал, 0,2 тонна кондитерлік, 1,5 тонна макарон өнімдері. Сондай-ақ 0,3 тонна тұз, 35,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс және 5 мың дана жұмыртқа бар. Жәрмеңке басында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының азық-түлік мониторингі бөлімінің басшысы Марс Сейдыбаевты сөзге тарттық. – Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі облыс әкімі Асхар Мырзахметовтің тапсырмасымен өткен аптада басталды. Енді екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңке тұрақты түрде әр аптаның сенбі күндері желтоқсан айына дейін жалғасады. Оған Тараз қаласы мен барлық аудандар кестеге сәйкес қатысады. Мұндағы басты мақсат – жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтары тұтынушыларына өз өнімдерін делдалсыз ұсынып, өткеруді ұйымдастыру, – деді бөлім басшысы. Сондай-ақ мұндағы баға базар нарқынан 10-20 пайызға төмен. Сөрелерге қойылған азық-түлік тауарларының барлығы табиғи. Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығы екі жылқының етін тұтас әкеліпті. Сатушысы Ғайша Бейсенбаева ашық-жарқын кісі екен. «Бұл Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевтың бордақылаған жылқысының еті. Мен оның жеңгесімін. Талайдан бері жәрмеңкенің барлығына қатысып келем. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ұйымдастырылған жәрмеңкелерге де барып тұрамыз. Өзіміздегі мұндай іс-шаралардан ешуақытта тыс қалған емеспіз. Бүгін жылқы етін – 1800, жал-жаясын 1900 теңгеден өткерудемін, – деді ол. Осы тұста бұл сөреден ет алған қала тұрғыны Нағима Бектасованы әңгімеге тарттық. – Өзім зейнеткермін. Немереммен ет алуға келдім. Бұрын да осында келіп, үйге қажетті азық-түлікті алатынбыз. Енді бүгін ет алайын деп сөрелерді жағалап көріп келем. Мына «Шәушеннің» бордақылаған малының еті майлы. 5 килограмын бірақ алдым. Базарға қарағанда арзан. Біз үшін жәрмеңкенің жиі өткізіліп тұрғаны жақсы. Керегімізді осы жерден аламыз, – деді ол. Сонымен бірге жоғарыда аталған аудандардан бөлек Байзақ пен Жуалы аудандарының және Түркістан облысының Т.Рысқұлов ауданынан келген кәсіпкерлердің өз тауарларын өткеріп тұрғанын көрдік. Атап айтсақ, «Әділет» (Байзақ ауданы) шаруа қожалығы 200 килограмм сиыр етін, «Зиябек» (Жуалы ауданы) шаруа қожалығы 2,5 тонна картоп әкелген. «Зиябек» ШҚ жетекшісі Мүсілім Зиябеков өткен аптадағы жәрмеңкеге 2 тонна картоп әкеліп өткергенін айтты. Ол картоптың әр қабын 2200 теңгеден өткеруде. Енді алдағы аптада тағы келмекші. Ал көрші облыстың Т.Рысқұлов ауылынан келген жеке кәсіпкер Талғат Әділкерей жүк автокөлігінің қасына қап-қап жаңғақ пен көкөніс өнімдерін жайып қойған. «Біз өткен жолы 500 килограмм жаңғақ пен көкөніс әкелгенбіз. Тауарымыз жақсы өтті. Бұл жолы 1 тоннасын әкеліп отырмыз», – деді Талғат. Бір атап өтерлігі, жәрмеңкеге келген халық қарасы қалың. Қай сөреге барсаңыз да онда тұрған кезекті көресің. Бұл кәсіпкерлердің өніміне деген халықтың сұранысының артқанын аңғартып тұрғандай. Енді аталған жәрмеңкеде алдағы аптада Жуалы, Меркі, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының тауарлары ұсынылмақ.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы.