Өнер, білім бар жұрт тар...
Өнер, білім бар жұрт тар...
Тарму-дың студенттері 2020 жылы жаңадан салынған 500 орындық жатақхананың игілігін көретін болады
Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, бұл үшін еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқитын студенттеріне 2022 жылдың аяғына дейін 75 000 орындық жатақхана салып беру міндеті қойылғаны белгілі. Осының арқасында елімізде мыңдаған жас азаматтар жаңа қонысқа ие болады, бірнеше ондаған мың студент тегін оқу мүмкіндігін алып отыр. Студенттер жатақханасын салу кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалануға да болады. Соңғы екі жылда бизнестің осы бағыты бірқатар артықшылықтарға ие болды. Оның бірегейлігі сонда – ғимараттың меншік иесіне мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастыру есебінен ақша ағындарына кепілдік беріледі. Былайша айтқанда, мемлекет әрбір студентке 300 мың теңгеден астам ақша төлеуге дайын. Айрықша маңызға ие бұл жобаның мәреден шығуы – Жастар жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде бұл бастама қалай қолдау табуда? Осынау іргелі істі жүзеге асырудың тетіктері мен шарттары қандай? – Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетіктері әзірленіп, бекітілді. Оған жекеменшік сектордың кең ауқымды түрде қатыстырылуы болжамдалуда. Біз жоғары оқу орындарын, колледждерді және инвесторларды өзара тиімді шартпен студенттер жатақханалары құрылысына күш жұмылдыруға шақырамыз, – дейді бұл тұрғыда «Қаржы орталығы» АҚ студенттер жатақханаларына операторлық ету департаментінің сарапшысы Абылай Сатыбалдин. Бірінші кезекте бұл ретте айрықша жоғары сұраныс бар екенін атап өту жөн. Бүгінде елімізде студенттер тұратын 90 мың төсек-орындық жатақханалар ашу қажет. Бұл мәселенің мегаполистен бастап, облыстық маңызға ие қалаларға дейін – барлық өңірлерге қатысы бар. Мысалы, бір ғана Шымкент қаласында 8 400 студенттің жатақханаға ділгірлігі байқалуда. Сондай-ақ елімізде 2000 жылдары орын алған «демографиялық дүмпудің» салдарынан студенттер контингенті таяу жылдарда еселеп өсетін болады. Ағымдағы оқу жылында талапкерлер саны тиісінше 200 мыңның үстінде болса, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 1,5 есеге артады деп күтілуде. Бұл жағдай, сөз жоқ, студенттер жатақханасына деген сұраныс деңгейінің жоғарылауына ықпал етпек. Алпамыс Айдарұлының айтуынша, біздің облысымызда жатақханаға мұқтаж студент жастардың саны 2780-нің үстінде екен. Оның ішінде 2030-ы өңірдегі үш жоғары оқу орнында, 750-і колледждерде білімдерін жетілдіруде. Ең бір қуантарлығы сол, өңіріміздегі үш жоғары оқу орны да бұл іске құлшына кірісуде. Олар бұл мәселеге әр қырынан келуде. Бірі – жатақхана ғимаратының іргетасын қалап, қабырғасын көтере бастаса, екіншісі – дайын үйді сатып алып, тиісті талаптарға бейімдеп, жаңғыртудан өткізуде. Үшіншісінде – «Студенттер үйі» өзінің жаңа тұрғындарын қабылдауға дайын тұр. – Жалпы, оқу орнымыздың бір өзінде 804 орындық үш жатақхана бар. Оның екеуі – Тараз, біреуі Қаратау қалаларында орналасқан. Олардың барлығы да тиісінше ағымдық жөндеулерден өткізілген. Ал 500 орындық мына жаңа жатақхананы салуымыз үшін бізге бюджеттен ешқандай да қаржы бөлінген жоқ. Бірқатар қаржыландыру көздерін де іздестіріп көрдік. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвесторлар көмегіне жүгінуді де ойластырдық. Өкінішке қарай, мұның да жөні келмеді. Өйткені олардың көпшілігі құрылыс ісінің өздері үшін тиімді болуын, аздап табыс табуды да ойлайды. Сондықтан біз басқа жолды таңдадық – «ПИКО» ЖШС құрылыс компаниясымен бірлесе концорциум құрдық. Жаңа студенттер жатақханасы құрылысына жұмсалынатын қаражаттың жартысы аталған компанияның, жартысы біздің есебімізден қарастырылуы келісілді. Құрылыс жұмыстарының жалпы жобалық құны 1 миллиард 350 миллион теңгені құрап отыр. Бір ескерерлік жайт, мемлекет тарапынан субсидиялар нысан пайдаланылуға берілгеннен кейін барып, кезең-кезеңімен төлене бастайды. Аталмыш нысанды 2020 жылғы оқу жылына орай пайдалануға беру көзделуде, – дейді ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков. Университет басшысы біз әңгіме еткелі отырған мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетіктері туралы жан-жақты хабардар болып шықты. Енді осы жөнінде кеңірек тоқталып өтелік. Жоғарыда айтқанымыздай, тұжырымдама тетігі мемлекет пен жеке сектордың әріптестігінен тұрады. Жеке оқу орны, инвестор, жеке кәсіпкер түріндегі құрылыс салушы нысанды іске қосуды жеке өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. Нысан ойдағыдай іске қосылған жағдайда мемлекет тарапынан мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастыру жайы қарастырылады. Бұл жерде үш маңызды өлшемді атап өту ләзім. Оның біріншісі – орналастыру ұстанымы. Жатақханада тұруды қажетсінетін студенттердің болуы дерегі мемлекеттік тапсырысты орналастырудың басты шарты болып табылады. Яғни бұл жерде де жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі басшылыққа алынады. Мемлекеттік тапсырыс құрылысын салу немесе жаңғырту жолымен болсын жаңа жатақхананы іске қосуды жүзеге асырған ұйымдардың (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда) барлығы да орналастырылады. Екіншісі – орналастыру мерзімі. Ол ай сайындық негізде 8 жыл мерзімге есептелінген. Жазғы демалыс кезеңінде жатақханада соңғы оқу айында тұрған студенттер саны есепке алынады. Үшіншісі – төлемақы көлемі. Бір студент үшін мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері құрылыс жұмыстары кезінде 122 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл жағдайда алғашқы 12 айда мемлекеттік тапсырыс екі еселеніп түзетілген коэффицент ескеріле отырып төленеді. Мысалы, нақты тұратыны 100 адам болса, төлемақы 200 адамға шақталып есептелінеді. Осы әдістемеге сәйкес мемлекеттік тапсырыстың орналастырылуының барлық кезеңінде бір төсек-орын үшін 2,5 миллион теңге төленеді. Қабылданған қалыптар талаптарына сәйкес жатақхананың бір шаршы метрі үшін 310 мың теңге төленеді. Нарықтық бағамен салыстырғанда да пәтердің 1 шаршы метрлік тұрғын алаңы 300 мың теңгені құрайды ғой! Мұндай жағдайда жатақхана салушы негізінен жер телімін сатып алу, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шығындарын мойнына алмайды, аталған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 152 миллиард теңге қарастырылып отыр екен. Бұл қаражат секвестрлеуге (құжаттарға тыйым салуға) жатпайды. Мемлекет тарапынан төлемақы төлеу мерзімі шегіне жеткеннен кейін, нысан сіздің жекеменшігіңіз болып қалады. 500 орындық жаңа жатақхана салынған жағдайда меншік иесі нысан іске қосылғаннан кейінгі 8 жыл ішінде 1,28 миллиард теңге мөлшерінде мемлекеттік тапсырыс орналастыра алады. Ал бұрыннан бар 500 орындық студенттер жатақханасының ғимараты жаңғыртудан өткізілген жағдайда меншік иесінің осы мерзімде 491,2 миллион теңге көлемінде мемлекеттік тапсырыс орналастыруына мүмкіндігі бар. Міне, осынау үдеріс – жатақхана салу ісі тек әлеуметтік нысан ғана емес, табысты, тұрақты және болашағы бар бизнес-жоба ретінде де қарастырылып отырғанына көз жеткізу қиын емес. Мысалы, студенттердің ай сайынғы жамбаспұлы есебінен қосымша табыс табуға да болады. Бұл мемлекеттік тапсырыс құнына кірмейді. Оның мөлшері жатақхана иесі тарапынан реттеледі әрі нақты бір өңірдің тұрғын үй нарығы жағдайларына байланысты белгіленеді. Бұл ретте жатақханада тұратындар үшін тұрмыстық, асхана, шаштараз, жаттығу залы қызметтерін көрсету бойынша коммерциялық алаң құруға да болады. Ал жалпы жатақханалардың мейманханалардан айырмашылығы неде? Үш мың шаршы метрлік тұрғын алаңы бар көлемі бірдей дерлік қонақ үйде 160 бір орынды нөмірі болса, ал жатақханада 500 төсек-орын бар. Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сәйкес, еліміздегі қонақ үйлердің толықтығы 26,4 пайыздан төмен көрсеткішті құрайды екен. Осы уақыт ішінде әрбір бесінші студент жатақханаға мұқтаж күй кешуде. Егер мейманханалардың орташа құнының есебіне келсек, күніне – 12 000 теңге төлеуің керек. Ал жатақханада бір ай тұру құны 10 000 теңге ғана. Бұған мемлекеттік тапсырыс сомасы мен қосымша тұрмыстық қызметтер де кіреді. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Мейманханалардың жылдық табыстылығы – 140 миллион, ал студенттер жатақханаларынікі 200 миллион теңгені құрайды екен. Әрине, бұл есептеулер шартты түрде алынып отыр. Алайда егжей-тегжейлі сараптамасыз қарапайым ғана мысалдың өзі ұсынылған тетіктердің тиімділігін көрсетеді емес пе? Тұтастай алғанда, студенттер жатақханасына жаңа орындарды іске қосу әдісінен тыс барлық нысандар және олардың алдағы уақыттағы пайдаланылуы қолданыстағы құрылыс, өрт қауіпсіздігі және санитарлық эпидемиологиялық нормаларға қатаң сәйкестікте жүзеге асырылуға тиіс. Бүгінгі күні бұл тұрғыда нәтижелер де жоқ емес. Аталған жобаны іс жүзіне асыруда еліміз аумағында 31 келісімшарт жасалынған, соның нәтижесінде іске қосылар жатақханалар есебінен таяу арада студенттер 10 мың орынмен қамтамасыз етілмек.
Баймаханбет АХМЕТ