Халық театрының сахнасында... студент тер
Халық театрының сахнасында... студент тер
Театр – астарлы, сыршыл, сезімдерге толы әлем. Актерлердің өз рөлін сезінуі, берілген образды аша білуі маңызды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дулати жастары» халықтық театрының құрамындағы өнерпаз студенттер мұны жақсы сезінеді. Біз оны аталған халықтық театрдың XIV маусымының ашылуына орай сахналаған «Қысылғаннан қыз болдық» атты комедиялық қойылым (авторы – Сәкен Жүнісов) барысында байқадық.Комедия ауылдағы ансамбль жетекшісі, дирижер Жұматтың (Ықылас Көбейсінов) көрермендер ортасынан сахнаға екпіндей шығуымен басталды. Алтынбек ауылдағы қызметкерлер мен еңбеккерлерден құрылған ансамбльді дайындап, Астанада өтетін байқауға апарып, бас жүлде алуы керек. Кеңшар директоры Ыбырай Жарылқапұлы (Нұрғиса Зұлпыхаров) үшін де бұл маңызды міндет. Бірақ ансамбльге қыздар жағы жетіспейді. Сондықтан фермадағы егде тартқан сауыншы Сәбираны (Ақбота Тілепиева) алдырып, ауылдың учаскелік полицейі Алтынбекке (Абылай Абдықали) қыздың киімін кигізуге тура келеді. Бұдан әрі оқиға Нұр-Сұлтан қаласында жалғасады. Опера жазатын композитор жігіт Едігенің (Нұрасыл Шегетай) үйі. Едіге – отызға келіп қалған сүр бойдақ. Орыс тілді, ана тілінде мүлдем сөйлей алмайды. Оның анасы Хадишаның арманы (Әнел Қозайыр) – композитор баласын қаланың желіккен қызына емес, ауылдың тәрбиелі, өнегелі қызына үйлендіру. Едіге – Жұматтың танысы. Жұмат Едігенің пәтеріне келіп, ансамбліне көмек беруді өтініп, өнерпаздардың кілең қыздар екенін айтады. Орыс тілді Едігеге оның бәрін түсіндіре алмай, Жұмат әлекке түседі. Сауыншы қыз дегенді ишарамен сиырдың сұлбасын көрсетіп, оны сауған болып, әрең түсіндіреді. Қимылы көрерменді күлкіге көмді. Қасапшы жігітті де осы тәсілмен ұқтырып, мұғалім қызға келгенде «Ол сабақ береді. Сабаққа дайынсыңдар ма?» дегенін Едіге «Собака» деп түсініп, «Как собака?» деп қиғылық салуы да көпшілікке езу тартқызды.Одан әрі оқиға сатиралық штрихтармен шиеленісе түседі. Едіге композитордың ауылдан келген қыздардың ішінен Алтынбекке (қыздың рөліндегі) ғашық болып қалып, Алтынбекпен арадағы диалог көрерменді күлкіге қарық қылды. Соңында анасы орыс тілді баласын ауылға жіберуі, «Бәріміз ауылдан шықтық. Ол да өлмейді» деп ауылдың қасиетін мойындауы қоюшы-режиссердің ұтымды шешімі деп айтар едік. Сондай-ақ студент Болтай (Ерзат Есен), студент Айгүл (Жансая Орынбай), әнші Майра (Нұрсұлу Тоқтамұрат), музыкант Сәнияның (Гүлсыназ Күйшібаева) рөлдері де сәтті шықты. Студент жастар өзінің ана тілін менсінбеудің қорлық екенін, ауыл қазақтың алтын бесігі екенін комедиялық көріністер арқылы көрсете білді. Бұл ретте қоюшы-режиссер Шолпан Алтыбаеваның еңбегін айта кеткеніміз әділдік болады. – «Дулати жастары» халықтық театры жылдан-жылға талантты жастармен толығып, қалыптасып келеді. Болашақ актерлердің алғашқы баспалдағы осы жерден басталады деп білеміз. Өнер көрсеткен барлық студенттерге ризашылық білдіремін, – дейді аталған университеттің өнер және мәдениет кафедрасының меңгерушісі, театр жетекшісі Айгүл Қабиева.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.