Ішетін адам керек

8

– Қалайсың-ей?
Астанада тұратын ағайын ағамыз еді. Амандығының түрі «қалайсың-ейден» аспайтын. Әдетте ағамыз өзіне керек болғанда ғана телефон соғады. Былайғы кезде ол кісімен хабарласу қиын. Әсіресе жолың түсіп Астанаға бара қалсаң, кемінде сегіз мәрте телефон соғып зорға сөйлесесің. Онда да жеңгей екеуі Көкшетауда не «осы қазір ғана Алматыға жетіп, ұшақтан түсіп» жатады. «Адам деген сәл ертерек хабарласу керек қой» деп өзіңді кінәлап жіберетіні тағы бар. Ал ол хабарласқанда тұтқаны көтере алмасаң түп-тұқияныңнан түк қалдырмай боқтап, хабарлама жазады. Шешеден боқтауға аз ғана «правосы» бар ағамыз… қысқасы, сол қоңыраулатып тұр. Демек керек болғаным.
– Ендігі аптада ана қыздың құдалығы. Соған жүресің. Артық ештеңеңнің керегі жоқ. Барып ішіп-жеп, ойнап-күліп қайтсаң болды.
Ағам айтып болғанша «төртіне, Асқардың туған күні, онына қайын жұртта гәп, он бесіне құдамның келін түсіру тойы, жиырма бірдеңесі бажамның баласына той жасайтыны» ғаламат жылдамдықпен санамды тесіп өтіп, көз алдымды бұлдыратып жіберді. «Қара бұқаны сату керек» деген тығырықтан шығар шешім де табан асты табылып жатты.
Мына ағамыздың «ана қызы» өткенде ғана ұзатылған, ол кезде ала сиыр құрбан болған. Енді қарсы жақ құдалыққа шақырып отыр. «Артық ештеңенің керек емесі жақсы екен», өзі артық ештеңе де болмай тұр ғой. Бірдеңесін бермесем де, сонау Астанаға тегін барып келмесім анық. Астанада да біраз ағайындар бар, сонша жерге мені салпақтатпай-ақ қойса да болар еді. Қайтесің енді, қысқасы, қара бұқамен қоштасып, пұлын қалтаға басып, жолға шықтым.
– Барғаннан кейін құдалар жалпақтап күтеді ғой. Ішіп-жеп, ойнап-күліп отырыңдар, – деп жеңгеміз жолда әбден пысықтады, неге екенін кім білсін, маған қайта-қайта ішіп-жеу керектігін нықтап тапсырды. Оншалықты қиындығы жоқ, тегін ішіп-жемнен несін тартынайын, «мақұл» деп сенімді түрде серт бердім.
Барғаннан кейін «жалпақтап» құдалар күте бастады. Байқауымша олар жақта да «ішкізіп-жегізіп жіберу керектігі» жөнінде тапсырма алған екі-үш кісі бар екен. Екі жақтың да тапсырмасы ойдағыдай орындалып, тыңқиып қайттық.
Содан кейін «артық ештеңемді қажет етпейтін, тек ойнап-күліп, ішіп-жеп қайтқанымды ғана керек еткен» біраз құдалыққа барып тастадым. Жылжып жылдар өтіп, менің де қызым ұзатылды. Мен де ел қатарлы құдалыққа адам ертіп баратын күнге жеттім. Бұрын білмейді екем, бұндай кезде басты рөлді автоматты түрде әйелің ойнайды екен ғой.
– Мыналар құдалыққа баратындардың тізімі, қарап шығып, аларыңды ал, қосарыңды қос, – деп алдыма бір парақ тізім тастады. Тізімді жасаған өзі, демек, алып қосатын ешкім болмасы анық, шешімін тауып қойған мәселе ғой, тек, байы болған соң бер жағымен болса да, жөн сұраған түрі де, оған да рахмет. Көз жүгіртіп шығып «болады» дедім, артық сөзімнің артық айқайға ұласатынын білем, бала-шаға өскен соң, әйеліңе де билігің жүрмей қала ма бірдеңе екен ғой өзі, сау басыма сақина тілеп нем бар?! Маған қарағанда қайным белсенділік танытты, «мынаның ішіне ішетін бір-екі кісі қосу керек қой» деп, өзі өз болғалы керемет ақыл айтты. Шынында солай еді. Барғаннан кейін құдалар «жалпақтап» күтеді, тымырайып отырасың ба? Бір ғажабы, қайын жұрттың ең арысы еңбектеген баласына дейін орынды сөйлейді. Менің әйелім менің ағайындарымның ақылынан әйтеуір бір ши шығарып, жаратпай тастайтыны бар, ал төркіні не айтса да мақұл. Оны айтасыз, «соның неғып ойына келмегеніне» таңғалатынын қайтерсіз? Дәл осы ақылды мен айтсам ғой, «ішуден басқаны ойламайтыным» міндетті түрде бетіме басылар еді де… Қысқасы, ішетін адам керек болды.
– Сен ше?
Бұл сұрақты қайныма мен қойдым.
– Өй қой, мынадай ыстықта ішіп өле алмай жүрмін бе?
«Ойбай-ау, күні кеше ғана мен айлық алып, екеуміз ішіп едік қой» деп,… айта алмадым. Күйеу балама телефон соғып ем, тұтқаны қарындасым көтерді.
– Ғабит, құдалыққа бара алмайтын шығар, мазасы болмай жүр. Барғаннан кейін ішіп қояды, мен барамын ғой, – деп алдын ала «тірлігімді бітіріп» тастады. Жездеме қоңырау шалғам, әпкем, «оның соңғы кездері давлениесі көтеріліп жүргенін» айтты. Бір жақын досым ол күні бос емес екен, бажасының туған күні дей ме… О, заманда, бұ заман, ішетін адам табылмағаны сұмдық екен. Мына қиындық шар басыма ақ шаш түсіретін түрі бар, доллар аяқ асты көтерілгенде де бұлай уайымдаған емес ем ше… Құдалыққа баратын он бес адам, оның он екісі әйел, айналдырған үш еркектің бірі өзім ем, ана жақтан қызым «папам, ішпесінші» деп өтініш айтып жіберіпті. Әлемдік дағдарыс менің қиындығымның қасында тезек теріп тентіреп кетті.
– Аманжол ше?…
– Ол өткенде ғана ота жасатып, өтін алдырыпты.
– Мұқан ше?
– Соған хабарласып көрші…
– Мұқан арақ ішпейді ғой, қойғанына бес ай боп қалды, – деді әйелі. Басқасы басқа дәл осы Мұқанды арақ қояды деп ойламаған едім. Әшейінде күн құрғатпай ішіп жүретіндер тура маған келгенде, сүттен ақ, судан таза бола қалғанын қарашы. Құдалыққа ертіп баратын адам табылып тұр, бірақ, ішетін адам табу, судан құрғақ тас іздегендей екен.
– Даниярға айтсақ қайтеді? – дедім, көршім есіме түсіп. «Сасқан үйрек «сальто» істейді» деген осы да.
– Несі бар, құдайы көршіміз, пәлен жылдан бері іш-әй дескен жоқпыз. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» – деп, әйелім күтпеген жерден көңілденіп сала берді.
Сәтін салғанда Данияр үйінен табылып, «ештеңе керек етпейтін, жәй ішіп-жеп қайтуға ғана баратын» сапарға оңай көнді. Бұл мәселе шешілгенімен, орасан зор сұмдығы артында еді. Әйелім құдалар жаққа он бес адам баратынын, кімдер екенін, аты-жөндерін, жас шамаларын, екі әпкесінің қызыма «гарнитур» әпергеніне дейін хабарлап қойған екен. Бір еркек артық, оған кигізетін кит жоспарға енгізілмеген, демек, бір адам қысқару керек.
«Кімді?» деген сұрақ қатыным екеуміздің арамызға от тастап, үшінші дүниежүзілік соғыстың бастауына айналды. Біраз айқайдан соң мен жеңіліс тауып, бір еркек, атап айтқанда «ақыры ішпейтін» туған інім қысқартылып, орнына көршім қосылды. «Мына ыстықта ішсе, өліп қалатын» қайным орнында қалды. Статистика бойынша еркектер әйелдерден онсыз да аз еді, құдалық кезінде мүлде кеміп кетті, енді бір сағат ұрыссақ менің қап кетуім мүмкін болған соң қойдым.
Содан жатып ап, ойға берілдім. Ашығын айтайын, туған інімнің құдалықтан қап кеткенін емес, осы уақытқа дейін «артық ештеңемді керек етпейтін» қанша құдалыққа барғанымды, тізімге қалай ілінгенімді ойладым. Демек, мен… мен бар ғой, «ішетін адам» екенмін… Бас құда, бел құда, тіпті, құда да емес, жай ғана ішетін адам ретінде барған екем ғой….
Ішім ашып қоя берді, әсіресе семіртіп сатсам әжептәуір пұл болатын қара бұқа мен, ала сиырдың тым арзанға кеткені, оның ақшасына сонау Астанаға «ішетін адам» боп қана барғаным есіме түскенде жынданып кете жаздадым. Сол күні қан қысымым көтерілді…

Пернебай САПАР

Шымкент қаласы.

Comments are closed.