Саясат

Орта тапты қалыптастыратын кез келді

Орта тапты қалыптастыратын кез келді

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында кәсіпкерлерге салықтан, тексерістен жеңілдіктер жасау туралы нақты міндеттер қойылды. «Билік неге кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасай береді?» деген сауалды жиі естимін. Шыны солай. Біздің елде кәсіпкерлердің бизнесін дамытуына жеңілдік көп. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлерге даңғыл жол ашылған. Бұл ең алдымен, біздің елімізде биліктің сабақтастығын көрсетеді. Бұдан бұрын жылдар бойы олардың жұмысына тексеру жүргізуге мораторий жарияланғаны белгілі. Бір емес бірнеше рет. Салық төлеуде де әлденеше рет жеңілдіктер қарастырылды. Олардың кәсіпкерлікпен айналысуына кедергі болатындардың бәрін алып тастады. Елбасының Қазақстан халқына арнаған барлық Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамыту тұрақты айтылады, сол бағытта жұмыс жүргізу міндеттеледі. Бұл жағдай Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да көрініс тапты. Неге? Шағын және орта кәсіпкерлік – орта тапты қалыптастырудың негізгі өзегі. Ал қоғамда орта тап басымдылыққа ие болмай, тұрақтылық пен береке орнықпайды. Сонда ғана әлеуметтік әділеттілік салтанат құрады. Осы қағида күнделікті өмірімізге тереңдеп енбей, дәстүрімізге айналмай, мемлекеттің қалыпты дамуының өзегі ынтымақ, береке, ең бастысы тұрақтылыққа қол жеткізу екіталай. Сондықтан кез келген мемлекет ұстанған бағытына қарамай, орта тапты қалыптастыру шараларын жүргізеді. Бізде де солай болды. Тарих – тағылым бұлағы. Сондықтан жүріп өткен жолымызды әр кез еске алып отыру – аса маңызды. Қазақ халқының басына түскен үлкен қасірет ашаршылық – орта тап – орта шаруаны, шағын кәсіпкерлікпен айналысатындарды жоюдың салдарынан болды. Оны дәлелдеп жатудың өзі артық. Көзі қарақты, көкірегі ояу азаматтар 1928-1930 жылдардағы тәркілеудің салдарын жақсы біледі. Бір ғана Меркі ауданында алдыңғы санатпен тәркіленген, жер аударылған, сотталған ірі 23 байдан басқа сол жылдары 300-ден аса орта шаруа мен жеке кәсіпкерді тәркілеп, жер аударған. Соңы орны толмас қайғы, қасіретке әкеп соқты. Орта шаруаны жою ашаршылыққа бастады. Аштық қаншама адамды жалмады десеңізші?! Туған жерін тастап, қарынның қамы мен бастың амандығын ойлап, шетелге көшті, анығын айтқанда, қашты. Сол кезде биліктің залым саясаты орта тапты жою арқылы бүкіл халықты тұқырту, құрту екенін түсінбеу қиын емес. Міне, осы мысалдан-ақ орта тап әлеуметтік әділеттілікті орнықтырушы екенін аңғарасыз. Бұл қағиданы дәлелдеп жатудың өзі орынсыз. Елбасы талай рет осы мәселені қадап айтты, жүзеге асыру туралы Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Шағын және орта бизнесті дамыту ғана орта тапты қалыптастыратындығын талай рет нақтылады. Орта тап – тәуелсіздігіміздің тірегі. Біз үшін тәуелсіздіктен қасиетті, киелі ұғым жоқ. Оны сақтап қалу және баянды ету – әрқайсымыздың басты міндетіміз әрі парызымыз. Елбасы шағын және орта бизнестің дамуына тұрақты түрде назар аударуының сыры осында болса керек. Президенттің Жолдауында бұл мәселе тағы да айрықша айтылып, оны жүзеге асыру жолдары нақтыланды. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін қаржы бөлу, кейбір салықтарды алуды кейінге ысыру, болатын тексерістерді шектеу, тағы да басқа жеңілдіктер айтылды. Оны орындау Үкіметке жүктелді. Қуанатын бір жағдай, шағын және орта кәсіпкерлікті шаруашылықтың барлық саласында дамыту елімізде кең көлемде қолға алынатын болады. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығына жасалынатын қолдаулар көңіл қуантады. Тіпті, осыған дейін ешбір кепілдікке дүние қоймай, шаруасын түзеймін дегенге 3 миллион теңгеге дейін несие беру жүзеге асты. Ендігі жерге ауылға бөлінетін қаржының мақсатты пайдалануын бақылауды күшейту талап етілді. Бұған берілетін субсидияларды қосыңыз. Шағын несие беру жетілдірілетін болады. Жолдау жолдарында бұл міндеттер нақты айтылған. Міне, осының бәрі орта тапты қалыптастыруға, сол арқылы әлеуметтік әділеттіліктің салтанат құруына негіз қалайды. Бұл қағида орнықпаса қоғамда қайшылықтар туындайды. Сондықтан шағын және орта бизнесті дамыту – тәуелсіздігіміздің баянды болуының өзегі. Аталардың арманына айналған Мәңгілік Ел болу үшін Елбасы белгілеген стратегиялық жобаларды жүзеге асыру – аса маңызды. Ең бастысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын жақсартуды басты міндет етіп қойды. Мұның бәрі ұлтты жаңғырту екенін естен шығармауымыз керек. Ұлттың сапасы халықтың рухына байланысты. Оның рухы биік болса уақыттың сынынан, кезеңнің қатерінен аман қалады. Сонда ғана мемлекет алға басады. Бұл мемлекеттің айқындаушы факторы болып қала береді. Міне, сондықтан да орта тапты қалыптастырудағы реформаларды жүзеге асыру еліміз, оның тәуелсіздігі үшін қажет. Тұрақтылықты орнықтыратын орта тапты қалыптастыру бай мен кедейді көбейтпейді, біртектілік салтанат құрады. Жалпы әлемдегі ХХІ ғасырдың басты проблемасы – орта тапты қалыптастыру. Орта табы көп Бразилия, Үндістан, Қытай, ОАР, Египет, Филипин, Вьетнам, Мексика, Индонезия, Иран, Пәкістан сияқты елдерде қалай айтсаңыз да тұрақтылық қалыптасып келеді. Соңғы жылдары орта тап мұсылман елдерінде көбейіп келе жатқаны белгілі. Бұл тапқа дәрігер, мұғалім, мәдениет, құқық қорғау қызметкерлері, инженер-техниктер, шаруа қожалықтарының жетекшілері, шағын және орта бизнес иелері, қоғамның басқа да топтары жатады. Бірақ олар көп емес. Соңғы жылдары Ресейде орта тап азайып кетті деген сөздер жиі айтылуда. Мұны экономистер Ресейде орта таптың азайып кетуі мемлекеттік қызметкерлердің қысқаруымен байланыстырады. Бізде де орта тапты негізінен мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтіндер құрайды. Олар білімді, зиялы топ. Тіпті бұған заңгерлерді де қосуға болады. Нақтылайтын болсақ, тұрақтылық пен берекеге бастайтын топ біздің елде әлі биік сатыға көтеріле қойған жоқ.Оны шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің төмен болуы айғақтайды. Сондықтан да бұл өзекті мәселе Президентті толғандыратыны Жолдау жолдарынан анық байқалды. Сол себепті кәсіпкерлерге деген қамқорлық бұрынғыдан да күшейтілді. Бұл Жолдау әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі екендігін қазақстандықтар жақсы түсінеді. Ендігі жерде кәсіпкерлер мен жаңадан кәсібін ашамын дегендер мемлекет жасаған мүмкіншілікті пайдалана білуі тиіс. Осыны естен шығармағанымыз жөн. Мақұлбек Рысдәулет, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Тараз қаласы.