Саясат

Туризм саласы тоқтаусыз дамуы тиіс

Туризм саласы тоқтаусыз дамуы тиіс

Жыл басынан бері облысқа қанша турист келді? Өңірдегі тарихи орындардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Аймақта осы саланы дамыту бойынша алға қойған қандай мақсат, міндеттер тұр. Бұл жөнінде облыстық туризм басқармасының 9 айда атқарған жұмысы қорытындыланған жиында айтылды.

Жалпы салада оң серпін бар. Облыс әкімдігі тарапынан жыл басында белгіленген 20 индикатордың 19-ына қол жеткізілген. Салаға кәсіпкерлерді тарту арқылы жұмыс орындарын ашу, инвестициялық жоба жасау, адам көп баратын тарихи-мәдени орындардың инфрақұрылымын арттыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілген. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында өңірдің туризм саласын дамыту мәселесі қаралып, онда туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова 9 айдың қортындысы бойынша баяндама жасады. Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында Жамбыл облысында 5 тілдегі аудио және бейне гидтері бар «Taraz Tour» мобильді қосымшасы іске қосылған. Мобильді қосымша әрбір ұялы телефон қолданушыларына қазақ тілімен қатар, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде облысымыздың туристік әлеуеті мен туристік мүмкіндіктері туралы толық ақпарат береді. Сондай-ақ «Taraz Tour» мобильдік қосымшасының екінші кезеңінің толықтыруларына сәйкес, қонақ үйлер мен санаторийлерді, мейрамханаларды брондау қызметі, сондай-ақ Алматы-Тараз және Шымкент-Тараз жолдарында орналасқан қалаға кірер кездегі аркаларда радиотолқындарға арналған ретрансляцияланатын таратқыш орнатылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының бойына 8 сервистік нысан салу көзделген. Жалпы, өңірде республикалық маңызы бар жолдар бойында 61 сервистік нысан орналасса, оның 34-і ұлттық стандартқа сай келмейтіндігі анықталған. Облыс әкімі атқарылған жұмыстардың бар екендігін айта келе, жүзеге асуы тиіс шаруаның да аз еместігін ескертіп, әлемдік деңгейдегі ірі көрмелерге біздің өңір шеберлерінің қатысуына жол ашу, туризм саласын дамытуда ғаламтордың мүмкіндігін кеңінен пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берді. Туристік нысанға баратын жолдарды жөндеу, республикалық мәндегі жол бойында орналасқан қызмет көрсету орталықтарының талапқа сай болуын қадағалау керектігін жеткізді. Алдағы уақытта, сервистік орындардың саны анықталып, оларға тиісті міндеттер жүктелмек.