Саясат

26 елді мекенге ауылдық клуб салу жоспарлануда

26 елді мекенге ауылдық клуб салу жоспарлануда

Аймақ басшысының тапсырмасына орай өткен жылдан бері облыс кітапханалары жанынан 125 цифрландырылған ақпараттық және 21 коворкинг орталығы ашылды. Бүгінде ол орталықтар арқылы ауыл тұрғындары «cao-zhambyl» сайты және egov.kz порталындағы қызмет түрлері арқылы қажетті ақпараттарын алып отыр. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының есепті жиынында толық айтылды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовке аталған басқарманың басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев саладағы жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы баяндады. Ағымдағы жылдың тоғыз айында 76 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылып, жоспар артығымен орындалса, жыл соңына дейін тағы 25 округте осындай ақпараттық орталықтар пайдалануға берілмек. Айта кетейік, есепті мерзімде аталған орталықтар ауылдықтарға 13329 анықтама беріп, сайт арқылы 4826-нан аса сұраныс қанағаттандырылған. Басқарма басшысы елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасына сәйкес 2019-2021 жылдары 26 елді мекенде ауылдық клуб ғимараттарын соғу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге бөлініп, облыстық архивке «Электрондық архив» ақпараттық жүйесі бағдарламасы орнатылыпты. Жиында кітапханалар, театр мен музейлердің жұмыстарын жандандыру мәселелері де көтерілді. Асқар Исабекұлы өңірдегі кітапханалар жұмысын оңтайландыруды, өнер ұжымдарының ауылдық мекендерге гастрольдік сапарларын жүйелі түрде ұйымдастыруды, театр қойылымдарын әлеуметтік желілер арқылы тарата отырып, көрерменнің қызығушылығын арттыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.