Қоғам

Шуда мейрамхана салу бәсекеге айналған

Шуда мейрамхана салу бәсекеге айналған

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен «Елдік елге байланысты» атты облыстық қоғамдық форумда айтылған өзекті ойларды баспасөз беттерінен оқып таныстым. Ондағы ұсыныстарды қолдай отырып, өз ойымды бөліскім келді. Мейрамхана, мейманханасы көп Шуда кәсібін дөңгелетіп бірді екіге, екіні жетіге жеткізіп, бизнесі ата-бабасынан мұра боп қалған өзбектердің өзін ауа қарматып жүрген іскер жандар жеткілікті. «Бәрін айт та, бірін айт» дегендей тіпті мейрамхананың ішіне көлікпен кіріп кететін зәулім ғимарат соғып жатқан мықты жігіттердің ісіне таңдай қағасың. Хош, заман тыныш, еркіндік пен бейбітшілік орнаған еліміздің толайым табыстарын санамалап шығу мүмкін емес. «Әттең-ай» мен «қап» дегізіп жатқан жерлеріміз де бар. Кедейдің күні жамбасын ұрып өкінумен өтетін сияқты. Қазіргі бай-кедей боп қақ жарылған заманда қисынын тауып іс бастап, төңірегіне шарапаты тиіп жатқан жігіттердің саны саусақпен санарлық қана. Жақында кезінде аудандық білім саласында көп жылдар қызмет істеп зейнетке шыққан, күрд халқының өкілі, бір қария біздің ұлттың жігіттерінің ілкімді істерін айта келіп, кемшін тұстарын да қадап-қадап көрсетті. – Сендер, қазақ бауырлар, қызықсыңдар. Біреуің көлік жөндеу шеберханасын ашсаңдар, екіншілерің де соны істейсіңдер. Біреулерің жолдың оң жағынан мейрамхана салсаңдар, екінші ағайын сол жағына мейманхана, дүкен соғады. Қызмет көрсету мекемелерінің санынан жаңыламыз. Ал сүт өңдеу, май шайқау, шұжық жасау, тері илеу, секілді шағын кәсіпкерлік орындарын неге салмайсыңдар? Қажеттінің бәрі бар. Жүнді отқа жағып жатырмыз. Қыс айында сойылған соғымның терілерін тау-тау қылып сыртқа тасудамыз. Елі мен жерінің, ауылының ахуалына шын жаны ашитын адамдар күнделікті пайданы емес, арыдан ойлап төңірегіне шарапаты тиетін кәсіпті неге жандандырмайды? – деді. Рас. Қырық жыл өмірін ұстаздық қызметке арнаған, қазақшаны майын тамызып мақалдап тұрып сөйлейтін қарияның пікіріне бас шұлғығаннан басқа амал таппадым. Тоқсанға келген бір кейуана: – Ойпырмай, заман қандай жақсы. Тойдың түрі көбейіп кетіпті. Бәрі тоқшылықтың арқасы. Жиырма бес жыл бірге, бір әйелмен өмір сүрдім деп те қуанып той жасайды екен-ау, – деп таңғалып отырғанының куәсі болдым. Бұдан ықылым заманның қиыншылығы мен қуанышын көрген апамыздың тәубешіл болмай, кейінгі ұрпақтың әсіреқызылдыққа салынып той қуалағанына онша көңілі толмағаны байқалды. Жақынының қарызын төлеп, демеушілік көрсететін ағайындардың қазіргі кезде тек қарақан басының қамын ойлап, басы ауыратыны шындыққа айналды. Жарайды іскер екенсің, амал есебіңнің пайдасын төңірегіңдегілер де көргені шарт емес пе? Пайғамбарымыздың хадисіндегі бір мысалда қайырымдылықтың зоры өз үмбетінің қиын жағдайдан шығуы үшін жұмыс тауып беру үлкен сауап деуінің астарында зор мағына жатыр емес пе? Әйтпесе алып-сатып сауда жасайтын дүкен ашқаннан көрі қолда бар шикізатты өңдеп, игілікке жарататын кәсіпкерлік шеберхана ашу анағұрлым тиімді екенін бәріміз білеміз. Әрі жұмыс, әрі нәсібің болатын кәсіптің үлкен-кішісі жоқ. Ауданымызда елуден аса мейрамхана, отыздан аса кафе бар екен. Шіркін-ай дейсің ғой. Мол қаражат жұмсап бірінен-бірі озып салынып жатқан соңғы үлгідегі зәулім ғимараттардың иелері «қайтсем пайда табамын» деп емес, «қалай пайдамды тигіземін» деп ойланса талай игілікті іс орындалар еді. Жоғарыдағы айтылған мейрамхана, кафелердің апта сайынғы той-томалағынан бөлек жай күндердің өзінде бос тұрмайтынын көріп жүрміз. Қандас ағайындар тойды қойып, ас беру, жаназа шығарудың өзін салтанатты той үлгісіндей қылып өткізуіне не қуанарыңды не ренжуіңді білмей дал боласың. Жарайды қазір ешкімге «сенің мұның дұрыс емес» деудің өзі – әбестік. Кім болып өмір сүруің өзіңе байланысты. Ысырапшылдықты Пайғамбарымыз да дұрыс көрмеген. Жақында Елбасымыздың өзі отандық өнім мен өндірістегі заттарды көбейту туралы алқалы жиын өткізді. Рас, біздің халық алып-сатуды меңгерді. Ал өздері өндіріп, өз сұранысын өздері қанағаттандыратын күш бола тұра бойкүйездікке салынып, біреудің қаңсығын сатып алып өз халқына әкелуін тиімді нәрсе деуге бола ма? Елімізде кез келген салада, әсіресе ауыл шаруашылығында шикізатымыз көп. Оны өңдеп, ұқсатып жетер жеріне жеткізіп айналымға шығаруға күшіміз де жетеді. Бәрі сол дайынға, арзанға құмарлығымыз өзімізге сор болып жабысуда. «Басты мақсат – халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты жою» деп қадап айқан Елбасымыздың сөзі – елінің қамы. Той тойлаудан түскен табысты «іскерлікпен таптым» деп тоқмейілсуден гөрі ауылдасына пайдасы тиетін жұмыс көзін ашса табыс та мол болары сөзсіз. Кейде ойға қаламын. Жер жоқ емес, бар. Бәленбай гектар жер иемденіп отырған азаматтардың бизнесі сол жерлерін сырттан келгендерге сатып, азын-аулақ ақшаға алданып уақыт өткізуде. Не бірігіп ауқымды іс істемейді, не өзі айтарлықтай іс тындырмайтын ағайындардың тіршілігіне қарадай қарның ашады. Әр жерден бір шошайтып еккен егіні, мал азығына біресе су жеткізе алмайды, болмаса уақытында орып ала алмай рәсуә болады. Айналып келгенде «саусақ бірікпей ине ілікпейді» деген дана халқымыздың нақыл сөзі дәл қазір керек боп тұр. Мемлекетіміз ауыл шаруашылығын қолдап, қаншама қамқорлық жасап жатыр. Шаруасын дөңгелетіп жатқандар бар әрине. Ауыл қазағының психологиясы сол, сәтсіз істеріне кінәні басқадан іздейді. Егемендік алғалы ширек ғасырдан асты. Алғашқы жер иелену басталғанда таласып-тармасып үлеске түскен жерден тиесілі жер көлемін алғандардың әлі күнге шаруалары оңалмай келе жатыр. Оған мен өзім ауылда тұрған соң көзім жетті. Ауылдағы ағайындардың тірлігі «аққу, шортан һәм шаян». Көктемде әйтеуір тырбаңдап дән еккенмен оны суару, ору, шабу жұмыстары кезінде қырықпышақ болады. Жүйе мен реттілік жоқ жерде дау-дамай көп. Қазақтың қанындағы қауіпті вирустың бірі «мен сенен кеммін бе?!» деген кеудемсоқтық пен өзімбілермендік тірліктеріне тұсау болып жатыр. Қос-қостап жеңіл көлік мінсе де, егіс уақытында сандалып соқа-трактор іздеп жүргендерге не деуге болады. Ауылда тұрған соң шаруаңа ыңғайлы техника алсаң өзіңе де, ауылдасыңа да пайдасы тиеді емес пе? Жеке тірліктен гөрі ұжымдасып еткен еңбек өнімді болатынын біле тұра, қу сөзбен дауласып, екпеген егіннің пайдасын күні бұрын есептеп үлестерін бөлісе алмай даурығады. Ұсақ шаруашылықтардың басын қосып ірілендіру жұмыстары мүлде жоқ. Қазіргі заманда жаңа техниканы Үкімет жәрдемімен көпжылдық несиеге алып, жер анамыздың ризығына кенеліп жатқандар аз. Техника күшіне сүйеніп, жаңа инновациялық толағай табыс әкелетін әдіс-тәсілдерді қолдануға қолбайлау болатын нәрсе – ұжымдасып іс қылуға құлықсыздығымыз. Несиенің кепіліне қоятын мүлкі, жері аз, бірақ табыс тапқысы келетін ағайындардың басын біріктіруді ауыл әкімдері ойына да алмайды. Шаруалар бірігудің тиімді екенін білсе де, оларды бір қамшылау керек боп тұр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: жер-су мәселесіне қадағалауды күшейтіп, шаруалардың бей-берекет тіршілігін әкімдік нақты қолға алып, заң аясында іс-шараларды ұйымдастырса табыс та, ырыс та мол болар еді.

Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ, мұғалім.

Шу ауданы.