Игілік кітапханасына бас жүлде бұйырды
Игілік кітапханасына бас жүлде бұйырды
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Игілік ауылдық кітапханасы ұжымы «Ай астындағы кентавр» тақырыбында поэзия кешін өткізген-ді. Ол іс-шараға тарпаң ақын Маралтай Райымбекұлы мен досы Берік Жүсіпов, жазушы Несіпбек Дәутайұлы арнайы келіп, Маралтайдың шығармашылығы жайлы ой толғады. Кітапхана меңгерушісі Ақмарал Бекбергенованың ұйытқы болуымен «Жерлесіммен мақтанамын» онлайн байланыс арқылы алғашқы ұстазы Сақтаған Үмбетованың, құрдасы Гүлбану Маханбетованың қызықты естеліктерін тыңдап, Маралтай ақын ерекше толқыған еді сол кеште. «Бейне поэзия» бөлімінде слайд арқылы ауыл ақсақалы Зауалмахан Абзалбеков, 4 жасар Нұргүл Әбдіқадыр, Жандаулет Асхатұлы ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сол кештің нәтижесінде «Ауылдық кітапхана – жергілікті қоғамдастық орталығы» атты облыстық байқауда креативті, заманауи көзқарас әрі кәсіби шеберлік көрсеткені үшін Игілік ауылдық кітапханасы бас жүлдені иеленді. Кітапхана ұжымына жаңа үлгідегі моноблок тарту етілді.
Айтбала ЖОЛМАХАНОВА, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары.
Сарысу ауданы.