Саясат

Гуманитарлық көмек

Гуманитарлық көмек

Украинадағы ахуалды реттеудің алғы шарты.

Елбасы Минскіде өткен Кеден одағы елдері көшбасшыларының, Украина және Еуропалық Одақ өкілдерінің кездесуіне қатысты. Кездесуге Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Украина Президенті Петр Порошенко және Еуропалық Одақ өкілдері – Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Кэтрин Эштон, энергетика мәселелері жөніндегі комиссар – Гюнтер Эттингер және сауда мәселелері жөніндегі комиссар Карел Де Гюхт қатысты. Жиынға қатысушылар Украина мен Еуропалық Одақ арасында жасалған Қауымдастық туралы келісімді орындау мәселелерін, сондай-ақ, Донбастағы жағдайды тұрақтандыру жолдарын талқылады. Қазақстан Президенті мұндай кездесу өткізудің маңыздылығы мен қажеттігін айтты. – Украинадағы ахуал бір елдің аясынан әлдеқашан асып, халықаралық ауқымға шығып, қатерлі шекке жетті. Жағдайдың бұдан әрі ушығуы өңірлік қана емес, жаһандық ауқымдағы болжаусыз салдарларға соқтыруы мүмкін, бұл бүкіл әлемге қауіпті, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев алға ілгерілеу үшін шешім қабылдаудағы жауапкершіліктің маңызды екенін айтты. – Өзара мәміле мен шегініс болмайынша, қандайда бір нәтижеге жету мүмкін емес. Көп нәрсе Украинаның, Ресей мен Еуропалық одақтың сындарлы ұстанымына байланысты. Біз Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен бірге бастамашылық еткен бүгінгі кездесуге зор мән беріп отырмыз. Бәрі бізді оң нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенеді. Қазақстан өз тарапынан айтарлықтай күш-жігер жұмсады, ұсыныстарын айтты, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы біздің еліміз Украинаның шығысындағы гуманитарлық апатты кідіріссіз шешуге шақыратынын хабарлады. – Қазір ең алдымен Украинаның зардап шеккен халқына ауқымды гуманитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз ету керек. Ресей Федерациясы көмек көрсетуді бастап кетті. Бұл үдеріске Кедендік Одақ, ТМД елдерін қоса алғанда, халықаралық ұйымдар қатысуға тиіс. Біздің еліміз өз тарапынан, соның ішінде Қызыл крест және жарты ай қоғамының қазақстандық бөлімшесінің желісі бойынша қолдан келетін барлық көмекті көрсетуге әзір. Бұл ұйым сондай-ақ, өзге мемлекеттердің гуманитарлық жүктерін жеткізуде бейтарап делдал бола алады. Жалпы алғанда, бүгінде Украинаға гуманитарлық көмек жеткізу ісін жіті халықаралық бақылауды қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан мен қақтығысып отырған тараптарды зардап шеккен адамдарға көмек көрсету кезінде бітім жариялауға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті жанжалды ушықтырмау және дағдарыстан шығудың күш қолдану амалдарынан бас тарту қажеттігін де атап өтті. – Арада бітім кезеңі қажет, бұл әскери-саяси текетірес тұтқынына айналған бейбіт халықтың өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді. Біз зорлық-зомбылықты айыптаймыз. Тараптарды оқ атуды дереу тоқтатуға шақырамыз. Бұл үдеріске халықаралық келісімдердің сақталуының кепілі бола алатын ЕҚЫҰ белсене атсалысуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев санкциялық текетіресті доғарудың маңыздылығын айтты. Мемлекет басшысы кездесуде Украина мен ЕО арасындағы қауымдастық туралы келісім-шартты талқылау ниетін Қазақстанның құптайтынын мәлімдеді. Қазақстан Президенті бұл кездесу өңірдегі ең ауқымды дағдарысты еңсерудің оңтайлы жолын табу үшін бірегей мүмкіндік екеніне назар аудартты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев басталған диалог Украина мен жалпы өңірдегі ахуалды тұрақтандыруға қызмет етеді деген үмітін білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының президенттерімен кездесті. Үш мемлекеттің көшбасшылары Украина Президенті мен Еуропалық одақ өкілдерінің қатысуымен өткен кездесудің қорытындысын талқылады. Президенттер Украинадағы ахуалды тездетіп реттеуге бағытталған күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшылары Кедендік одақ пен 2015 жылы іске кірісетін Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың басымдыққа ие бағыттарын қарастырды.

Қолдағаны үшін алғыс білдірді

Украина Президенті Петр Порошенко Минскіде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде украиндық-қазақстандық қатынастардың көптеген салада келешегі зор екеніне сенім білдірді. Украина Президенті Донбастағы бейбітшілікті қалпына келтіруге бағытталған Украина-ЕО-«Еуразиялық үштік» форматында өткен кездесуге үлкен сенім артатынын атап өтті. Петр Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевқа Украинаны қолдағаны үшін алғыс сезімін білдірді. «Сіздің нық қағидатты ұстанымыңызды білемін. Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, бейбітшілік орнату мәселесінде шешімді әрекетіңіз бен қолдауыңыз үшін алғысым шексіз», – деді Украина Президенті өз сөзінде.