Тәжірибе алмасты
Тәжірибе алмасты
Меркі ауданында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен ішкі саясат мәселелеріне арналған семинар-тренинг болып өтті. Оған облыс әкімдігі басқармаларының қызметкерлері, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен бас мамандары, мемлекеттік органдардың веб-порталдарына жауапты мамандары қатысты. Басқосуды ашқан облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов іс-шараның бағдарламасымен таныстырып, семинар бағдарламасын игеру тыңдаушыларға ішкі саясат саласындағы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтып өтті.
Екі күндік семинар-тренинг барысында «Нұр Отан» партиясының Талдау, болжау және әлеуметтік бастамалар орталығының жетекшісі, академик, профессор, философия ғылымдарының докторы Қазбек Қаскенов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты –Талғат Жақиянов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы Бақыт Бұқарбаев, «Исследование агрессивных культов» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Таңжарық Тұрғанқұлов дәрістер оқыды. Сонымен қатар, іс-шараның екінші күні облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының бөлім басшылары өз салалары бойынша өзекті мәселелерге тоқталып, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ішкі саясат бөлімдерінің басшыларымен тәжірибе алмасты.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Меркі ауданы.