Саясат

Батыл қадам басымдыққа жеткізеді

Батыл қадам басымдыққа жеткізеді

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елімізде көптеген құрылымдық өзгерістер орын алды. Батыл реформалар табысты жүзеге асып, үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. Алайда заман көшінен қалмау үшін бағыт-бағдарымыздан айнымай, келешекке қарай әлі де сенімді қадамдар жасауға тиіспіз. Осы тұрғыдан алғанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында алға қойылған міндеттер мен мақсаттар бүгінгі күнге дейін атқарылған іргелі істердің заңды жалғасы. Мемлекет басшысының Жолдауы мемлекетіміз үшін стратегиялық сипатқа ие. Бұл құжатта ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді шаралар кеңінен қамтылған. Әлемдік деңгейдегі жаңа жаһандық талаптарды назардан тыс қалдырмаған. Негізгі басымдықтар қазіргі кездегі халықтың ішкі әлеуетін күшейте түсу жолындағы кезек күттірмейтін мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орнықты экономикалық өсімге, ел экономикасын қайта жаңғыртуға, кәсіпкерлік ортаны жақсартуға, тұрғындардың тұрмысын арттыруға, сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нәтижелі жұмыс жүргізуге бағытталған басымдықтарды нақты атап көрсетті. Жолдауда айтылғандай, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, құрылыс, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес сынды салаларды дамыту жолындағы бастамалар еліміздің экономикасын алға сүйрейтіні анық. Елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі саналатын агроөнеркәсіп кешінінің ел экономикасы үшін үлкен маңызға ие екендігі кейінгі жылдары айқын байқалуда. Осыған байланысты, алдағы уақытта бұл саланы одан әрі ілгерілету көзделуде. Өңірлердегі кооперативтердің жұмысын ширату, шикізатты тереңдетіп өңдеу әрі оны сақтау арқылы сапасын жақсарту, өзге мемлекетке тасымалдау мен өткізу, егістік алқаптарын ұлғайту, асыраушы саладағы ғылыми- зерттеулерге инвестицияны барынша көп бөлу сынды нақты шаралар агроөнеркәсіптің әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыруға едәуір ықпал етеді деп ойлаймын. Бүгіннің өзінде еліміз ауыл шаруашылығы секторының әлеуеті бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі саналатынын айта кеткен жөн. Сондықтан шаруаларға барынша қолдау білдіру керек. Президент халыққа жолдаған Жолдауында еліміздің бүгінгі кезеңдегі даму жолын зерделеп, оның сан қырлы салаларын жоспарлы түрде жаңғырту мәселесіне мән беруде. Жасыратыны жоқ, әр мемлекет әрқилы даму сатыларынан өтті, сондай-ақ әр елдің өзіне ғана тән қиындықтары, бой алдырмас соқпақтары да болады. Олардың жүрген жолдарына, әлеуметтік тәжірибесіне назар аударғанымызбен, өзіміздің сара жолымызды салғанымыз әлдеқайда тиімді. Елбасы салған сара жол мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанған саясаты арасындағы сабақтастық біздің таңдауымыздың дұрыстығын көрсетеді. Соның арқасында Қазақстанды өзіндік бағыт-бағдары айқын ел ретінде әлем мойындады. Оған қоғамымызда соңғы жылдары белсенді түрде жасалып жатқан көптеген мемлекеттік реформалар мысал. Осы бағытта атқарылып жатқан шаралардың барлығы жаһандық дағдарыстан өту үшін жасалған батыл қадамдар. Мәселен, Елбасының ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары әлеуметтік мәселелермен қатар, мемлекеттік аппарат құрылымын уақыт ағымына сай қайта жаңғыртуға көп көмектескенін айта кету керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауы да алдағы қиындықтар мен түйкілдердің оң бағытта шешілуіне сеп боларына сенімдімін. Стратегиялық маңызы бар құжатта Мемлекет басшысы «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деді. Жұрттың көкейінде жүрген, қордаланып қалған бірқатар мәселелерді қаузады және оларды шешу жолдарын ұсынды. Міне, осы арқылы біз Президенттің заман талабына сай зайырлы мемлекет құруға деген бетбұрысын бірден байқадық. Сонымен бірге, елдің дамуына қатысты жеке көзқарасын көпшілікпен бөлісуі оның халықпен ниеттес екенін бірден аңғартты. Қалай десек те, бүгінгі заманның сан астарлы талабы мен сын қатерлері біздің елді де айналып өтпейді. Біз де әлемдік дамудың, жаһандану үдерістерінің шеңберіндеміз. Сондықтан әруақытта өзіміздің ұлттық келбетімізді, рухани мәдениетімізді жоғалтпай, кемелдене түсуіміз қажет. Ол үшін ел Президентінің Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді қауым болып жүзеге асырып, қолдау білдіруіміз керек.

Найман СҰЛТАНБАЕВ, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары.

Шу ауданы.