Көне шаһар музейіндегі «мың бір түн»
Көне шаһар музейіндегі «мың бір түн»
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="109301,109302,109303"]
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени қорық-музейі ұжымының ұйытқы болуымен «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Көне шаһардағы мың бір түн» атты музей түні іс-шарасы өтті. Оған қала тұрғындары түн ауғанша келіп жатты. Іс-шараның ашылу салтанатында «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени қорық музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев кіріспе сөз сөйлеп, келушілерге ризашылығын жеткізді. Тарихтан тамыр тартқан жәдігерлерді жұртшылық қызыға тамашалады. Әсіресе түрлі театрландырылған қойылымдар жұртшылықтың жүрегіне жетті. Өйткені онда да тарихтың таңбасы бар. Бұдан соң облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сайлаухан Ашанов, «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкері Бақытбек Қасымов, «Таңбалы» мемлекеттік қорық-музейінің қызметкері Қуаныш Нұрмақсұтов сынды азаматтар жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға көңілдері толғанын жеткізіп, алғыстарын айтты. «Музей түні» театрландырылған қойылымының бағдарламасына аңсары ауған келушілер бұл күні көпестер мен қолөнер шеберлері орналасқан қалашыққа сапар шегіп, Қарахан мен Айша бибінің тарихына үңілді. Музей кеңістігіндегі қайта жанданған тарихи тұлғалармен бір қатарда жүріп, түрлі түсті инсталляция аясында естелік фотоға түсті. Осылайша шаһардың өткенінен мол мәлімет алды. Кешкі сағат 20:00 мен 03:00 аралығын қамтыған іс-шараға үш мыңнан астам адам келгенін айта кеткен ләзім. Осынау іс-шараға аса белсенділікпен қатысқан азаматтар соңыра Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Осы іс-шара өтеді дегенді естігелі күтіп жүрдім. Іңір түсе сала осында келдім. Өйткені бұрын да «Музей түніне» барып, тамашалап жүретінмін. Тарихтың терең қатпарына сүңгіп, кеңінен таныса түскен өзіме қатты ұнайды. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым зор. Бәрі жоғары деңгейде өткені анық. Арнайы келіп тамашалаған азаматтардың барлығы зор әсерге бөленді деп ойлаймын. Театрландырылған қойылымдар шынайы шықты десем, еш артық етпес. Дәстүрге айналған бұл іс-шара алдағы жылдарда да өтіп тұрса екен деген тілегім бар. Себебі біздің Тараз – тарихтың өзі, ғасырлардың көзі. Тараз халқы қашанда тарихымен мақтанады. Ол – заңдылық. Ал «Музей түні» сол тарихпен таныса түсуге берілген тамаша бір мүмкіндік деп білемін», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Қуаныш Нұрхатұлы. Иә, түрлі форматта өткізіліп келе жатқан «Музей түні» іс-шарасы қаланың арғы-бергі тарихына аңсары ауған азаматтардың үлкен олжасына айналып үлгергені талас тудырмайды. Соңғы жылдары «Музей түнін» тамашалаушылардың аудиториясы кәдімгідей қалыптасып үлгерді. Бұл – жүйелі жұмыстың жемісі. Өйткені мұндағы археологиялық көрме, кәдесыйлар мен қолөнершілер, суретшілер қолынан шыққан көркемөнер бұйымдары, түрлі форматтағы ойын-сауық бағдарламалары іс-шараның ерекшелігін айқындап тұрады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Суреттерді түсірген: Ақәділ РЫСМАХАН.