Жайлаукөлді араб ителгісі жерсініп кетті
Жайлаукөлді араб ителгісі жерсініп кетті
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="109293,109294,109295,109296,109297,109298"] «Мойныңдағы тұмарыңдай табиғат, тозсаң егер тозатының ақиқат» дейді қазақ даналығы. Расында Ұлы Даланың ұлы мұрасы табиғат ананың төл тумаларын қорып, күтіп-ұстау әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Десе де бүгінде оңай олжаға кенеліп, заңсыз аң аулауға құмартқандардың қарасы қалың. Олармен мемлекет күресудей күресіп жатыр, бірақ браконьерлердің саны көбеймесе, азаймағаны тағы хақ. Бұл тұста қорықшылардың еңбегіне баға жетпейтіні даусыз. Түн ұйқысын төрт бөліп, әрбір аң мен құсқа төл баласындай қарайтын қорықшылардың қырағы қызметі сөзсіз ерлік. Қыркүйек айында ашылған күзгі-қысқы аң аулау маусымына орай Сарысу ауданындағы ең үлкен «Жайлаукөл» аңшылық шаруашылығына арнайы атбасын бұрып, қорықшылардың адал еңбегіне тағы бір мәрте куә болып қайтқан едік. Облысымыздағы сайын даланың 210702 гектар алқабын алып жатқан ең ірі аңшылық шаруашылығы «Агентство Миллениум Сокол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарауында. Биылғы аңшылық маусымына ағылған аңшылардың санында есеп жоқ. Әрбір тұстан «гүрс» етіп атылған мылтықтың үні дала төсінен сәт сайын естіліп тұр. Ал ең бастысы, мұнда заңсыз аң аулап жатқан жан көзге түспейді. Бәрінің қолында аңшылыққа берілетін рұқсатнама қағазы бар. Олардың қайсысына жолықсаң да бірін-бірі аңшылық науқанының ашылуымен құттықтап, алғашқы олжаларынан дәм татуға дастарқанға шақыруда. Бір сөзбен айтқанда, Жайлаукөл жағасын ерекше күйге бөлеген мерекелік күй. Алматы қаласынан аңшылық науқанына арнайы ат арытып келген Клим Магай да достарымен жүр. – Аңшылықпен айналысып жүргеніме 30 жылға жуықтады. Жылда аңшылық маусымы ашылғанда достарыммен Жайлаукөл жағасына келіп тынығамын. Аңшылық жасауға берілетін жолдама қағазының құнын төлеп, бәрін заң шеңберінде рәсімдегенмін. Сондықтан шатырымызды тігіп, қонақтарымызды қарсы алаудамыз. Бүгінгі олжаға көңілім толады. Бес үйрек аттым. Әркімнің нәсібесі өзіне. Бірақ бүгінде браконьерлердің көбейгені рас. Олардың қолымен табиғат анаға қанша зиян келіп жатыр. Сондықтан мен барша қазақстандықтарды заңды аң аулауға шақырамын, – деді ол. Бұл күні аңшылардың аяқ алысын қорықшылар да қырағы бақылап отырды. Әрбір аңшының рұқсат қағазын тексеріп, заңсыздыққа жол берілмеді. «Жайлаукөл» аң шаруашылығының директоры Еркін Оспановтың айтуынша, аңшылық маусымынан бөлек бұл олардың күнделікті жасайтын жұмысы екен. – Аң шаруашылығы 2013 жылы облыс әкімінің шешімімен құрылған. Бұл – өңірдегі ең үлкен шаруашылық саналады. Бүгінгі таңда шаруашылық Жайлаукөл ауылдық округінің аумағында орналасқан. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген және аң аулауға болатын аң-құстар өте көп. Сонымен қатар бұл бүгінгі таңда облыстағы өз тәлімбағы бар жалғыз шаруашылық. Ол Елбасының пәрменімен құрылған болатын. Мұнда ителгі өсіру жұмыстары басталды. Қанаты қатқан құстардың 30 пайызы еркіндікке жіберіліп отырады. Ондағы мақсат – соңғы кезде жойылып бара жатқан аң-құс түрлерін көбейту, демалушыларға жағдай жасау. Сонымен бірге заңсыз аң аулауға, броконьерлік іс-әрекетке қарсы қызмет етеміз. Мамандарымыз қажетті техника, қару және автокөліктерімен қамтылған. Аумақ үлкен болғандықтан қоршаған ортаны қорғау, қадағалау басты орында. Әрбір елді мекендерде бақылау кардондары орналасқан. Мамандарымыз күндіз-түні өртке, броконьерлік әрекетке қарсы іс-қимылға әрдайым сақадай сай тұрады. Әрбір адамның міндеті елін, жерін қорғау. Сондықтан бұл біздің тек кәсіби міндетіміз ғана емес, азаматтық борышымыз, перзенттік парызымыз. Биыл шаруашылық аумағында заңсыздық орын алған жоқ. Аңшылық билеттерін екі үш жерде сатуды қолға алып отырмыз. Талап бойынша тек рұқсат етілген аумақтарда ғана аң ауланады. Былтырмен салыстырғанда биыл аңшылардың белсенділігі жоғары. Халық көптеп келіп демалуда. Сонымен қатар тәлімбақты үлкейтіп, ел аумағында аулауға рұқсат етілген құстардың түрін өсіріп, көбейтіп, еркіндікке жіберсек деген жоспарымыз да бар. «Қызыл кітапқа» енген құстарды да көбейтуге атсалыспақпыз. Шаруашылықта орнитолог, дәрігерлер де жұмыс жасайды. Себебі құстар басқа жыртқыштармен арпалыс кезінде зақым алып қалады. Яғни құс емдеу жағы да қолға алынған. Қорыта айтқанда, әлі де тәлімбақтың әлеуетін арттыруға болады, – деді Е.Оспанов. Аң шаруашылығы аумағындағы назарымызға ерекше ілінгені ителгі құсын өсіріп отырған тәлімбақ болды. Оның жұмысы жайлы «Агентство Миллениум Сокол» ЖШС-ның бас директоры Мохаммад Ахмад Мұстафа айтып берді.
– Жалпы «Агентство Миллениум Сокол» серіктестігі 80 пайыз Біріккен Араб Әмірлігінен қаржыландырылуда. Демеушіміз Араб мемлекетінің шейхі. Тұқымы жойылып бара жатқан ителгінің алғашқысын да үш жыл бұрын Араб Әмірлігінен әкелдік. Бірінші жылдары құстар жерсінбей балапан баспады. Биыл бір құсымыз балапан басуда. Негізі ителгі өте сезімтал құс. Егер бірдеңеден үрейленсе, өз балапандарын өздері шайнап тастайды. Сондықтан қазір балапан басып жатқан құсқа арнайы бір маманымыз тамағын беріп, күтімін жасауда. Тәлімбақта бүгінгі күнге 60-қа жуық ителгі бапталуда. Оларға қажетті қораны жасақтап, ұшуға қолайлы аумақты да әзірледік. Біздегі бір мәселе жарықтандыру болып тұр. Күн сәулесінен электр жарығын алатын қондырғыларға сенім жоқ. Сондықтан осы мәселе қос бүйірден қысуда. Одан бөлек, қанша тереңдетіп қазсақ та жерден тәтті су шығара алмадық. Бұл мәселені шешуге жергілікті билік тарапынан қолдау болса деген өтінішім бар. Бұдан бөлек, «Қызыл кітапқа» енген дуадақ құсын өсіруді де қолға алуды жоспарлаудамыз. Бірақ инкубаторға салатын құс жұмыртқасы болмай тұр. Бұл мәселені де көтеріп, Үкіметке талай мәрте хат жаздық. Егер мемлекет дуадақ жұмыртқасымен қамтамасыз етіп берсе, ол құстың да санын еселеп өсірер едік, – деді ол. Иә, серіктестік директорының сұранысы орынсыз дей алмаспыз. Себебі тұқымы күрт сиреп бара жатқан құстарды өсіруге құлық танытып отырған азаматтар барда, оларға барынша қолдау көрсету керек сияқты. Жалпы, Мохаммад Мұстафаның айтуынша, ителгі құсы Біріккен Араб Әмірлігінде ерекше бағаланады екен. Бір құс үшін араб шейхтары миллион долларға дейін шығындалуға дайын көрінеді. Олар құстарды сатып алмай, тарту ретінде берген жанға қазақы салт-сынды миллион долларын көрімдік ретінде үлестіреді. «Тағы бір қызықты жайт, ителгі құсының әрбір қауырсынына арабтар айрықша мән береді», – деді Мохаммад. – Сіздерге өтірік, маған шын, егер ителгінің көзінің тұсында домалақ емес, төмен қарай сырғыған сызық болса араб шейхтары ол құсты көк тиынға бағаламайды. Себебі төмен түскен қара сызық олар үшін көздің жасын білдіреді. Ал дөңгелек қара оймақ көздің айналасында болса, ол шейхтар үшін құстың тектілігін аңғартады. Егер құстың қауырсыны әппақ болып, төс жағында бір-екі қара дақ болса, оны да шейхтар құс ретінде көрмейді. Өз басым олар соның бәріне қалай мән беріп, ажырата алып жатқанын түсінбей қойдым. Арабтар құстың қасиеті мен киесін терең түсінетін халық екеніне көзім жетті. Сондықтан қазір әрбір құстың қауырсынына, болмыс, бітіміне ерекше мән беріп жатырмыз. Құстардың қанаты қатайғанда оның 30 пайызын бостандыққа жібереміз, қалған құстарды одан әрі көбейту бағытында жұмыс жасай бермекпіз. Серіктестіктің демеушісі араб шейхінің Қазақстаннан бөлек, бірнеше мемлекетте тәлімбағы бар. Онда әлемдегі ең сирек кездесетін құстар мен аңдар өсіріліп жатыр, – деді ол. Серіктестіктің жұмысы жайлы Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек те хабардар екен. Аудан басшысы «Агентство Миллениум Сокол» серіктестігін аралап көргенін және барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Әрине, бұл Әулиеата жері үшін ғана емес, бүкіл мемлекетімізге үлкен олжа. Себебі тәлімбақта өсіріліп жатқан құстардың 30 пайызы бостандыққа жіберілетінін ескерсек, ертең ителгілердің саны қазақтың сайын даласында көбейеді деген сөз. Сондықтан негізгі демеушісі Араб Әмірлігінде болса да, бұл қожалыққа қолдан келген қолдауды аямау керек сияқты.
Саятхан САТЫЛҒАНОВ, журналист.
Сарысу ауданы.