Қоғам

«Талас тынысы» газетіне – 85 жыл

«Талас тынысы» газетіне – 85 жыл

Жалпы, халық рухын оятудың бірден-бір құралы, ол – ел арасында ресми түрде кең таралатын, ұлттық идеяны насихаттаудың басты құралы саналатын газет ісін ұйымдастыру екендігі баршаға мәлім. Осыған орай кезінде Ахмет Байтұрсынов «Баспасөз – халықтың көзі, құлағы және тілі», ал Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп мұның дәлме-дәл анықтамасын да берген-ді. Алғаш оқырмандары қолына тиген күннен бергі уақыт ішінде «Жұмысшы», «Колхозшы», «Екпінді колхозшы», «Ленин жолы» атауларымен үзіліссіз жарық көріп келе жатқан бүгінгі Талас аудандық «Талас тынысы» газеті тағылымды жолдардан өтіп, шын мәніндегі аудан тарихының шежірешісіне, руханият шырақшысына айналып отыр. Ағымдағы жылдың 1 қазаны күні аталған басылымның шыға бастағанына 85 жыл толды. Абыздық жасқа жеткен газеттің мерейтойына орай аудан әкімі Досмаханбет Әлиев бастаған, құрамында аудан әкімінің орынбасары Қадірбек Садубаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы, ауданның Құрметті азаматы Жұмабек Әсемов, Қаратау қаласының әкімі Қайрат Серімов бар топ арнайы барып, редакция ұжымын газеттің мерейтойымен құттықтады. – «Талас тынысы» – аудан жұртшылығына сан саладағы жаңалықтар мен түрлі оқиғаларды дер кезінде жеткізіп, мағыналы да мазмұнды мақалалары арқылы жас ұрпақты елді, жерді сүюге, тілімізді құрметтеуге, адамгершілік әдептеріне тәрбиелеп, олардың ұлтжанды азамат болып қалыптасуына зор ықпал етіп отыр, – деп атап өтті Досмаханбет Қасымұлы. Бұдан кейін Б. Көлбаев аудан ардагерлері атынан құттықтау тілегін жеткізді. Соңынан редакция ұжымына аудан әкімі тарапынан түрлі түсті теледидар тарту етілді.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Талас ауданы.