- Advertisement -

Дәстүрлі діни құндылықтар насихатталды

23

- Advertisement -

Бүгінде елімізде экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты біршама тәжірибе мен біліктілік базасы жинақталған. Ол ең алдымен алдын алу шараларын жүргізу, халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру, түрлі радикалды идеологиялардың ықпалына төтеп беретін рухани иммунитетті қалыптастыру жұмыстарынан тұрады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» – деп айтылғандай, жастар арасында идеологиялық, рухани-тәрбиелік жұмыстар тиімді жүргізілуі қажет.

Бүгінде жастарға ең қажетті нәрсе – ол ұлттық тәрбие. «Рухани жаңғыру» мақаласы да жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Егер жастар ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, онда өзге діни ағымдардың ықпалымен адаса бастайды.
Облыс әкімдігі дін істері басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «ХХI ғасырдағы Қазақстандағы дін» кіші жобасын іске асыру үшін Талас ауданында кешенді алдын алу іс-шаралар өткізді. Қаратау қаласындағы «Авангард» кинотеатрында, аудандық «Қаратау» және «Әбдібай ата» мешіттерінде өткен кешенді іс-шараларға лектор ретінде елімізге танымал дінтанушы, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының, республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі Нұрболат Дүйсебаев қатысты. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру, қоғамда деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитетті, радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, жастардың дінтанулық сауаттылығын көтеру бағытында аудан тұрғындарына, оның ішінде жастарға, мешіт жамағатына, түрлі сала қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, дәстүрлі діни құндылықтар насихатталды.
Сонымен қатар аудан орталығындағы «Авангард» кинотеатрында жастар арасында Отанға деген патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында белгілі кинорежиссер Серікбол Өтепбергеновтің «Шестой пост» фильмі көрсетілді. Аудан тұрғындарына дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптейтін, теріс пиғылды діни ағымдардың әрекетін әшкерелейтін ақпараттық материалдар, флаерлер таратылды.
– Рухани жаңғыру идеясы бүгінгі уақыт талабынан туындап отырған мәселе. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық үндеуіне үлес қосу мақсатында, облыс әкімдігінің дін істері басқармасы «Туған жер» бағдарламасы аясында 2018-2020 жылдарға арналған «ХХI ғасырдағы Қазақстандағы дін» атты кіші жобасын әзірледі. Аталған жобаның мақсаты – дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту бойынша жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының күшін топтастыруға, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ерекшеліктеріне негізделген мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастардың қазақстандық моделін одан әрі дамытудың бағыт-бағдарын тұжырымдауға, діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алуға арналған. Кіші жобаның бастамасы ретінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «ХХI ғасырдағы Қазақстандағы дін» тақырыбында облыстық форум өтті. Екінші кезеңінде 2018 жылдың екінші тоқсаны мен 2020 жылдың үшінші тоқсаны аралығында Тараз қаласы мен барлық аудандарда кезең-кезеңімен деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алу кешенді шаралары өткізіледі. Сондай-ақ келесі жылы, яғни 2020 жылдың қазан айында «ХХI ғасырдағы Қазақстандағы дін» тақырыбында қорытынды конференция ұйымдастырылады, – дейді бүгінде жүзеге асырылып жатқан кіші жобаның мақсаты жайлы облыс әкімдігінің дін істері басқармасының бас маманы Самғат Мутанов.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support