Денсаулық

«Яндекс» компаниясы жұмысқа шақырған қазақ баласы

«Яндекс» компаниясы жұмысқа шақырған қазақ баласы

Дастан Айтбай – Мəскеудегі «Яндекс» компаниясынан шақырту алған жас өнертапқыш. Ол осы күнге дейін екі жоба ойлап тапқан. Бірі – «Кафка», екіншісі – safe headphones, яғни қауіпсіз құлаққап. Екеуі де бүгінгі таңда сұранысқа ие болды.

Әсіресе «Кафка» жобасы көптің көңілінен шыққан. «Яндекс» компаниясы осы жобасы арқылы оны жұмысқа шақырыпты. «Биыл көктемде Alma Мanagement University ұйымдастыруымен өткен сайыста «Кафканы» қорғап, ақпараттық технология саласында өзекті тақырып екенін талдап, өзіндік жүйеге келтіру жайлы ұсыныс айттым. Сөйтіп, ақпараттық қауіпсіздікті сақтаудың жаңа формасын құрастырдық. Франц Кафка – шетелдің классик жазушысы. Даңқты қаламгердің өмірлік ұстанымын негізге алып, жобамды «Кафка» деп атадым. Жобаның басты ерекшелігі – хакерге шабуыл тізбегін кері қайтарып, өзін əлсіздендіреді. Яғни жіберілген вирус бұрынғы «ұясына» барып, арқалап келген жүгі арқылы өзін-өзі жойып жібереді. Мысалы, кейбір мессенжерді бұзып, қайта қалпына келтіруге болады. Бұл жоба түрлі вирустың таралуына кедергі келтіреді. Елордада Astana Hub ғимаратында сингапурлық инвесторлардың алдында ағылшын тілінде қорғадық. Қазір бұл жоба жұмыс істеп тұр. Сингапурда жалақыға дейінгі ақша беретін онлайн қаржы ұйымы бар. Соның базасының қауіпсіздігіне жауап береді. Қауіпсіз құлаққаптың арқасында 300 мың теңге сыйақы алдым. «Кафка» жобасы Alma Мanagement University грантын жеңіп алды. Шетел жаңалықтарына мəн берсек, «хакерлер 2 миллиард АҚШ долларын ұрлапты» немесе «ЦРУ базасына шабуыл жасалды» дегенді жиі естиміз. Мұның барлығы АҚШ-та хакерлік жүйе жақсы дамығанын аңғартады. Сайттың жұмысына кедергі келтіру немесе жою өнер емес, керісінше, нағыз қылмыс. Тіпті өзге мемлекеттерде хакерді сайтты бұзғаны үшін 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Біздің жас мемлекетіміз мұндай дəрежеге жеткен жоқ. Өйткені бізде мықты хакерлер жоқтың қасы. Ал біздің мақсат – осындай хакерлік қылмысқа қарсы тұру. Осы тұста C++sharp тілінде бағдарлама негізінде сайт жасаған абзал. Өйткені бұл тіл қауіпсіз əрі қиын тілдің бірі», – дейді қызылордалық жас өнертапқыш. Оның айтуынша, «Құлаққап» жобасы қоғамдағы жасөспірімдердің құлаққап киіп алып, оқыс оқиғаларға тап болуынан туған идея екен. Жаңа ойлап табылған құлаққаптың ішіне қауіпсіздік сигналы орнатылған. «Көп қабатты үйдің подъезіне кіргенде жарық жанады ғой. Ол қауіпсіздік үшін орнатылған құрылғы. Бұл құлаққап та сондай, жол полициясы, жедел жəрдем қызметтерінің сигналы естілгенде құлаққаптағы əуен автоматты түрде тоқтайды. Менің жеке жобам емес, командаммен жасадық. Жастардан құралған ІТ командамыз бар. Мұндай құлаққап 15 метр қашықтықтан көлік дабылын естиді. Сондай-ақ осындай қашықтықта музыканы да қабылдауға шамасы бар. Əзірге құлаққаптың бір ғана данасы жасалды. Алдағы уақытта оны көбейтуге ұсыныс түсіп жатыр», – дейді Дастан. Ал «Яндекс» компаниясының жазғы тəжірибе алмасу мектебіне жас ІТ мамандарын шақыруын оқып, барып, емтихандарынан сүрінбей өткен. «Яндекстің» жұмысқа қабылдау туралы жеке парақшасы бар екен. Бекітілген талаптарына сай болсаң, өздері хабарласып жұмыс ұсынады. Мен барлық талабына сай келдім. Программалау тілі мен ағылшын тілін жетік меңгеру секілді талаптарынан сүрінбедім. Сингапурдан алған куəлік пен лицензиямды өткіздім. Маған хабарласып, «дəл сендей мамандарды іздедік» дегенде қатты қуандым. Қазір Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде электронды журналистика факультетінің 4-курс студентімін. Ақпараттың қауіпсіздігіне жауап беремін. Дипломымды алғаннан кейін бір жылға Мəскеуге кетемін. Ол жақ ұнаса, келісімшартты созамын», – деген өнертапқышқа сәттілік тіледік.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА.